«Қазақмыстың» Жыланды кенішінде жұмысшы қаза тапты
Тек қараша айында компанияда 4 кенші қаза тапты / Фото: kursiv.media
«Қазақмыста» кенші қаза тапты. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақмыс» компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша жазатайым оқиға 2023 жылдың 26 желтоқсанында Ұлытау өңірінде орналасқан Жыланды кенішінде болған.
«Сағат 18:30-да «Шығыс Сары-Оба» кенішінің учаскелерінің бірінде жерастында өздігінен жүретін машинаны жүргізу барысында 1992 жылы туған машинисті абайсызда қағып кеткен. Нәтижесінде қызметкер алған дене жарақаттарынан қайтыс болды. «Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен еңбек ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады»,- делінген хабарламада.
Компания апаттың мән-жайы мен себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрған.
Компанияда жазатайым оқиғалар көбейген
Күні кеше ғана үкімет отырысында премьер-министр «Қазақмыс» кәсіпорындарында өндірістік жарақаттану 3 есе артқанын айтты. Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстанда жылына 2 мыңға жуық адам өндірісте жарақат алса, 200 астам азамат қайтыс болады.
«Қазақмыс» компаниясында биыл өндірістік жарақаттану былтырмен салыстырғанда 3 есе өссе, бұрынғы «АрселорМиттал Теміртауда» адам өліміне алып келген жағдайлар саны 7 есе өскен.
Расымен «Қазақмысқа» тиесілі кеніштерде соңғы уақытта жазатайым оқиғалар көбейді. Мәселен, 6 қарашада «Қазақмыс» компаниясына қарасты Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында жұмысшы қаза тапты.
Ал 22 қараша күні «Қазақмыс» компаниясының Жезқазған байыту фабрикасында жазатайым оқиғадан бір адам көз жұмды.
Ал 27 қарашада «Kazakhmys» компаниясының «Жайсаң» шахтасында 2 кенші қаза тапты.
Осыған дейін дәл осы «Жыланды» кенішінде 6 қызметкер жарақат алғаны туралы хабарланған еді.
Компанияның жұмысшыларға жасаған еңбек жағдайы кеншілердің көңілінінен шықпайды. Өйткені кеншілер еңбек жағдайына қатысты бірнеше рет ереуіл ұйымдастырды. Сондай ереуілдің бірі 13 тамызда түнгі ауысымға шыққан Сәтбаев қаласындағы №65 шахтасында болды. 100-ге жуық кенші еңбек жағдайын жақсартуды, жұмысшылардың бір жылдық еңбегін еңбек өтілінде бір жарым жылмен санауды талап еткен. Сондай-ақ ескі тау-кен жабдықтарын ауаны тазалайтын кондиционері бар жаңа жабдыққа ауыстыруды, жұмысшылар қабылдауды, шахталарда жұмысшылардың не себепті тапшы екенін түсіндіруді сұраған.
Ал, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Қазақмыс» кеншілерінің қауіпсіздігіне толық кепілдік бере алмаса да, заң құзыреттілігі шеңберінде кепілдік бере алатынын айтты. Әкім негізінен қауіпсіздікке бірінші кезекте компания мүдделі екенін алға тартты.
«Қазақмыс» – Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші. Компанияға 10 кеніш, бес тау-кен байыту фабрикасы, екі мыс балқыту зауыты, екі көмір разрезі бар. «Қазақмыс» кенді өндіруді және оны тауарлық металға өңдеуді жүргізетін өндірістік объектілерді басқарады. Корпорацияға кәсіпкерлер Владимир Ким мен Эдуард Огай «Kazakhmys Copper» АҚ арқылы иелік етеді. Олар «Қазақмыс корпорациясының» 69,37% және 29,73% үлесіне иелік етеді.