Жаңалықтар

«Миллионға жуық алатын шығар»: Қаржы министрі жаңа жыл алдындағы сыйақы жайлы айтты

Қаржы министрлігі қызметкерлері қанша сыйақы алады / коллаж kursiv.media

Жаңа жыл алдында Қаржы министрлігі қызметкерлері 3-4 айлық есебінде, шамамен 1 млн теңгеге дейін сыйақы алады. Бұл туралы ведомство басшысы Ерұлан Жамаубаев айтты. Ол «Курсив» тілшісіне берген жауабында сыйақының 1 млн теңгеге жетуі мүмкін екендігін атап өтті.

Министрдің айтуынша, сыйақы төлеу үшін қосымша бюджет қаралмайды. Бұл министрліктің үнемдеп қалған қаражаты есебінен төленеді. 

«Мұның бәрі заңды. Әр орган өзі шешім шығарады. Біздің министрлікте аймақтар бөлек қаржыландырылып, орталық аппарат бөлек қаржыландырылады. 3-4 айлық есебінде сыйақы беріледі»,– деді министр.

Жамаубаевтың айтуынша, министрліктегі жалақы деңгейі төмен. Сондықтан оның есебі бойынша қарапайым қызметкерлер шамамен 1 млн теңгеге дейін сыйақы алуы керек.

«3-4 айлық есебінде болатын шығар. Бұл 200-300 мың алатын қызметкерлер үшін елеулі көмек болады. 3-4 айлық дегеніміз шамамен 1 млн теңге. Жаңа жыл алдында алуы керек»,– деді Жамаубаев.

Осыған дейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өзі дүкенге барған кезде азық-түлік алуға қанша ақша жұмсайтынын айтқанын жазған едік. Ол жұмсайтын қаражаты қандай тауарлар алатынына байланысты екенін түсіндіріп өтті.

«Әрқалай болады. Қазір мен сомасын айтатын болсам, тағы да жалған айтқандай көрінеді. Өздеріңіз де түсінесіздер ғой. Шамамен 20, 30 немесе 40 мың айналасында болады. Қандай тауар сатып алатыныңа байланысты. Өте қымбат тауарлар бар, мысалы, химиялық өнімдер. Арзан тауарлар бар. Нақты бір соманы айтқаным жөн болмайды», – деді министр Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар, Жамаубаев жаңа жылдық дастарханға қанша қаржы жұмсайтыны туралы сұраққа да жауап берді.

«Шынымды айтсам, ол туралы ойланбаған екенмін. Біз күнделікті жиналыстар, кеңестерге қатысамыз. Дастархан жайлы жұбайым біледі. Мен одан сұрап, сіздерге кейінірек айтып берейін», – деді Жамаубаев.

Осыған дейін жаңа жылдық дастархан жасау үшін қанша қаржы жұмсалатынын туралы жазған едік.  Сіз барлық тауар түрлерін 1 кг немесе 1 литр көлемінен көп алмайтын болсаңыз, жаңа жылдық дастарханыңызға кем дегенде 20 мың теңгеге шығындаласыз.