Әнұраннан Назарбаевтың авторлығы алынып тастала ма?

Жарияланды
Назарбаев әнұран авторы болуға лайық па/kursiv.media

Бұл сұраққа Мәжілістің кулуарында палата спикері Ерлан Қошанов жауап берді.

«Дәл қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ», – деді Мәжіліс төрағасы журналистке берген жауабында.

«Назарбаев әнұран авторы болуға лайық па?» – деген сұраққа Ерлан Қошанов: «Кезінде сондай шешім қабылданды ғой», – деп тіл қатты.

Қазақстанда 1992 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңға қол қойды.

1992 жылғы 11 желтоқсанда мемлекеттік әнұранның алғашқы мәтіні бекітілді. Осы әнұран 2006 жылға дейін шырқалды.

2006 жылғы 6 қаңтарда парламент 1956 жылы композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов бірлесіп жазған «Менің Қазақстаным» әнін мемлекеттік әнұран етіп бекітті. Осы іс барысында авторлардың қатарына Нұрсұлтан Назарбаев қосылды. Ол ән анағұрлым салтанатты шырқалу үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді.

Қазақстанның жаңа әнұраны 2006 жылы 11 қаңтарда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

2023 жылғы 15 ақпанда Елбасы туралы заң ресми түрде күшін жойды. Осыған қатысты Конституциялық заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Бұған дейін Парламент Тұңғыш президент – Елбасы туралы туралы Конституциялық Заңның күшін жою туралы заңды қабылдады.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметовтің айтуынша, бұл құжат республикалық референдумда қабылданған өзгерістерді Конституцияға енгізуге мүмкіндік берген.

«Атап айтқанда, 2022 жылғы 8 маусымда Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Ата Заңның 46-бабындағы «ҚР Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілетігі ел Конституциясысы мен конституциялық заңы анықтайды» деген 4-тармақ алынып тасталды», – деді Арман Қожахметов Мәжілістің жалпы отырысында.

5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты республикалық референдум өтті. Қазақстандықтар дауыс берген маңызды өзгерістердің бірі – Негізгі заңнан Нұрсұлтан Назарбаевты алып тастау болды.

29 маусымда Сенат депутаттары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев университеті» және «Назарбаев қоры» жоғары қамқоршылық кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады.

29 қыркүйекте Әділет министрі Азамат Есқараев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Н.Назарбаевтың қандай мәртебесі сақталып қалғанын жариялады.

«Экс-президенттің мәртебесіне келер болсақ,«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңымызда экс-президентке тиісті кепілдіктер қарастырылған. Оған сәйкес, экс-президент тұрғын үй және көлікпен қамтамасыз етілуі керек. Президент туралы Конституциялық заңда бұл нақты көрсетілген. Ал қалған заңнамалардың барлығынан дерлік оның ерекше мәртебесі туралы заңдар алынып тасталды немесе алып тастауға қатысты үрдістер жүргізіліп жатыр», – деген болатын Әділет министрі.

Сондай-ақ оқыңыз