Дәл қазір бизнесті несиелеу мәселесі өте өзекті. Осы орайда корпоративтік займ берумен айналысатын екінші деңгейлі банктердің қандай шарттармен несие ұсынатынын білу маңызды. Елімізде қазір бірқатар банк бизнеске кредит береді, тиісінше шарттары да әртүрлі.
Bereke Bank
Қаржы институты ЖК және ЖШС-ға арнап шот ашады және ЖК-лар үшін 5 млн теңгеге дейін, 1-3 жыл мерзімге, 29,5 пайызбен несие береді. Банктер бизнесті несиелеу үшін мобилді қосымшада авторизация жасап, онлайн өтінім беру жеткілікті. Қаражат банктен ашылған шотқа келіп түседі.
Bereke Bank онлайн несиесінің қандай артықшылықтары бар:
- Несие алу үшін табысты растау қажет емес;
- Мерзімінен бұрын өтеп тастағаны үшін айыппұл есептелмейді;
- Банк шешімді 5 минут ішінде қабылдайды.
Борышкерге қойылатын талаптар:
- Жас мөлшері 25-60 жас аралығында;
- Шаруашылықты жүргізу мерзімі 12 айдан кем болмауы тиіс;
- Несие тарихы жақсы болуы керек;
- Мерзімінен кешіктірілген қарыз болмауы тиіс.
Несиені өтеу жолдары:
- Қаррызды банк бөлімшесіндегі касса;
- cash-in функциясы бар банкомат;
- Өзге банктердегі шот нөмірі арқылы теңгемен аударым жасау арқылы төлеуге болады.
- Несие бекітілген күні 24:00-ге дейін өтелуі тиіс.
«Еуразиялық» банк
Бұл банктегі бизнес-мақсаттарға арналған кредит теңге, еуро және доллармен беріледі, ең жоғарғы сомасы – банк меншікті капиталының 25 пайызынан аспайды. Пайыздық мөлшерлеме жеке белгіленеді (ЖТСМ мөлшері жылдық 18 пайыздан бастап). Айналым қаражатын толықтыруға арналған кредит – 3 жылға дейін, инвестициялық мақсаттарға – 7 жылға дейін беріледі.
Бизнеске қойылатын талаптар:
- Өтінім берілген күнге дейін 6 айдан кем емес уақыт бойы (үздіксіз) әрекет ететін тұрақты бизнес;
- Жағымсыз кредит тарихының болмауы.
Банктің екінші жобасы – «Ақша кепілмен» деп аталады. Бұл – депозиттегіні кепілге бере отырып бизнесті несиелеудің тағы бір жолы.
- Қарыз валютасы – теңге, доллар және еуро;
- Ең жоғарғы сомасы – депозит сомасының 99 пайызынан асырмай және 5 млн доллар немесе теңгедегі не болмаса еуродағы балама сомасы;
- Пайыздық мөлшерлеме – депозит бойынша мөлшерлеме (шоттағы ақшаға) – жылдық 2,5-4 пайыз (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі – 2,9 пайыздан бастап);
- Кредит мерзімі – ақшаның шотқа/депозитке салынған мерзімі.
Ерекше талап:
- Банктегі шотта/депозитте ақшаның болмауы.
Jusan Bank
Қаржы институты инвестицияға және айналым қаражатын толықтыруға несие ресурсын ұсынады. Займ сомасы 100 млн теңгеге дейін деп белгіленген. Борышкер кепіл ретінде жылжымайтын мүлік ұсынуға міндетті. Сондай-ақ банк кредиті тек төл валюта – теңгемен ұсынылады.
Несие рәсімдегісі келетін жеке кәсіпкерлер (ЖК) үшін қажетті құжаттар:
- Жеке куәлік;
- ЖК тіркегені туралы анықтама;
- Несие тарихы субъектісінің келісімі;
- Қол қойылып, мөр басылған несие алуға берілген өтінім;
- Қол мен мөр бар анкета.
ЖШС-ға арналған құжаттар:
- Жеке куәлік;
- Заңды тұлғаны тіркеу туралы жарғы немесе өтініш;
- Несие тарихы субъектісінің келісімі;
- Қол қойылып, мөр басылған несие алуға берілген өтінім;
- Қол мен мөр бар анкета.
ЖК-ның тіркелгеніне 12 айдан асу керек, жас шамасы 21-63 аралығында болуы міндетті. Сондай-ақ салық және қаржы ұйымы алдында өтелмеген борышы болмауы тиіс. Офшорлық аймақ пен сенімсіз компаниялар тізімінде бар-жоқ екені де қатаң тексеріледі.
ВТБ Банк (Қазақстан)
Бұл қаржы ұйымы 36 айға дейінгі мерзіммен, 5 млн теңгеге дейін кредит береді.
Негізгі мақсаттары:
- Инвестиция;
- Жөндеу, қайта жөндеу;
- Коммерциялық мақсатта пайдалану үшін негізгі құралдарды сатып алу және жаңғырту.
