ҰЭМ жекешеліндіру тізімін өзгертті: «QAZAQ AIR» 2024 жылы жекеге өтеді
Жекешелендіру жоспарынан бірнеше компания алынып тасталды / Фото: kursiv.media
Ұлттық экономика министрлігі жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған жоспарына өзгеріс енгізді. Өзгеріс енгізу жөніндегі құжат «Ашық НҚА» порталына орналастырылды.
Өзгеріске сәйкес, жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарынан жекешелендіру объектілерін қосу және алып тастау жөніндегі әдістеменің талаптарын сақтамағаны үшін лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі белгіленеді.
Сонымен бірге жекешелендірудің 2021 − 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарындағы ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олармен үлестес, басым тәртіппен бәсекелестік ортаға беруге ұсынылатын өзге де заңды тұлғалардың ірі еншілес, тәуелді ұйымдарының тізбесі бекітілген. Тізімге QazaqGaz-дың еншілес ұйымы енген.
«2022 жылғы 28 желтоқсанда «Тегісмұнай» ЖШС – нің 100% қатысу үлесін сатып алу – сату шартына қол қойылды, оның құрамында қор мен QazaqGaz арасында «Маңғышлақ-Мұнай» ЖШС бар»,– делінген құжатта.
Жаңа тізімде қандай компаниялар бар?
Бұл құжат бойынша «QAZAQ AIR» акционерлік қоғамының ашық екі кезеңді конкурс өткізу уақыты 2024 жылға ауыстырылған. Қолданыстағы құжатта бұл мерзім 2023 жылға жоспарланған болатын.
«Ашық екі кезеңдік конкурстың бірінші кезеңі шеңберінде өтінімдерді қабылдау мерзімі 2023 жылғы 13 қарашаға дейін ұзарған. «Qazaq Air» АҚ іске асыру процесіне тартылған тараптардың келіссөздер жүргізуге және мәміле бойынша қажетті корпоративтік шешімдер қабылдауға жеткілікті күндерінің болуы үшін «КПМГ Такс энд Эдвайзори» ЖШС «Qazaq Air» АҚ-ны бәсекелестік ортаға беру мерзімін 2024 жылға ауыстыру мәселесін қарастырылды»,– делінген түсіндірме құжатта.
Тізімге «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстандық компания «KEGOC» акционерлік қоғамы құрамындағы «БатысТранзит» акционерлік қоғамы кірген.
Акционерлік қоғамдардың және олармен үлестес болып табылатын өзге заңды тұлғалардың бәсекелес ортаға беруге ұсынылатын еншілес, тәуелді ұйымдарының тізбесі де бекітілген. Оған сәйкес «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» акционерлік қоғамының «EastCopper» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі енген.
«Оған өндірістік базаны кеңейту және өндірісті жаңғырту қажеттілігіне байланысты жаңа технологияларды енгізу себеп болды»,– делінген түсіндірмесінде.
Ал «QazaqGaz» ҰК акционерлік қоғамының «ҚазМұнайГаз – Сервис NS» акционерлік қоғамы мен «Электр желілерін басқару жөніндегі қазақстандық компания» акционерлік қоғамы «KEGOC»-тың «БатысТранзит» акционерлік қоғамы мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының шешіміне байланысты алынып тасталған.
Қыркүйек айында «Самұрық-Қазынаның» Qazaq Air-ді жекешелендіруді екі апта кейінге қалдырғаны туралы жазғанбыз. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл–ауқат қоры» акционерлік қоғамы сауда-саттық мерзімі ұзаратынын хабарлады. «QAZAQ AIR» АҚ–ның 49%–дан 100%–ға дейінгі акцияларын өткізу мерзімі 2023 жылдың 18 тамызына белгіленген. Бірақ компания жарияланған cауда-саттықты өткізу туралы хабарламаға өзгерістер енгізілетіні туралы хабарлады.
Ол кезде бірінші кезеңдегі конкурстық өтінімдерді қабылдау мерзімі 28 қыркүйектен 13 қазанға дейін ұзартылды. Екінші кезеңді қорытындылау жоспарланған мерзімнен екі апта өткен соң, яғни 29 желтоқсанда өтуі керек болған. Алайда бұл мерзім де ауысып, 2024 жылға ұзартылып отыр.
Сатудың нақты схемасы өтінімдерді алғаннан кейін және инвесторлардың конкурс талаптарына сәйкестігін тексерген соң белгілі болады. Qazaq Air компаниясын сатып алатын инвестор 2033 жылға дейін 38 млрд теңге қарызын өтеуі тиіс.