55 жасқа толған кеншілерге жаңа жылдан бастап 63 жасқа дейін арнайы төлем төленеді

Жарияланды
55 жасқа толған кеншілерге зейнетке шыққанға дейін арнайы төлем төленеді/ Фото: shutterstock и freepik

Қазақстан тарихында алғаш рет қауіпсіз еңбекке қатысты құжат қабылданды. Төрт негізгі бағытты қамтитын құжат «2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы» деп аталады. Тұжырымдама 2024 жылдан бастап 55 жасқа толған кеншілерге зейнетке шыққанға дейін, яғни 63 жасқа толғанша арнайы  төлем тағайындауды қамтамасыз етеді.

«Тұжырымдаманың негізгі 4 бағыты: тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту, жұмыс орындарында тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыру», – деді Үкімет отырысында Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Министрдің мәлімдеуінше, құжат кәсіптік қауіп-қатерлер мен өндірістік жарақаттану деңгейін және кәсіптік ауру түрлерін төмендетуді көздейді.

Үкімет басшысы Әлихан Смайлов министр Светлана Жақыповадан зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген адамдарға арнаулы төлем қалай төленетінін сұрады. Бұл сұраққа Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі: «Министрліктің ақпараттық жүйесі сынақтан өтті. Жүйе 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап пайдалануға дайын. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген адамдарға арнаулы төлем проактивті түрде  4 көзден қарастырылады және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы бір төлеммен төленеді», – деп жауап берді.

Светлана Жақыпованың түсіндіруінше, жұмысшы порталдан өзіне тиісті төлем мөлшерін қарай алады. Бұл үшін жеке кабинетіне кіріп, логинін теріп, авторизациядан өтеді. Бұдан кейін жұмыс берушіге өтініш жолдайды. Осының негізінде жұмыс берші еңбек шартын бұзады. Бұл ақпарат министрліктің жүйесіне енгізіледі. Осыдан соң арнаулы төлем төленеді.

Бұған дейін Сенат арнаулы төлем тағайындауға қатысты заңды екінші оқылымда мақұлдаған болатын. Бұған қоса республикалық бюджет, жұмыс беруші, өмірді сақтандыру компаниясы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры төлем төлеудің 4 негізгі көзі болып бекітілгені жарияланған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова арнайы төлемнің орташа мөлшері 200 мың теңгеден асатынын айтқан.

«Төлемнің орташа сомасы шамамен – 208 мың теңге болады. Республикалық бюджет туралы заңда ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 мың теңге деп көрсетілген. Ең төменгі күнкөріс деңгейін екіге көбейтеміз – 86 мың теңге шығады. Жұмыс беруші – 43 мың теңге, өмірді сақтандыру компаниясы – 43 мың теңге төлейді. Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры орташа есеппен 35 мың теңге тағайындайды. Жинақталған қаражат бір уақытта, бір көзден төленеді», – деп түсіндірген журналистерге Назгүл Сағындықова.

Вице-министр 55 жасқа толған кеншілерге жаңа жылдан бастап арнайы төлем алу үшін кадр бөліміне барып, өтінішті жазуға тиіс екенін мәлімдеген.

«Өтініш иесі зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеуін тоқтататынын жазады. Осыдан соң ол кез-келген жұмысқа ауыса алады. Бұл өтініш бізге автоматты түрде беріледі. Осы рәсім аяқталған соң өтініш иесіне төлем тағайындалады», – деген Назгүл Сағындықова.

Еске сала кетсек, осыған дейін кеншілердің қосымша жәрдемақысына бюджеттен 85 млрд теңге қаражат бөлінетіні айтылды. Бұл қаражат 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен төленеді.

Сондай-ақ оқыңыз