- Айналым қаражатын толықтыру немесе клиенттің қаржылық-шаруашылық қызметімен байланысты операциялық шығындарды қаржыландыру;
Бизнесті несиелеу банктің Астана, Петропавл, Орал, Қарағанды, Өскемен және Шымкент қалаларындағы филиалдарында рәсімделеді.
Freedom Bank
Банк 100 млн теңгеге дейінгі көлемдегі қаражатты 5 жыл мерзімге жылдық 20 пайызбен ұсынады. «Даму» қоры арқылы 8 пайызбен рәсімдеу мүмкіндігі бар. Бұл ретте мөлшерлеменің әрбір несие өтінімі бойынша скорингтік жүйе арқылы жеке анықталатынын да айта кетуіміз керек.
Негізгі шарттары мынадай:
- Несиені өтеу тәсілі: аннуитетті және тең үлеспен;
- Кез келген уақытта несиені мерзімінен бұрын жауып тастауға рұқсат етіледі;
- Ішінара мерзімінен бұрын өтеу кезінде ішінара өтеу сомасы ай сайынғы екі төлемнің сомасынан кем болмауға тиіс;
- Несие қолма-қол немесе қолма-қолсыз беріледі;
- Несие қаражатын аударғаны үшін соманың 1 пайызы мөлшерінде (ең көп дегенде 200 мың теңге) комиссия ұсталады.
Жасы 22-64 аралығындағы кез келген кәсіпкер Freedom Bank несиесін алуға ынта білдіре алады. Бұл ретте ЖК-ның тіркелу мерзімі 6 айдан кем болмауы керек.
Halyk Bank
«Қазақстан Халық Банкі» жұмыс істеп тұрған бизнеске кредит береді. Бұл орайда олардың мақсаттары былай айқындалады:
- Айналым капиталын толықтыру;
- Бизнесті дамыту;
- Бизнес ұйымы үшін мүлік сатып алу;
- Коммерциялық нысан құрылысын жүргізу;
- Ғимарат немесе нысанды қайта жөндеуден өткізу;
- Жарғылық капиталдағы қатысу үлесін сатып алу;
- Бағалы қағаздарды сатып алу;
- Проблемалық емес, мерзімі өтпеген қазіргі қарызды қайта қаржыландыру:
Банк несиені теңгемен немесе доллармен береді, сонымен қатар кепілмен қамтамасыз ету үшін ақша немесе жылжымайтын мүлік сұрайды.
Қосымша қамтамасыз ету ретінде жер телімдері, құрылғылар, тауарлық-материалдық қорлар, транспорт құралдары және басқа да жылжитын мүліктер қабылданады. 35 млн теңгеге дейінгі несиеге өтінім берілген кезде өтінім жеңілдетілген процедура негізінде қарастырылады және өтінім бойынша шешім қабылдау уақыты біршама қысқарады.
Nurbank
Қаржы институты шағын және орта бизнес субъектілерін, соның ішінде микрокәсіпкерлікті де қолдайды, оларға арнап айналым қаражатын толықтыруға, инвестициялық мақсатқа, өзге банктерден алған займдарды қайта қаржыландыруға кредит береді. Негізгі несие валюталары – теңге мен доллар, бірақ банктің өкілетті органының шешімі бойынша басқа шетелдік валюталар да қарастырылуы мүмкін.
Сыйақы мөлшерлемесі банктің өкілетті органының шешімімен бекітіледі. Ал несиелеу түрі – банктік займ. Бұл ретте несиелеу мерзімі әртүрлі: егер займ инвестициялық мақсатқа алынса – 84 ай; айналым қаражатын толықтыру үшін алынса – 60 ай. Несие желісі аясындағы траншс болса – 24 айға дейін.
Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден сенімді үш банкті тарту керек деп тапсырма берген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы банк секторының алдына нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20 пайыз және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз етуді міндет етіп қойып отыр.
Тамыз айының басында екінші деңгейлі банктердің бизнесті несиелеу көлемі 13,1 пайызға көбейіп, 9,92 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде заңды тұлғаларға берілген несиелер 8,62 трлн теңге (бір жылда 7,9 пайызға көбейген), ал жеке кәсіпкерлерге кәсіпкерлік мақсаттағы несиелер 1,3 трлн теңге (65,7 пайызға көбейген) болыпты.
Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық банктердің несиелік белсенділігінің өсуі 2021 жылы басталған. Бұл пандемияның ауыр соққысынан кейін бизнес пен жеке кәсіпкерліктің жандануына және қазақстандық кәсіпкерлердің COVID-19-мен байланысты дағдарыстан шығуға көмектесу үшін қолжетімді қаржыландыруға сұранысының артуына сәйкес келеді. Банктердің тек ірі кәсіпорындарды ғана емес шағын кәсіпкерлік пен жеке кәсіпкерлікті де несиелеуге дайын болуы ерекше маңызды. Дағдарыстарға неғұрлым осал, бірақ сонымен бірге мобильді және экономикалық үрдістерге сезімтал бұл кішігірім кәсіпорындар қазір бүкіл әлемде бірінші орынға шығып жатыр.