Қаржы министрі дүкенге барғанда қанша ақша жұмсайтынын айтты

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жамаубаев қанша ақша жұмсайды
Жамаубаев дүкенге барғанда қанша ақша жұмсайтынын айтты / коллаж kursiv.media

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өзі дүкенге барған кезде азық-түлік алуға қанша ақша жұмсайтынын айтты. Ол жұмсайтын қаражаты қандай тауарлар алатынына байланысты екенін түсіндіріп өтті.

«Әрқалай болады. Қазір мен сомасын айтатын болсам, тағы да жалған айтқандай көрінеді. Өздеріңіз де түсінесіздер ғой. Шамамен 20, 30 немесе 40 мың айналасында болады. Қандай тауар сатып алатыныңа байланысты. Өте қымбат тауарлар бар, мысалы, химиялық өнімдер. Арзан тауарлар бар. Нақты бір соманы айтқаным жөн болмайды»,– деді министр Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар, Жамаубаев жаңа жылдық дастарқанға қанша қаржы жұмсайтыны туралы сұраққа да жауап берді.

«Шынымды айтсам, ол туралы ойланбаған екенмін. Біз күнделікті жиналыстар, кеңестерге қатысамыз. Дастарқан жайлы жұбайым біледі. Мен одан сұрап, сіздерге кейінірек айтып берейін»,– деді Жамаубаев.

Осыған дейін жаңа жылдық дастархан жасау үшін қанша қаржы жұмсалатынын туралы жазған едік.  Сіз барлық тауар түрлерін 1 кг немесе 1 литр көлемінен көп алмайтын болсаңыз, жаңа жылдық дастарханыңызға кем дегенде 20 мың теңгеге шығындаласыз.

Дастархандағы молшылық жаңа жылды жақсы қарсы алудың бір факторы есептелетіндіктен, қазақстандықтар азық-түлікке кететін қаржыны аямай жұмсайды.

2023 жылдың қараша айында елде жылдық инфляция баяулап, 10,3% құрады. Аймақтар бойынша инфляция 17 өңірде бәсеңдеді. Бұл ретте, қараша айында елдегі айлық инфляция 1% болды. Қарашада азық-түлік тауарларының бағасы 9,2% дейін ж/ж (қазанда – 10,4%) баяулады. Осы топ тауарларының бағасы Ұлытау облысында (12,4%) тез, ал Шымкент қаласында (6,8%) баяу өсті.

Сондай-ақ оқыңыз