Сағынтаев жаңа қызметке тағайындалды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Сағынтаев жаңа қызметке тағайындалды / коллаж kursiv.media

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Бақытжан Сағынтаевтың жаңа қызметке тағайындалатыны белгілі болды. Бұл туралы отырыс барысында Ресей президенті Владимир Путин айтты.

Ол 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы қызметін атқаратын болады.

«2024 жылдың 1 ақпанынан бастап комиссия төрағасы қызметіне келетін Сағынтаев мырзаға ықылас білдіргім келеді. Біз оны жақсы танимыз. Ол осыған дейін ЕЭК алқасының мүшесі болған. Оның өз жұмысына байыпты әрі белсенді кірісіп кететініне сенімдімін», – деді Путин.

Осыған дейін бұл қызметті Беларусь Республикасының бұрынғы премьер-министрі Михаил Мясникович атқарған. Ал Сағынтаев Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі болған.

Бақытжан Сағынтаев осыған дейін Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарған. 2019 жылдан бастап Алматы қаласының әкімі болған. 2022 жылы 31 қаңтарда Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен босатылып, орнына Ерболат Досаев тағайындалған.

2023 жылдың мамыр айында Алматы қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Алматы қаласының экс-әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы Бақыт Ибрагимнен тәркіленген Richard Mille сағатын сатылымға шығарады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Санкт-Петербург қаласына барған.

Сондай-ақ оқыңыз