Жаңалықтар

Із-түзсіз жоғалып кеткен боксшы аман-есен үйіне оралды

Серік Нұрқазов

Серік Нұрқазов туыстарына тапсырылды / Фото: Ашық дереккөздерден

Алматы қаласының Медеу ауадандық полиция департаменті 10 күннен бері іздеуде жүрген боксшы Серік Нұрқазовтың табылып, отбасына тапсырылғанын хабарлады.

«1959 жылы туған С.Нұрқазов аман-есен табылып, туыстарына тапсырылды. Бұрын хабарланғандай, із-түзсіз жоғалған азаматты табу үшін арнайы іздеу тобы құрылған», – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, 64 жастағы даңқты боксшы 14 желтоқсанда үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған боксшыға туыстары іздеу жариялады.

«64 жаста. Денсаулығына байланысты диагнозы бар. Ол 14 желтоқсан күні Алматыдағы Медеу ауданындағы мекенжайынан сыртқа шығып кеткен. Алайда кешке үйге оралмаған. Ол сол күні үйден шығарда сұр түсті бас киім, қалың көк күрте, ақ түсті водолазка, қара джинсы шалбар киген. Сипаттама бойынша оның шашы ақшыл сұр түсті, сақалы бар», – делінген болатын іздеу хабарламасында.

Серік Нұрқазов – КСРО-ның үш дүркін чемпионы. Бұл атақты боксшы 1983 жылы, 1984 жылы, 1986 жылы үш рет қорғап, жеңіске жеткен. Бұдан бөлек 1983 жылы Болгарияның Варна қаласында өткен сайыста Еуропа Чемпионы атанған. 1983 жылы Италияның Рим қаласы Әлем Кубогының күміс жүлдесін иеленген. Ал 1984 жылы Кубаның Гавана қаласы «Дружба-84» халықаралық жарысының күміс жүлдегері атанса, осы жылы КСРО-АҚШ матчтық кездесуінде де жеңімпаз атанған.