«Бишімбаев ісі»: Қосымша тағайындалған 12 сараптаманың нәтижесі 30 күннен кейін белгілі болады – Әділет министрі
Коллаж: kursiv.media
Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша тағы 12 сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы 30 күннен кейін белгілі болады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Әділет министрі Азамат Есқараев айтты.
Журналистер министрге «Бишімбаев ісіне» қатысты сұрақ қойып, сараптама жұмысы қалай атқарылып жатқанын сұрады.
«12 сараптама тағайындалды. Бізге Ішкі істер министрлігінен тиісті тапсырма келіп түсті. 11 сараптама қорытындысын құқық қорғау органдарына жібердік. Жақында тағы 12 сараптама тағайындалды. Осы бойынша тиісті жұмыс атқарылуда», – деп жауап берді тілшілерге Азамат Есқараев.
Әділет министрі заңға сәйкес, сараптама 30 күнге дейін жалғасуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Сараптаманы аяқтаған соң, қорытындысын Ішкі істер министрлігіне жібереміз, – деді брифингте Азамат Есқараев.
9 қарашада Астанада кісі өлтірді деген күдікпен ер адамның қамалғаны, оның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев болуы мүмкін екені хабарланды.
10 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін өзінің анасы Альмира Нұрлыбековаға тиесілі «Bau» мейрамханасында өлтіргені белгілі болды.
Дәл осы күні Астанада кісі өлтірді деген күдікпен ұсталған экс-министр Бишімбаевтың 5 жыл бұрын жемқорлық бабымен сотталып, 2019 мерзімінен бұрын босап шыққаны жарияланды.
Бұған қоса күдікті Қ.Бишімбаев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады.
11 қарашада Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова қайғыдан қан жұтып отырған отбасыға көңіл айтып, тұрмыстық зорлық-зомбылық жиіркеніш туғызатын жағдайға жеткенін жазды. Ал саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт: « бұл кейс Қ.Бишімбаевты соттаумен ғана шектелмеуі тиіс» екеніне назар аударды.
Астана қаласының полиция департаменті «мейрамханадағы әйел өліміне» қатысты іс бойынша ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.
13 қарашада Астана қалалық полиция департаменті баспасөз қызметі Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты «Гастро орталық» басшысын қамауға алынғанын жариялады.
15 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қ.Бишімбаевтың ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
16 қарашада Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев журналистердің: «Бишімбаев ісінде» неге тергеушілер қайта-қайта ауысып жатыр?» – деген сұрағына жауап берді.
«Ондай мәлімет жариялауға жатпайды. Бірінші күні оқиға орнына кезекші тергеу тобы жіберіледі. Ертеңінде тергеу басқа маманға тапсырылуы мүмкін. Сондықтан осындай мәлімет тарап жатқан шығар. Қайталап айтамын, бірінші күні оқиға орнына арнайы топ шығады. Одан кейін іс нақты бір адамға тапсырылады. Оның жанында тағы тергеушілер болады. Қылмыстық істі жалғыз адам тергемейді, топ болып тергеуі мүмкін», – деп жауап берді вице-министр.
30 қарашада Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі кулуарда Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың үстінен «аса қатігездікпен кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Сонымен қатар экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев осы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ол ұлының істеген ісін мойнымен көтеруі керектігін айтты. Бұл іске қатысты ешкімнің алдына бармайтынын, ешкімнің есігін қақпайтынын жеткізді.