Астана мен Алматыда ірі сауда орталықтары бар кәсіпкердің компаниясы жарғылық капиталын биыл 484 есе өсірді

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
 Arcada Industry

Arcada Industry жарғылық капиталық тағы да көбейтті Фото: kursiv.media

Ақмола облысында қиыршық тас пен құм өндіретін Arcada Industry компаниясы жарғылық капиталын тағы да 100 млн теңгеге өсіріп, 350,7 млн теңгеге жеткізді. Қазан айында компания жарғылық капиталын 725 мың теңгеден бірден 250,7 теңгеге жеткізген еді. Яғни, биыл 484 есе өсті. Бұл туралы компанияның KASЕ-ге жіберген хабарламасында жазылған.

21 желтоқсанда өткен жиналыс нәтижесінде акционерлер серіктестіктің жарғылық капиталын 100 млн теңгеге арттыру туралы шешім шығарған. 100 млн теңгені серістестіктің қатысушылары теңдей бөліп салған. Яғни, Arcada Insustry-дің үш құрылтайшысы: NEGMA және ARCADA компаниялары, сондай-ақ Александр Игнатущенко қосымша жарна құйған.

Бұл шешімді іске асыру серіктестік директоры Аманбай Бейсембаевқа жүктелген.

Бұған дейін компания жарғылық капиталын 345,8 есе өсіріп, 725 мың теңгеден 250,7 миллион теңгеге жеткізгені хабарланған. Компания Қазақстанның екі ірі қаласында сауда орталықтарын салған кәсіпкер Александр Игнатущенко мен Алексей Нефедовқа тиесілі.

Arcada компаниялар тобына иелік ететін Алексей Нефедов Астана мен Алматыдағы Asia Park, сондай-ақ Алматыдағы Mart және Mart Village сияқты сауда орталықтарын салып, басқарумен айналысады. 2010 жылдардың екінші жартысында Нефедов Forbes журналының Қазақстандағы ең ірі рантье мен ең ықпалды бизнесмендердің рейтингтеріне енген. Әкесі Петр Нефедов 1992–1997 жылдары Қарағанды ​​облысының әкімі болған.

Бұған дейін Курсив сауалына берген жауабында компания директоры Аманбай Бейсембаев  компания жарғылық капиталы неге бірден өскенін түсіндірді. Оның айтуынша, Arcada Industry компаниясы жаңа зауыт салу үшін құрылыс жұмыстары мен жабдықтар алуға 2,9 миллиард теңге қажет болған. Бұл қаржыны табу үшін компания  облигацияларын KASE биржасына шығарып, 2022-2023 жылдары 1,8 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік алған.

«Компания жұмысында ешқандай өзгеріс жоқ, тек қиыршық тас өндіру және жеткізу нарығындағы жұмысты күшейтіп жатырмыз», – делінген компания жауабында.

Бейсембаев өз жауабында 2023 жылы компания қиыршық тастарды бөлу және сорттаумен айналысатын жаңа зауытты ашқанын айта кеткен. Бұл нарыққа жылына 3 млн тонна дайын тауар шығаруға мүмкіндік береді. 

Arcada Industry 2000 жылы құрылған. Кәсіпорын қиыршық тас пен құм өндіру, сатумен айналысады. Оның негізгі активтері – Ақмола облысындағы Вишневское гранит кен орны және сонда орналасқан қиыршық тас зауыты.

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Arcada Industry 1,2 млрд кіріспен 395,7 млн ​​теңге шығынға ұшырады. Жарғылық капитал бірнеше есе ұлғайғанға дейін жалпы актив көлемі 5,4 млрд теңгеге тең болды. 

Сондай-ақ оқыңыз