Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Qarmet компаниясының жаңа инвесторына қатысты сұраққа жауап берді.
«Qarmet компаниясына бұл салада ешқашан жұмыс істеп көрмеген инвестордың келуін қалай бағалайсыз? Осы акционер арқылы комбинатқа Ресей капиталы кіреді деген әңгіме бар. Сіздің пікіріңіз қандай», – деп сұрады журналист Ерлан Қошановтан.
Ол жаңа инвестор әлеуметтік міндеттемелерді сақтауға, оның ішінде еңбекақы төлеу мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.
«Мен сенетін құзырлы органдар осындай шешім қабылдады. Сондықтан мен бұл шешімге сенемін», – деді Мәжіліс төрағасы.
Естеріңізге салайық, 28 қазанға қараған түні ArcelorMittal Тemirtau компаниясының Костенко атындағы шахтасында жарылысы болды. Салдарынан 46 кенші қайтыс болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтып, Үкіметке ArcelorMittal Тemirtau компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, оны Әлихан Смайылов басқарды. Шахтада болған апатты бас прократура тексерді.
Президенттің тапсырмасынан кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеме жасап, ArcelorMittal Temirtau компаниясының меншік құқығы заңды негізде Қазақстанға берілетінін мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен ArcelorMittal Temirtau АҚ-ның қазіргі акционерлерін акционерлік құрамнан шығару жөнінде келіссөздер жүргізілді. Бұл келіссөздер нәтижесінде қазан айының аяғында кәсіпорынның меншік құқығы Қазақстан Республикасының меншігіне өтетіні жөнінде келісімге қол жеткіздік. Компания бұл ақпаратты баспасөз хабарламасы арқылы растаған болатын. Қазіргі таңда осы мәмілені заңды негізде жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын арада бұл үрдіс аяқталады», – деді Қанат Шарлапаев.
Бұған дейін 17 тамызда ArcelorMittal Temirtau компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болды. Мұнда конвейер таспасынан өрт шықты. Шахтада 227 адам болған. 222 адам оқпан арқылы жер бетіне шығарылды. Кеншілердің 13-і жарақат алып, 5 адам мерт болды.
Жалпы тәуелсіздік жылдары ArcelorMittal Temirtau АҚ шахталарында 160-қа тарта кенші қаза тапқан.
Осы оқиғадан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындардағы апаттардың жалғасуы оның инвестициялық және басқа да міндеттемелерінің өрескел бұзылғанын көрсетеді, оның кейіннен Қазақстан нарығында болуы үшін тиісті салдары бар», – деп мәлімдеген.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Қазақстан» шахтасындағы өрттің ең алдымен кәсіпорын иесінің кінәсі екенін айтқан.
Премьер-министрдің мәлімдеуінше, бұған дейінгі апаттардан кейін ArcelorMittal Temirtau басшылығы барлық қажетті шараны қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген. Алайда келісімді толық көлемде орындамаған.
Сол кезде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ArcelorMittal Temirtau компаниясының Қазақстан нарығында қалу-қалмауына қатысты тиісті шешімді жақын арада қабылдайтынын мәлімдеген болатын.
3 қазанда Өнеркәсіп және құрылыс министрі ArcelorMittal Temirtau компаниясы Қазақстанда жұмысын жалғастыру үшін инвесторды ауыстыру шарт емес екенін мәлімдеген.
Алайда министр айтқандай болмады. «Қазақстан» шахтасындағы трагедия Костенка атындағы шахтадағы апатқа ұласты.
4 қазанда премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үкімет ArcelorMittal Temirtau АҚ инвесторын елден қуу мақсатын көздемейтінін, керісінше, билік алдында кәсіпорынды сақтап қалу міндеті тұрғанын айтты.
«Бұл компаниямен бірдеңе жасау керек, өйткені олар бұл режимде жұмыс істей алмайды. Мақсат – инвесторды қуу емес. Мақсат – «Арселорды» құтқару. «Негізінен инвестордың кетпегені дұрыс. Олар барлық талаптарға сай болса, жұмыс істей алады. егер талаптарға сай келмесе, шешім қабылдануы керек. Шарлапаев мырза, бұл туралы айтты, халықаралық стандарттар бойынша біздің азаматтардың құқықтары сақталуы керек. Әсіресе, өндірісте жұмыс істейтін жұмысшыларға қалыпты еңбек жағдай жасалуы керек. Осының бәрі сақталса, инвесторға ешқандай сұрағымыз болмайды», – деген болатын Ерұлан Жамаубаев.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстан үкіметі ArcelorMittal Temirtau АҚ-ға жаңа инвестор тарту мәселесі қарастырылып жатқанын жариялаған.
