2023 жыл қорытындысы: ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім сомасы 8,2 трлн теңгеге жеткен

Жарияланды
ауылшаруашылығы

Биыл ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мемлекет шамамен 1,2 трлн теңге қаражат бөлген / Фото: Үкімет үйі

Үкімет ауыл шаруашылығы министрлігінің бір жылғы жұмысын қорытындылады. Осы жылдың 11 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 8,2 трлн теңге болған.

Атап айтар болсақ, 16,6 млн тонна дәнді дақылдар, 2,1 млн тонна майлы дақылдар және 5 млн тонна жем-шөп дақылдары жиналған. Министрліктің хабарлауынша, бұл көлем өткен жылдан қалған қорды есептегенде, ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті.

Ал мал шаруашылығы саласындағы өсім 3,3%-ға артып, өндірістен 3,8 трлн теңге түскен.

«Ірі қара мал басы 2,9%-ға (9 млн бас), ұсақ мал басы 4%-ға (23,6 млн бас), жылқы 8,3%-ға (4 млн бас), түйе 5,3%-ға (277,6 мың бас), сондай-ақ құс 9,5%-ға (54 млн бас) өсті»,–делінген үкімет қорытындысында.

Азық-түлік өндірісіне келер болсақ мұндағы өсім 1,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құраған. Атап айтқанда, сары май өндірісі 18,4%-ға, ірімшік пен сүзбе өндірісі 9,3%-ға артқан. Ал өңделген сүт өндірісі 3%-ға, шұжық өнімдерінің өндірісі 1,9%-ға, өсімдік майы өндірісі 1%-ға өскен.

Биыл әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы АӨК саласындағы ірі өнеркәсіп жобаларын іске асыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басқа өңірлерге тарату бойынша жұмыстар басталған. Аталған мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінген. 2024 жылы тағы 100 млрда теңге бөлінеді. Бұл қаражат бағдарламаны жүзеге асыруға жұмсалмақ.

Осы жылдың 11 айында жүзеге асырылған шаралар келесідей:

  • 2023 жылдың басынан бастап отандық АӨК-те 164,5 млрд теңгеге 207 инвестициялық жоба іске қосылған.
  • 2023 жылы мемлекетке 4,6 млн га, 2022 жылдың басынан бері 10 млн га заңсыз иеленген жерлер қайтарылды.
  • «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша АӨК нысандарына несие беруге 461,6 млрд теңге, оның ішінде «Аграрлық несие корпорация» АҚ арқылы 318,6 млрд теңге және «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 143 млрд теңге бағытталды.
  • Жалпы 11 айдың қорытындысы бойынша республиканың ауыл шаруашылығына 855 млрд теңге (өткен жылғы деңгейден 11%-ға артық), ал азық-түлік өндірісіне 130 млрд теңге (өсім – 9,5%) тартылды.
  • Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға барлық көзден шамамен 500 млрд теңге бөлінді.

2023 жылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және қолдауға мемлекет шамамен 1,2 трлн теңге қаражат бөлінген. Бұл шаралар фермерлердің қаржылық жағдайын жақсартады деп күтілуде. Бұл оларға 2024 жылғы егіс науқанына уақытылы дайындалуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ оқыңыз