Жаңалықтар

«Мен үшін қазақ тілінде сөйледі»: Шавкат Рахмонов америкалық журналистер жайлы

«Мен үшін қазақ тілінде сөйледі»: Шавкат Рахмонов америкалық журналистер жайлы / DAR Team

25 желтоқсанда Алматы қаласында қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов журналистермен кездесу өткізіп, әлемде өзінің ғана емес, қазақ тілінің де танымалдығы артып келе жатқанын айтты.

Ол америкалық файтер Стивен Томпсонмен кездесуі аясында өзінен сұхбат алған журналистердің қазақ тілінде сөйлегенін естігенде қандай сезімде болғанын айтты.

«Басқа ұлттың адамдары қазақ тілінде сөйлеп тұрғаны мен үшін қуаныш, бақыт. Қазақ тілін құрметтеп, мен үшін қазақ тілінде сөйледі. Бұл керемет сезім… Қазақы тұмақты киіп шығып, оны әлемге танытып, өз дәстүрімізбен таныстырып жүргеніміз үлкен бақыт», – деді Рахмонов.

Сонымен қатар, қазақстандық файтер 6 жеңісінен кейін елге оралғанда жанкүйерлерінің өзін Алматы әуежайында күтіп алған кездесуі туралы айтты. Дәлірек айтсақ, Рахмоновтың елге келетін уақыты белгілі болғаннан кейін оның жанкүйерлері Алматы әуежайының VIP-залына кіріп, онымен суретке түсуге тырысқан. Әуежай өкілдері жиналған халықты тыныштандыра алмаған.

Фото DAR Team

«Түсінемін барлығы суретке түскісі келеді. Алайда тәртіп сақтап, мәдениеттірек болса, мен көп адаммен суретке түсіп үлгеремін.  Журналистер сұрақ қойып, домбыра ойнап жатыр. Мен сұрақты анық ести алмаймын. Өзім 24 сағат ұшып келіп шаршап тұрмын. Кішкене сол жағынан ойлану керек. Мен адамдарға жанкүйер болып, қолдау білдіріп, уақыт бөліп келгендеріне ризамын. Бірақ сәл тәрбие болуы керек»,– деді Рахмонов.

Айта кетейік, қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов UFC промоушеніндегі 6-кездесуін мерзімінен бұрын аяқтап, америкалық файтер Стивен Томпсонды 2-раундта жеңген. Жекпе-жектен кейін Рахмонов UFC 3-орынға көтерілген.

Осы жекпе-жектен Рахмонов 306 мың доллар(150 мың доллар – жекпе-жек үшін, 150 мың доллар – жеңісі үшін, 6 мың доллар – демеушілер бонусы)  табыс тапқан, ақпарат құралдарының дерегінше. Оның қарсыласы Томпсон 416 мың доллар (400 мың доллар – жекпе-жек үшін, 16 мың доллар – демеушілер бонусы) табыс тапқан.