Қазақстанда 500 мыңнан астам адам айына 28 мың теңгеден төмен табыс табады – министр
Қазақстанда 500 мыңнан астам адам немесе 111 мыңға жуық отбасы кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатыр. Бұл деректі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жариялады.
Министрдің мәлімдеуінше, жарты миллионнан астам адам айына 28 мың теңгеден төмен табыс табады. Яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан аз ақшаға жан бағады.
«Мемлекет мұндай азаматтарды тек жәрдемақы төлеумен ғана қолдамайды, олармен міндетті жұмысқа орналастыру бойынша әлеуметтік келісімшарт жасайды», – деді министр Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Светлана Жақыпованың айтуынша, кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатқан 91 мыңнан астам азаматтың жұмыс істеу қабілеті бар. Мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алу үшін отбасының жұмыс істей алатын мүшесі жұмысқа орналасу немесе басқа мамандықты меңгеру бойынша әлеуметтік келісімшартқа қол қоюға тиіс.
«Жұмыспен қамтылған адам жалақы алады, оған атаулы әлеуметтік көмек төленеді, бұл отбасы мүшелеріне өмірдің қиын жағдайынан шығуға мүмкіндік береді», – деді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі.
Светлана Жақыпова орта тапқа жататын қазақстандықтар, яғни кедейлер мен байлардың арасында қарапайым күн кешіп отырған азаматтардың санын айта алмады.
Есесіне жоғары жалақы алатын жалдамалы жұмысшыларға қатысты дерекпен бөлісті.
«Жоғары жалақы алатындар жайлы мәліметті статистикалық мәліметтерден қарай аламыз. Олар жалдамалы жұмысшылардың шамамен 1,2%-ын құрайды. Нақты деректі жүйеден қарап, ұсына аламыз», – деді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі.
13 желтоқсанда Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйеніп, айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін азаматтардың 12 жылдық антирекордын жариялағанбыз. Мақалада Қазақстанда 1,1 млн адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны нақтыланған.
«2023 жылғы III тоқсанында кедейлердің қатары Түркістан облысында (9,6%) көп болса, ал Қарағанды облысы және Астана қаласында (2,7%-дан) аз. Аймақтар бойынша кедейлік деңгейі Жетісуда 1,6 пайыздық тармаққа айтарлықтай өсіп, 9,3%-ға жеткен», – делінген Ұлттық статистика бюросының дерегінде.
Бұған дейін kursiv.media Қазақстанда ең төменгі күнкөріс шегі қайта қаралуы керек деген мәселе көтерген болатын. Сонда GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық Үкіметтің статистикасы мен халықтың шынайы күнкөріс деңгейінің арасында айырмашылық бар екеніне назар аударған.
«Бізде кедейшілік деңгейі дұрыс есептелмеген. Ресми статистика 5% деп айтады. Бірақ шын мәнінде Дүниежүзілік банктің мәліметінше, Қазақстандағы кедей халықтың саны 15% деп келтіріледі. Яғни айтарлықтай айырмашылық бар. Дәл осы Дүниежүзілік банк былтыр біздегі кедейлік қамытын киген тұрғындар саны 12,8% деп көрсеткен болатын. Осы көрсеткіштерге қарасақ, біздегі кедейлер санатына жататындар саны едәуір көп екенін көріп отырмыз. Бұл жерде назар аударатын бір жайт, елемізде кедейшілік деңгейі қалай есептеліп жатыр? Осы мәселеге де көңіл бөлуіміз керек. Бізде мемлекет тағайындаған ең төменгі күнкөріс шегі айқындалады. Сол шектен төмен табысы бар адамдар ғана тойып тамақ ішіп жүрмегендер қатарына жатады. Мәселен, осы жылдан бастап бізде ең төменгі күнкөріс шегі 40 мың теңге деп белгіленді. Демек 40 мың теңге табысы бар азаматтардың ешқайсысы кедей азаматтардың қатарына жатпайды. Кейбір отбасында 200 мың теңге ғана жалақы алатын бір ғана адам жұмыс істеуі мүмкін. Ал, ол отбасыда 4 бала бар делік. Қарапайым математикаға салсақ сонда әлгі 40 мың теңге жан басына шаққанда шықпай қалады», – деп түсіндірген Мақсат Халық.
Ол 40 мың теңгені бір адамға бір айлық тамақтану, жүріп-тұру сияқты шығындарына жеткілікті деп бекіту күлкілі екенін мәлімдеген.
«Бізде мұны Ұлттық экономика министрлігі тағамтану акакдемиясымен бірлесе отырып бекітеді. Енді, сол министрліктің өкіліне «Сізге қырық мың теңге жалақы берсек, бір ай өмір сүре аласыз ба?» деген сауал қойсаңыз, «иә» деп жауап бере алмасы белгілі. Өйткені, есептемелердің барлығы нақты жағдаймен сәйкес келмейді. Менің ойымша дәл осы мәселені қайта қарау керек», – деп нақтылаған экономист.