Сауда орталықтары мен сауда үйлерінің қожайындары ойларына келгенін істеп, бағаның көтерілуіне ықпал етіп жатыр. Мәжілісте өткен сауда саясатын дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында депутат Анас Баққожаев осылай деп дабыл қақты.
Депутат бағаның көтерілуіне сауда орталықтары мен сауда үйлерінің қожайындары кінәлі екенін жариялап: «Сауда орталықтары қожайындарының бәрі – Forbes тізіміндегі олигархтар. Олар мемлекеттің ішінен қоғамның ешбір талабына бағынбайтын мемлекет құрып алған», – деді.
Анас Баққожаев 2018 жылы сауда орталықтарындағы дүңгіршектерді жалға беру құны 1 шаршы метр үшін 4 мың теңге болғанын, қазір 21 мың теңгені құрайтынын, баға 5 есе өскенін алға тартты.
«Салдарынан киім-кешектің бағасы жыл сайын өсіп жатыр. Мысалы, 2018 жылы шұлықтың бағасы – 300 теңге болса, қазір – 1500 теңге», – деді депутат.
Мәжілісмен сауда дүңгіршектерінде есептеуіш құрал жоқ екеніне де назар аударды.
«Сауда орталықтары соны пайдаланып, коммуналдық төлемдерге ойына келген бағаны қояды. Араны ашылғаны соншалық, жалға беру бағасын қымбаттатқанымен қоса 2-3 ай алдын ала депозит талап етеді. Маңдайы терлеместен, миллиардтап пайда тауып отырған сауда орталықтары мемлекетке салық төлемеудің де амалын жақсы ойластырған», – деді депутат.
Анас Баққожаев сауда орталықтары жалға беру ақысын қолма-қол ақшамен алатынын, бұл заңсыз әрекет екенін тілге тиек етті.
«Сауда орталықтарының көбі жалға беру ақысын қолма-қол ақшамен алып, бутиктерді өздері ашқан жеке кәсіпкерлік нысандар арқылы субарендаға беріп, кірістерін жасырып отыр. Осыған наразы болған саудагерлерді сауда үйінен шығарып тастаймыз деп қорқытады. Жұмыссыздық кесірінен амалсыз саудаға кеткен халық осылайша сауда орталықтарының айтқанына, лаңына көніп отыр», – деді депутат.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтен: «Осы сауда орталықтарын қашан ретке қоясыздар? Сауда нысандарында саудагерлермен бірге қоғамдық бақылау орнатып, салық ревизиясын жасауға дайынсыздар ма?», – деп сұрады.
«Салық ревизиясы жүріп жатыр. Сауда орталықтарындағы дүңгіршектерді субарендаға беруге болмайды. Бұған заң бойынша тыйым салынған. Сауда орталықтарының монополиясын көпформатты сауда-саттықты дамыту арқылы ғана шектеуге болады», – деп жауап берді Арман Шаққалиев.
Айта кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Анас Баққожаев депутаттар мен шаруалар Ұлттық банктің ұстанымына қарсы екенін мәлімдеп, «Қаржы реттеушісі мен Үкімет Аграрлық банк құру бастамасын жаншып тастауға тырысып жатыр» деп мәлімдеген болатын.