Мәди Ахметов әскери борышын неге өткермеді – Қорғаныс министрлігі жауап берді
Күні кеше ғана Алматы облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы болып тағайындалған Мәди Ахметов өзінің әскери борышын өтемеген. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында айтылды.
Брифинг барысында журналист бұрынғы мәжіліс депутаты өзінің әскери борышын өтемегенін, тіпті бір кездері Қорғаныс министрлігіне оның өз борышын өтеуін міндеттеуді сұраған арнайы петиция жарияланғанын айтты. Бұл петицияны 10 мыңнан астам халық қолдаған.
«Осыған орай менің сұрағым келесідей, Мәди Ахметов неге өз борышын өтемеді? Жалпы, оның әскерге шақырылмау себебі неде?»- деп сұрады журналист.
Бұл сұраққа министрлік өкілдері нақты жауап бере алмады.
«Расымен, бізде көптеген азаматтар маңызды қызметтерде жұмыс істейді. Соған қарамастан, бізде заң бойынша әскери қызметке шақыру құзыреті нақты белгіленген. Бірақ оның жасы 27-ден асса, ол әскери борышын өтеуден босатылады. Ал егер ол ЖОО-да іскери кафедраны аяқтап, запастағы офицер дәрежесін алса, ол 2 жылдық әскери қызметке шақырылуы мүмкін. Оның жасын білмедім. Бәлкім әскери борышын өтеуге жарамайтын шығар»,- деді Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Журналист өзінің қазіргі уақытты айтпағанын, кезінде шақырылуы тиіс уақытта не себепті әскери борышын өтеуге алынбағанын сұрады. Көп дауыс жинаған петицияға министрлік назар аудармаған. Мұның себебін министрлік өкілі түсінідіріп бере алмады.
«Бізде жыл сайын жарты миллионға жуық оқушы мектепті аяұтайды. оның 200 мыңы ұл балалар. Бірақ біз сол 200 мыңнан барлығын әскери қызметке шақыруымыз керек дегенді білдірмейді. Бізге мұндай көлемдегі әскерилер санын жинаудың қажеттігі жоқ.сонымен бірге әскери қызметке алу үшін де қойылатын талаптар бар.»,- деп жауап берді министрдің орынбасары.
Министрліктің хабарлауынша, Мәди Ахметов 1995 жылы туған. Оның жасы әскери борышын өтеу мерзімінен асып кеткені себепті ол әскери міндеттілер қатарына жатқызылады. Борышын өтеуге шақырылмайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға да Мәди Ахметовтің болмысы мен қызметіне қатысты сұрақтар қойылды. Министрден позициясын тез ауыстыра салатын адамның мұндай жауапты қызметке тағайындалу себебін сұрады.
«Мұндай жауапты қызметке тағайындалған болса, Мәди Ахметовтың кәсіби маман ретіндегі біліктілігі жоғары шығар»,- деп жауап берді Балаева.
Еске сала кетсек, Ахметов жаңа қызметке Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің бұйрығымен тағайындалды.
Ахметовтің есімі 2019 жылдың маусымындағы мәлімдемесінен кейін танымал болды. Ол «қазақ жастарының атынан» Алматыда тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынды. Назарбаевтың өзі ескерткіштен бас тартқан болатын. Кейіннен президенттік сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге шақырды.
2021 жылы 25 жасында Мәжілістің ең жас депутаты атанды. Бұған дейін «Нұр Отан» (қазіргі Аманат) партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының Алматы қалалық филиалының төрағасы қызметін атқарған. Сонымен қатар, Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры басшысының кеңесшісі қызметін атқарды.