Жаңалықтар

Қаржы министрлігінің есебінде ҚМГ акцияларын Ұлттық қорға сатудан түскен қаржы «дивиденд» ретінде көрсетілген

дивиденд
Фото: kursiv.media

Қаржы министрлігі 2023 жылдың 11 айындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінде ҚМГ акцияларын Ұлттық қор қаржысына сатудан бюджетке түскен қаржыны Ұлттық қордан аударылатын трансферт ретінде емес, «мемлекет меншігіндегі акциялардың мемлекеттік пакеnіне түскен дивиденд» бағанында көрсеткен.

Экономист Ғалымжан Айтқазинов есепте биыл бюджетке Үлттық қордан түскен қаржы 3,92 трлн теңге деп көрсетілгеніне назар аударады. Оның 2,17 трлн теңгесі – кепілдендірілген трансферт болса, 1,75 трлн теңгесі – нысаналы трансферт. Жалпы 2023 жылы бюджетке Ұлттық қордан 4 трлн теңге трансферт бөлу жоспарланған. Яғни жоспар 100 пайыз орындалып отыр.

Алайда мемлекет меншігінен түсетін түсім жоспардан 500% асып кеткен. Министрлік есебінде мемлекеттік акциялар бойынша түскен дивиденд көлемі жоспарланған 212 млрд теңгенің орнына 1,1 трлн теңгені құрағаны жазылған.

Яғни, 2023 жылы Ұлттық қордан парламенттің мақұлдауынсыз, квазимемлекеттік компания акцияларын сату арқылы шығарылған қаржы бюджет есебінде де трансферт ретінде емес, акциялар пакетінен түскен дивиденд ретінде көрсетілген.

2022 жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын өзгеріс енгізілген. Бұл өзгеріс «Самұрық-Қазынаға» Ұлттық қордан тікелей (бұрынғыдай бюджет арқылы емес) несие беруге рұқсат берді. 2023 жылдың қыркүйек айының соңында құжатқа қосымша түзету енгізілді. Енді үкімет шешімімен Ұлттық қорға республикалық бюджетті қаржыландыру үшін ҚМГ акцияларын нарықтық құнынан арзан сатып алуға рұқсат етілді, 

Қаржы министрлігінің Ұлттық қорға «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуынға рұқсат етуге байланысты берген түсініктемесінде ҚМГ бағалы қағаздары мен «Самұрық-Қазына» облигацияларын Ұлттық қор есебінен сатып алу 2023 жылғы бюджеттің кіріс бөлігін орындауға мүмкіндік беретіні жазылған. Өйткені биыл ірі кәсіпорындардан түсетін салық азайып, бюджет кірісі қысқарған.

Қазан айында Ұлттық банк «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 500 млрд теңге жұмсаған.

Ұлттық банк бұл шара Үкімет шешіме негізінде жасалып отырғанын хабарлайды. Осыған дейін Үкімет республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық банк қордың 1,3 трлн теңге активін қолданып, «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуы туралы шешім шығарған.

Ал қараша айында Ұлттық банк бюджетке бөлінетін трансферт пен ҚМГ акциялары үшін Ұлттық қордан $1,32 млрд валюта сатты.

2024-2026 жылдары Ұлттық қордан бюджетке 6 трлн теңге кепілдендіріген трансферт бөлінеді.