Ниқаб пен паранжаға тыйым салына ма – Балаева жауап берді

Жарияланды
Хиджаб

Хиджаб киюге емес, бетперделі киім үлгілеріне қатысты заң нормалары қарастырылуы мүмкін / Фото: kursiv.media

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тағы да дін мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол алдағы уақытта қауіпсіздік мақсатында нақты хиджабқа емес, бетперделі киімдерге қатысты заң нормалары қарастырылатынын айтты. Яғни паранжа мен ниқабқа қатысты мәселе заңдық негізде қаралуы мүмкін.

«Менің сұрағым дін мәселесіне қатысты. Қоғамдық орындарда хиджабқа тыйым салу жөніндегі пікіріңіз осыған дейін үлкен дау туғызды. Бірақ кейін сіз өз пікіріңіздің ниқаб пен паранжаға қатысты болғанын айттыңыз. Ниқаб пен паранжаға тыйым салу мәселесі әлі де күшінде ме? Мұндай тыйым қашан енгізіледі?», – деп сұрады журналист.

Балаева бұл мәселенің күн тәртібінен түспегенін мәлімдеді. Алдағы уақыттарда бетпердеге қатысты қоғамдық талқылаулар болатынын, бұл мәселені министрліктің халықпен бірге шешетінін айтты.

«Біз әр адамның діни сезімі мен ұстанымын құрметтеуіміз керек. Бұл тұрғыда әрбір шешім жан-жақты қоғаммен талқыланып, жан-жақты зерделеніп, тек содан кейін шешім қабылдануға тиіс. Мұны бір күнде заңды негізде өзгерте салу оңай. Бірақ ертеңінде оның салдары қандай болатынын ескеру керек. Адамдар наразылық білдіруі мүмкін. Біз соның барлығын міндетті түрде ескеруіміз керек. Біз депутаттармен дін саласындағы тұжырымдамамызды нақтылап алдық. Бүгінгі күні бұл салада қандай мәселе өзекті, қандай нәрсе керек деген секілді мәселелерді талқыладық. Ал енді қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, ниқабқа қатысты ұстанымымыздан айныған жоқпыз. Оны заңды тұрғыда қарастырып, салдарына зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тағы ескертіп айтамын, бұл біздің министрліктің ғана құзіретіндегі дүние емес. Қоғаммен ақылдасып шешетін мәселе. Бұған қатысты әлі де талқылаулар болады», – деді Балаева.

Министр жалпы дін саласына қатысты министрлік алдында үш өзара байланысты міндет тұрғанын айтты.

«Біріншісі – халық арасына зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау, екіншісі – дінаралық келісімді сақтау, үшіншісі – діни экстремизмді болдырмау», – деді ол.

Министрлік басшысы осыларды іске асыру үшін де өзара үш тығыз бағытта жұмыс істеп жатқанын айтты. Яғни министрлік тарапынан қазіргі таңда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтару және интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Әрине, мәселенің салдарымен емес себебімен күресу керек екені айқын. Сондықтан да, діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам заңсыз материалдар жойылып бұғатталды. Әлеуметтік желілердегі радикалды діни топтардан 20 мыңнан астам адам алшақтатылды. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, конфессияаралық келісімді насихаттау және зайырлылық құндылықтарын нығайтуға бағытталған 75 мыңнан астам материал БАҚ-та, танымал әлеуметтік желілерде орналастырылды», – деді министр.

Аида Балаева дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Тұжырымдамасының жобасы дайындалғанын айтты.

Еске сала кетсек, осыған дейін Аида Балаева хиджаб, никаб және шолақ шалбар киюге тыйым салуды енгізу мәселесі діни ағымдардың күшеюіне байланысты қайта қаралып, заңға жаңа нормалар ұсынылатынын айтқан болатын.

«Міндетті түрде тыйымдар болады. Қоғамдық орындарда діни киімдер киюге шектеу қойылады. Мен бүкіл әлемдік тәжірибені зерттедім, өйткені бұл – ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе. Қоғамдық орындарда бетін жауып жүретіндерді тану өте қиын. Бұл мәселе қоғаммен бірге талқыланатын болады. Біз уәкілетті орган ретінде осы бағыттағы жұмысты күшейту және осы бағыттағы заңнамалық нормаларды қатаңдату бойынша жұмыс істейтін боламыз«, – деп мәлімдеді ол.  

Министрдің айтуынша, Қазақстанда дін мәселелері өзекті. Сондықтан қазіргі биліктің міндеті – халықтың діни сауатын арттыру екенін айтты. Балаева сондай-ақ «мәселе халықтың діндарлығында емес, діни сауатсыздығында» екенін тілге тиек етті. Бүгінде дәстүрлі ағымдармен қатар дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенді жұмыс істеп жатқанын ескере келе осындай маңызды шешімдер қабылдау кезек күттірмейтін мәселе екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз