Жаңалықтар

«Масс-медиа туралы» заң: пресс-картаға қатысты қандай шешім қабылданды?

пресс-карта

Пресс-карта бойынша «Масс медиа туралы Заңнан» кейбір критерийлер алынып тасталған / Фото: kursiv.media

«Масс-медиа туралы» заңды депутаттар мақұлдаған, ал пресс-карта мәселесін мәжіліс екінші оқылымда талқылайды. Бұл жайды Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте Аида Балаева айтты.

«Депутаттар жалпы заңды мқұлдады. Заңның кейбір мәселелері екінші оқылымда талқыланады. Әрине, біз журналистер қауымының пікірін ескереміз. Депутаттар корпусының бір бөлігі де пресс-картаға қатысты қарсылықтарын білдірді. Біз енді депутаттармен ақылдаса отырып, бұл мәселенің басқа жолдарын қарастыратын боламыз. Яғни баспасөз картасы ұғымын айқындау тәсілдері қайта қаралатын болады. Баспасөз карталарын беру критерийлеріне келетін болсақ, бірден айта кетейік, барлығы айтып жүрген жұмыс өтілі, жоғары білімі болу керек деген өзгерістер жалпы жұмыс топтарындағы талқылау қорытындылары бойынша алынып тасталады«,- деді министр.

Балаева осы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысының жарлығымен сөз бостандығын одан әрі қамтамасыз етуге, отандық медиасфераның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ақпараттық егемендікті нығайтуға бағытталған «Ақпараттық доктрина» бекітілгенін айтты. Ал, тамыз айында Үкіметтің Қаулысымен оны іске асыруға бағытталған іс жоспары қабылданып, соның негізінде министрлік бастамасымен «Масс-медиа туралы» заң жобасы әзірленгенін айтты.

Оның айтуынша жобаға депутаттар 114 түзету енгізген. Оның ішінде – 64-і қабылданып, 10 түзету пысықталып жатыр.

«Осы ұсыныстар қазіргі уақытта Үкіметтің қорытындысында және барлық мүдделі мемлекеттік органдар келісілгеннен кейін Мәжіліске жіберілетін болады. Екінші тыңдауға дейін барлық түзетулер бойынша шешім қабылданады. Ал толық шешім шыққан соң, біз арнайы жиын өткізіп, бұл заңға қатысты журналистердің барлық сұрақтарына жауап береміз»,- деді Балаева.

Еске сала кетсек, «Масс-медиа туралы» заң «Ашық НҚА» порталына 21 сәуірде талқылауға шығарылды. Содан бер бұл заңды депутаттар мен журналистер де қызу талқылап жатыр.

Бұл заңды депутаттар сынады. Депутат Бақытжан Базарбек заңның шикілігін сынады. Баспасөз картасын беруге қатысты неше-түрлі шектеулер бар екенін, кейбіреуі орынсыз екенін айтты. Сонымен қатар заңда түсініксіз тұстардың көп екенін, жалпылама сөздердің көп кездесетінін айтты. Депутаттың айтуынша, заңда жалпылама сөздердің болмауы тиіс.  

Ал депутат Максим Рожин пресс-картасы журналистерге қандай да бір жеңілдік бермесе не үшін қажет деген мәселені көтерді.

Сіздерде 21 жылы қабылданған аккредиттеу туралы ереже бар. Бұл карта сол ережені қайталап жатқан жоқ па? Бәлкім бізге ереже де жеткілікті болар ма еді. Егер бұл карта біз ойлағандай журналистке қандай да бір әлеуметтік жеңілдік беремесе оның не қажеті бар?» деді ол.

Егер, «Масс-медиа туралы» жаңа Заң қабылданып, күшіне енсе, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары күшін жояды.