«Тиімді жұмыс істей алатын және осы өндірісті дамытуға инвестиция салатын басқа инвесторларды тарту жұмысы жүргізілуде. Атап айтқанда, еңбек қауіпсіздігін сақтайтын инвестор тарту ойда бар. Әзірге қандай компанияларды қарастырып жатқанымызды айта алмаймын, оған әлі ертерек», – деген Роман Скляр.
Костенко атындағы шахтадағы апаттан кейін Үкімет үйінің баспасөз қызметі ArcelorMittal Temirtau АҚ Қазақстанның меншігіне берілетінін хабарлады.
«Үкімет ArcelorMittal Temirtau АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталып қалғанын хабарлаймыз», – деп жазылды хабарламада.
Үкіметтің бұл мәлімдемесін ArcelorMittal Temirtau компаниясы да растады. Компания кәсіпорынды мемлекет меншігіне өткізу мәселесін тез арада шешуге мүдделі екенін жеткізді.
«Қазақстан үкіметі бүгін хабарлағандай, екі тарап «ArcelorMittal Temirtau» компаниясының болашағын талқылады және жақында Қазақстан Республикасына меншік құқығын беретін мәміле туралы келісімге алдын ала қол қойылғанын растайды. ArcelorMittal үзілістерді азайту үшін осы транзакцияны мүмкіндігінше тезірек аяқтауға міндеттенеді», – делінді баспасөз хабарламасында.
8 желтоқсанда үкіметте өткен жиында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Allur компаниялар тобының иесі Андрей Лаврентьев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционері болғанын жариялады.
Оның дерегінше, келіссөз процесі жалпы 11 раундқа созылды, оның жетеуі 2023 жылдың қыркүйегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылғаннан кейін өтті. Дәл осы кезеңде екі тарап та ортақ мәмілеге келген.
Шарлапаевтың сөзінше келіссөз барысында компанияның бұрынғы акционерлері ArcelorMittal 3,5 млрд доллар сұратқан.
«Мемлекет активтердің құнын 3,5 млрд-тан 286 млн долларға дейін төмендетті. Мәмілені іске асыруға бюджеттен бір де бір теңге жұмсалған жоқ», – деді Қанат Шарлапаев.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі ArcelorMittal «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына қаражат аударатынын айтты.
«ArcelorMittal өкілдерін «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорын қолдау үшін 16 млрд теңгеге (34,6 млн АҚШ доллары) жарна аударуға көндірдік. Қорға АМТ-дан түсетін қаражат Қарағанды облысы тұрғындарының денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы өзекті мәселелерін шешуге және өңірдің әлеуметтік маңызы бар жобаларын дамытуға бағытталады. Осы соманың 50%-ы Теміртау қаласын дамыту мақсатында қолданылады», – деді Қанат Шарлапаев.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі жаңа инвестор ArcelorMittal Temirtau-ға Qarmet деген тарихи атауын қайтаруы мүмкін екені туралы болжам жасады.
«Жаңа инвестордың шешімін күту керек. Біздің көзқарасымыз бойынша, Qarmet тарихи атауын қайтару дұрыс болатын еді. Жұмысшылар мен облыс тұрғындары бізді қолдайды деп ойлаймын», – деді Қанат Шарлапаев.
Ол инвестор ретінде неге Allur компаниялар тобы АҚ таңдалғанын түсіндірді.
«Жаңа инвестор үшін шешім қабылдау орталығы Қазақстан болуы керек. Бұл – Қазақстанда жұмыс істегісі келмейтін немесе Қазақстан бизнесінің бір бөлігі болып табылатын адамдар болмауы керек. Бұл біздің ұстаным. Инвестор немесе инвесторлар тобы үшін шешім қабылдау орталығы Қазақстан болса, бұл жақсы таңдау. Allure Group компаниясының қазіргі бизнесі мен болат өндірісі арасында әлеуетті синергия бар. Барлығы көліктің металдан жасалатынын түсінеді. Міне, осыған байланысты біз автомобиль болатының өндірісіне қол жеткізе аламыз және оны қазіргі бизнеспен біріктіре аламыз. Бұл жерде қалыпты бизнес логикасы бар, өйткені бұл бізге логистикалық шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді», – деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі.