Жамбыл прокуратурасы төтенше жағдай кезінде негізсіз шығындалған 890 млн теңгені қазынаға қайтарды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жамбыл прокуратурасы төтенше жағдай кезінде негізсіз шығындалған 890 млн теңгені қазынаға қайтарды / kursiv.media

Жамбыл облысының прокуратурасы өңірде ауа райы бұзылуына байланысты жағдайдан кейін тексеру жүргізіп негізсіз шығындалған 890 млн теңгені үкіметтік резервке қайтарды.

«Жарияланған төтенше жағдай нәтижесінде келтірілген залал туралы мәліметтерді қалыптастырудың заңдылығын талдаумен негізсіз шығыстардың алдын алумен 890 млн теңге мөлшерінде Үкіметтің резервіне қайтарылды», – деп жазды прокуратура хабарламасында.

Сонымен қатар, ведомство алқа мәжілісінде облыстың су шаруашылығы жүйесін дамытуға бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығы талқылап, су шығынының жоғары деңгейін, гидроқұрылыстардың тозуын, объектілерді жөндеуге қаражаттың тиімсіз жұмсалуын, сондай-ақ суды үнемдеудің ескірген және тиімсіз технологияларын қолдану мәселелерін анықтаған.

Осыдан кейін прокуратура Су ресурстары және ирригация министрлігі мен облыс әкімдігіне қадағалау актілерін енгізген. Су тапшылығына жауапты уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардың бірқатар лауазымды тұлғалары жауапкершілікке тартылған.

«Трансшекаралық сумен жабдықтау мәселелері бойынша бейінді министрлікке суару арналары мен гидротехникалық құрылыстарды ауқымды қайта құру жөніндегі Кешенді жоспар жолданды.Жоспар шеңберінде өңірде 2025 жылға дейін көлемі 46,2 млн текше метр су болатын 13 су қоймасы салынады, қазіргі уақытта 3 су айдынының құрылысы басталды», – делінген хабарламада.

Сумен жабдықтаудың 13 объектісінде тиісті жұмыс жүргізіліп, оған Жол картасы аясында 1,1 млрд теңге бөлінген.

22 тамызда премьер-министрдің шешімімен «Азаматтық қорғау туралы» заңның 48-бабына сәйкес Жамбыл облысы Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында қалыптасқан өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Облыстың аталған аудандарында ауа-райының қалыптан тыс ыстық болуы және судың тапшылығы салдарынан орын алған шаруалардың шығынын өтеуге ҚР Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу туралы шешім қабылданған.

Осы су дауына байланысты Қазақстан тарапы кеденнен көліктерді өткізбей тастады деген ақпарат тараған.. Бірнеше күннен бері шекарадан өте алмаған жүк көліктері кезек күтуге мәжбүр болған. Ал 14 тамыз күні Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның Жамбыл облысын сумен қамту жағдайына қатысты түсініктеме беріп, Қазақстанға су тапшылығы жайлы ескертілгенін мәлімдеді. 

Сондай-ақ оқыңыз