Жаңалықтар

Қазақстандықтардың 50%-ы ескі көлік мінеді, ал жаңа көлік үлесі 6% ғана – депутат

автокөлік

Елімізде 20 жылдан асқан ескі автокөлік үлесі 49%, ал 10 жылдық көліктер үлесі 21% /Фото: kursiv.media

Қазақстандықтардың 49%-ы 20 жылдан асқан, ескі автокөлік мінеді. Ал еліміздегі жаңа көлік үлесі 6%-ды құрайды. Бұл жайлы депутат Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында айтты.

Депутат Ұлттық статистика бюросының мәліметін келтірді. Ол мәліметтерден ескі көліктер үлесінің айтарлықтай үлкен екенін көруге болады.

«Қазір Қазақстанда 4 млн жеңіл автокөлік, 454 мың жүк көлігі мен 95 мың автобус бар. Стандартқа салсақ, темір тұлпардың талқаны шықпай жүріп беретін уақыты ең көп дегенде 10 жыл. Ал Қазақстанда тіркелген жеңіл автокөліктердің 49 пайызының зауыттан шыққанына 20 жылдан асқан, 21 пайызына 10 жыл толған, осылай кете береді. Жаңа деп саналатын 3 жылға дейінгі жеңіл автокөліктердің үлесі елімізде 6 пайыз ғана екен. Осыдан-ақ Қазақстандағы автопарктің мүшкіл жағдайын білуге болады. Қазақта: «Шабатын көлік күй тілейді» дейтін бар. Бірақ 4 млн жеңіл автокөліктің тең жартысының тас жолға табаны тигеніне 20 жыл толған болса одан қандай күй сұраймыз?», – дейді депутат.

Депутаттың айтуынша, шетелден жаңа әрі қолжетімді көлік мінгісі келетін қазақстандықтар «ақылға сыймайтын кедергілерге» тап болады.

«Қазақстанға шетелден автокөлік әкелу үшін бірнеше төлем жасау керек. Бірінші, көлік бағасының 12 пайызын құрайтын қосымша құн салығын төлеу керек. Екінші, автокөлік бағасының 15 пайызына тең мемлекеттік баж төлеу керек. Үшінші, сәйкестендіру сертификатын төлеу керек. Яки, шетелден қандай автокөлік әкелсең де, олардың Қазақстандағы диллерлерінен сертификат алу шарт, оның құны 60 мың теңгеден – 140 мың теңгеге дейін. Төртінші, кедендік алым төлеу керек, шамамен 20 700 теңге. Бесінші, автокөлік қозғалтқышының көлеміне қарай утиль алым төлеу шарт. Ол 258 750 теңгеден бастап қымбаттай береді. Қозғалтқыш көлемі 3-тен асса 1 983 750 теңге, оған қоса шамамен 350 000 теңге акциз төлеу керек. Әрі қарай, көліктің шығарылған жылына қарай төлем бар. Егер Қазақстанға әкелінген көліктің шығарылғанына 3 жылдан асса, тағы 1,8 миллион теңге төлеу керек. Оған СВХ мен порттың және брокерлердің ақшасын қосыңыз. Осынша міндетті  төлемнің салдарынан шетелдегі сапалы автокөлікті Қазақстан азаматтары әкеліп міне алмайды», – деді депутат.

Депутат барлық проблема «кедендік сеткада» екенін айтты. Ол Hyundai Elantra көлігінің бағаларына мысал келтірді. Айтуынша, ресми сайтта бұл көліктің бағасы 11 миллион теңгеден басталады. Ал шетелде сол автокөлікті кемінде екі есе арзанға алуға болады екен.

«Бірақ кедендік сеткада аталған көліктің бағасы 13 800 доллар деп бекітілген. Сіз оны шетелден 10 000 долларға сатып алсаңызда, Қазақстанға тек 13 800 доллар деген бағамен кіреді. Сондай-ақ барлық салықтық және міндетті төлем осы бағадан есептеледі», – дейді депутат.

Осы ауыртпалықтан қашқан азаматтар таусылмайтын  төлемнен қашып, шетелден алған автокөліктерін Қырғызстанға әкеліп, 2 есе арзанға тіркейді. Содан кейін Қазақстанға кіргізеді.

«Осылайша біз өз қолымызбен өзге елдің бюджетіне қаржы құйып отырмыз. 2023 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында Қырғыз еліне 41 мың автокөлік кірген. Кейін соның біраз бөлігі біздің елге өткен делінеді ашық дерекөзде. Осылайша Қазақстан азаматтарын жақсы көлік міну құқығынан қағып және қазынаға түсуге тиіс қыруар қаражаттан да қағылып отыр», – дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат осы мәселеге байланысты Қазақстанға шетелден кіргізілетін автокөліктердің шектік құны бекітілген кедендік сетканың бағасын төмендеткен дұрыс деп санайды. Сондай-ақ алғашқы тіркеу бағасын түсіру де маңызды. Сонымен бірге Қазақстанға әкелінетін көліктердің шыққанына 3 жылдан асса, оған 1,8 млн төлеу міндетеледі. Осы мерзімді 7 жылға дейін созуды және утиль алымның бағасын төмендетуді қарастыру қажеттігін айтқан.

Еске сала кетсек, 2022 жылғы желтоқсанда 124,2 мың бірлік автокөлік құралы есепке қойылды. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 1,5% азайған, оның ішінде тіркелген жеңіл автомобильдер саны 5,1%-ға төмендеген. Ал жүк автомобильдерінің саны 68,4%-ға, автобустар 2,1 есе артқан.

Осылайша 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 4 449,3  мың бірлікті құрады, оның ішінде 87,9%-ы – жеңіл автомобильдер, 10%-ы – жүк автомобильдері және 2,1%-ы – автобустар. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда жалпы автомобильдер саны 3,7%-ға артты, оның ішінде жеңіл автомобильдер саны 2,9%-ға, жүк автомобильдері – 7,1%-ға, автобустар 24,7%-ға көбейді.