Жаңалықтар

NeMolchi.kz қоғамдық қорының басшысы Дина Тәңсәріге іздеу жарияланды

Дина Таңсәрі іздеу
Дина Таңсәрі алаяқтық жасады деген күдікке ілінген /Фото: facebook.com/dina.tansari.kz

Ішкі істер министрлігі NeMolchi.kz қорының жетекшісі Дина Таңсәріге іздеу жариялады. Бұл ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органының сайтында жарияланған.

Онда Смаилова Динара Ботаевнаға іздеу жарияланғаны жазылған.

«Туған күні: 21.02.1969, жынысы: әйел, Қазақстан Республикасының азаматы, қазақ. Іздестіру ісі 27.12.2023 «Шығыс Қазақстан облысы өңірде тіркелді». Бастамашы: ҚР ІІМ. Іздестіруді жүргізетін орган: Өскемен қаласының полиция басқармасы»,- деп көрсетілген.

Еске сала кетсек, NeMolchi.kz қорының басшысы Дина Таңсәрі алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Бұл жайлы ШҚО-ның полиция департаменті хабарлады.

«2023 жылдың 6 қазанында Өскемен қаласы Ертіс аудандық полиция басқармасы Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі»,- делінген хабарламада.

Журналистер Ішікі істер министрі Ержан Сәденовтен Дина Таңсәріге қатысты қозғалған іс туралы сұрады. БАҚ өкілдері қазақстандықтардың бұл істің ойдан шығарылғанын айтып жатқанын, бұл ұйымның зорлық-зомбылық құрбандарына құқық қорғау органдары бере алмаған қолдауды көрсете білгенін айтты. Осы орайда министрден Тәңсәрінің үстінен қозғалған қылмыстық істі қаншалықты орынды деп санайтыны туралы және ІІМ-нің бұл орайда позициясы қандай екенін нақтылады. Министр бұл істің арызданушының өтініші негізінде қозғалғанын айтты.

Өз кезегінде бұл қылмыстық істі ІІМ өз бастамасымен қозғамағанын жеткізді. Оның айтуынша іс арызданушының өтініші бойынша қозғалып отыр. Саденов әзірге бұл іс жайлы айту қиын екенін және тергеу құпиялылығын сақтауға мәжбүр екенін жеткізді. Ол полицияның толыққанды зерттеу жүргізіп барып, бұл іске қатысты пікір білдіретінін мәлімдеді.

Журналист Дина Тәңсәрінің полицияның жіберген қателіктері туралы жиі қозғағанын, қоғам белсендісі жауапты органдардың дұрыс жұмыс жүргізбегені туралы жиі айтатынын, осы орайда құқық қорғау органдары үшін ыңғайсыз адам болғанын айтты.

«Шыны керек зорлауға ұшыраған адамдар полицияның дұрыс жұмыс істемеуі себепті, қиындықтарға тап болып, үлкен стресс алған. Тәңсәрі осы мәселелерді көтерді. Осыған байланысты полиция одан кек алып жатыр деп ойламайсыз ба?», – деп сұрақты төтесінен қойды журналист.

Алайда, министр мұнда ешқандай кек алу мәселесі жоқ екенін, істің арыз негізінде қозғалғанын қайталап айтты.