«Республика» қаржы холдингі бір құнды қағазын 1,5 мың теңге деп бағалап, 100 мың жай акция орналастырды. Акцияны сатып алудың басым құқығы компанияның акционерлері – бизнесмен Еркін Көшкінбаев пен оның Successful Investment Trust фирмасына тиесілі. Эмиссияға дейінгі ақпарат Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланды.
12 желтоқсанда компанияның директорлар кеңесі карапайым акцияларды орналастыру туралы шешім қабылдап, компанияның құнды қағаздары биржада листинг рәсімінен өткен. 22 желтоқсанда «Республика» қаржы холдингінің 49 мың қарапайым акциясын сатып алу бойынша сауда-саттық шаралары өтті. Алайда қағаздарды сол күні-ақ компанияның өзі 519,4 млн теңгеге сатып алған.
Эмиссияға дейін биржада орналасқан 3 млн акцияның ішінде 1,45 млн қарапайым акция болған. Компания акцияларының нарықтағы жалпы құны 15,9 млрд теңгені (34,61 млн доллар) құрайды. Акциялардың негізгі үлескері (89,99%) кәсіпкер Еркін Көшкінбаев, ал қалған 10% үлесі Successful Investment Trust иелігінде. Алайда түптеп келгенде бұл компанияның да бенефициары Көшкінбаевтың өзі. Холдинг YURTA брендімен қызмет көрсетеді. Қаржылық технологияларға арналған ақпараттық жүйелерді енгізу және дамыту, электрондық төлемдерді жүргізу, тұрғын үй-коммуналдық және басқа да қызмет түрлері бойынша төлем құжаттарын басып шығару, жеткізу және өңдеу, сондай-ақ, инвестициялық қызметтерді көрсетеді.
Қаржы холдингінің басқарма төрағасы – Александр Манаенко. 2023 жылдың сәуіріне дейін ол бес адаммен бірге акционер болып тіркелген RESMI тобындағы 22,94% үлеске ие болды. Қалған 29%-на Қайрат Мәжібаевпен бірге осы топты құрған кәсіпкер Еркін Көшкінбаев ие болды. 22% акция Балжан Түменбаеваға тиесілі болса, қалған 26,05% үлес Successful Investment Trust, PROPERTY RETAIL пен А.И. Оспановқа тиесілі.
2021 жылы RESMI тобының атауы YURTA инвестициялық қаржы үйі болып өзгерді. Ал 2023 жылдың сәуір айында компания акционерлері ауысқанын хабарлаған едік. Оның қазіргі жалғыз иесі «Фридом Финанс» (Freedom Broker) инвестициялық компаниясының бұрынғы қызметкері Сәкен Өсер болды. Келісім туралы ақпараттан кейін компания атауы Teniz Capital Investment Banking деп өзгерді. Компания нарықта 1997 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның бағалы қағаздары KASE листингіне 2007 жылдан бастап енген.
«Республика» қаржы холдингінің құрылтайшылары: Successful Investment Trust, Еркін Көшкінбаев және оның қызы Айсұлу Жақсыбаева. Компания 2017 жылы тіркеліп, 2020 жылы қайта тіркеуден өткен. Kompra.kz мәліметіне сәйкес, 2017 жылдан бері компания 190,8 млн теңге салық төледі.