Мемлекет әлеуметтік тауарлар бағасын реттеуден кезең-кезеңімен бас тартады – Сауда министрі

Жарияланды
әлеуметтік тауар

2024 жылдан бастап 9 әлеуметтік тауарлар бойынша шекті және шекті рұқсат етілген бағалар белгіленбейді / Фото: kursiv.media

2023 жылы ішкі тауар айналымы 21,1%-ға өсіп, 53,6 трлн теңгені құраған. Бұл жайлы Үкімет сағатында Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев айтты.

Бұл сома 2022 жылдың 11 айында – 44,3 трлн теңге болған. Осы жылы сауданың нақты көлем индексі – 111,3%-ды құраған. Ал 2023 жылдың 10 айында сыртқы сауда айналымы 114,1 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға артқан.

Министр сонымен бірге бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп ұлттық стандарттар әзірленетінін айтты. Оған қосымша ойыншылар тартылып, франшиза элементтері енгізілмек.

Сонымен бірге министрдің айтуынша, сауда базарлары заман талабына сай өзгертілмек.

«Бүгінгі таңда сауда базарлары әлі де маңызды болып отыр. Алайда бәрі бірдей қала құрылысы, өрт және санитарлық стандарттарға сәйкес келмейді. Сондықтан бизнеспен бірге базарларды жаңартуды қажет ететін объектілер анықталды. Қазіргі таңда 460 универсалды базардың 195-ін заман талабына сай өзгерту қажет болған, олардың 121-і жаңартылды. Қалған 74-і бойынша әкімдіктермен және базарлардың меншік иелерімен бірлесіп 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Өздеріңізге мәлім, жаңартуды аяқтаудың әртүрлі мерзімі белгіленді – облыстар үшін – 2025 жыл, ал астана мен республикалық маңызы бар қалалар Астана, Алматы және Шымкент үшін – 2023 жыл», – деді министр.

Арман Шакқалиев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу қолға алынғанын атап өтті. Бұл мақсатта АШМ, монополияға қарсы орган, әкімдіктер, Азық-түлік корпорациясы және тұрақтандыру қорларымен бірлесіп кешенді сипатта жұмыс жүргізіп жатыр.

«Жалпы бұл жұмыс, Президенттің инфляция деңгейін 2 есе төмендету жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған. Бұл мақсатта тұрақтандыру қорларының қызметі қайта форматталды. Қаржыландыру ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көбірек  бағытталады. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі. «Азық-түлік корпорациясының» тұрақтандырушы рөлі кеңейтілуде, тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылады. Тиімсіз делдалдарды жою және сауда заңнамасының талаптарын сақтау жөніндегі өңірлік комиссиялардың бақылау қызметі құрылды»,  –деді министр.

Бұл шаралар негізінде әлеуметтік тауарлар бағасының индексі 5,5 есеге төмендеп, 3,4% құраған. Ал жылдық инфляция қараша айының соңында 10,3% деңгейінде қалыптасқан. Оның ішінде ақылы көрсетілетін қызметтер – 12%, азық-түлік емес инфляция – 9,9%, азық-түлік инфляциясы – 9,2%-ды құрады.

Сондай-ақ министрдің айтуынша келесі жылдан бастап, әлеуметтік тауарлар бағасын мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тартылады.

«2024 жылдың 1-ші жартыжылдығынан бастап 100%-ға отандық өндіріс 9 тауарға шекті және шекті рұқсат етілген бағаларды белгілеуден бас тарту ұсынылады. Қалған 10 тауар бойынша бағаны реттеуден бас тарту 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл ретте, атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін тұрақтандыру қорларының жұмысы шеңберінде атаулы тауарлық таргеттеу және отандық тауар өндірушілер үшін міндеттемелер қою есебінен арзандатылған әлеуметтік тауарлар сатып алу мүмкіндігі берілетін болады», – дейді министр.

Қазіргі таңда әкімдіктермен және Әлеуметтік корпорациялар осы шараға қатысты тиісті жұмыстар мен пилоттық жобаларды бастап кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз