2024 жылы коммуналдық тарифтер 15-30 пайыз қымбаттайды – министр
2024 жылы Қазақстанда коммуналдық тарифтер 15-30 пайыз қымбаттайды. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
«Коммуналдық тарифтер әр өңір, нысан, инфрақұрылымның тозуына байланысты әртүрлі қымбаттайды. Баға 15-30 пайыз көтеріледі» , – деді министр.
Қуантыровтың айтуынша, бүкіл коммуналды сала: электр энергиясы газ, су, кәріз, жылудың бағасы кезең-кезеңімен қымбаттайды.
Биыл жазда электр қуаты мен су, жылу бағасы қымбаттады. Сол кезде министр осы саладағы мамандардың жалақысын көтеру үшін тариф қымбаттайды деген еді. Өйткені айлығы аз болған соң, білікті мамандар басқа салаға кетіп жатыр.
Коммуналдық тарифтер өсуінің тағы бір себебі – жылу электр станциялары, жылу желілері мен сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту. Кейбір өңілдерде олар 80 пайыз тозып тұр.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдегі энергетика станцияларының 60%-ы күйреу жағдайында тұрғанын айтып, оларды жаңартып, жаңа станциялар салу үшін энергетика үшін тариф қымбаттауы керек деп мәлімдеген.