Қазақстандық B2B SaaS-компаниялар болашақта нені ескеруі тиіс?

Жарияланды
B2B SaaS-компаниялар алдағы жылы нені ескеруі керек / Фото: shutterstock

Қазақстанның B2B SaaS нарығына төнуі мүмкін қауіптер мен ашылатын мүмкіндіктері қандай? DAR Solutions компаниясының сарапшылары PESTEL әдісімен жасалған анализдің арқасында бизнес, маркетиң, қаржы және стратегиялық жоспарлар дайындауға болады. Компания сарапшылары Айгерім Медетбекова, Игорь Пак және 5Qit дижитал платформасының зерттеу жетекшісі Майя Шеркешбай әзірлеген анализ нәтижесіне шолу жасадық.   

PESTEL анализ деген не?

         Әлқисса, PESTEL анализдің бизнес үшін маңызын атап өту керек. Тіпті тұрақты түрде, кемінде жылына 1-2 рет жасалып тұрғаны дұрыс. Сол арқылы әлдебір стратегиялық маңызды шешімдерді қабылдағанда сенімдірек болуға мүмкіндік бар. Өйткені талдау жасаған кезде компанияның дәл қазіргі ішкі және сыртқы ахуалына да анализ жасалады. Жеті рет ойланып, бір кесілген жоспардың арқасында алда-жалда болып қалуы мүмкін жағдайларға дайын болып, қазіргі кем-кетікті түзетуге болады. Анализдің бұл түрі мынадай бес факторды қамтиды:

  • P (Political)  — саяси факторлар
  • E  (Economic) — экономикалық факторлар
  • S (Social) — әлеуметтіу факторлар
  • T (Technological) — технологиялық факторлар
  • E (Environmental) — экологиялық факторлар
  • L (Legal) — құқықтық факторлар.

         Осы факторларды назарға ала отырып, әрқайсысының қандай деңгейде ықпал ететіні анықталып, отандық B2B SaaS моделімен жұмыс істейтін компанияларға атап өткен факторларға әсеріне терең зерттеу жасалды. Ендеше, анализ нәтижесі қалай болғанына тоқталайық. 

Соғыс, салық және мемлекеттік бастамалар бизнеске қалай әсер етеді?

         Қазақстандағы B2B SaaS нарығының алға жылжуында, дамуында саяси аспектілердің рөлі маңызды. Қазір мемлекет тарапынан IT-саласына аса үлкен көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Оны осы салаға жасап отырған қолдауы мен экономиканы цифрландыру бағытындағы жұмыстарынан көріп жүрміз. Эксперттер осы тұрғыдан алғанда ықпал жоғары екенін атап өтіп, факторға оң баға берген. Сонымен қатар, мемлекеттің ашық әрі әділ бизнес-орта қалыптастырғысы келетін ниетін ескеріп, бизнеске қауіп-қатердің аз болуы мүмкін екенін айтады. Саяси тұрғыда оң баға алмаған фактор ретінде әлемдегі саяси ахуалды атап өтуге болады. Өйткені көрші елдердегі, жалпы шет мемлекеттердегі жағдайлар бизнестің дамуына негатив әсер беруі ғажап емес. Осы ретте нарық қатысушыларына нарық пен клиенттерді әртараптандыру ұсынылады. Ал елдегі салық саясатына қатысты айтсақ, сарапшылар ахуалға тұрақты деген баға беріп, бизнеске төнетін айтарлықтай қауіп жоқ деп отыр. 

Теңгенің құны түсе берсе, кәсіпке одан қандай қауіп бар?

         Келесі — экономикалық факторлар. Анализ нәтижесіне қарасақ, Қазақстандағы B2B SaaS компанияларға экономиканың өсу мүмкіндіктері мен Үкіметтің IT-қызметтерді арттыруға қатысты жоспарын есепке алу қажет екен. Елімізде бизнес бастап, жүргізуге мүмкіндік бар. Эксперттер бұған оң баға берген. Әрі экономикалық тұрақтылық деңгейін де көңіл толатындай деп бағалап отыр. Сарапшылардың бағалауынша, IT-саласында жұмысқа орналасу деңгейі өсіп келеді. Экономикалық факторға жататын ашықтық, жаһандану деңгейі, банк саласының дамуы сынды мәселелер орташа деңгейде ықпал етеді, жалпы оң бағаға ие деп көрсетілген. Әйтсе де, қауіп те жоқ емес. Мысалы инфляцияның жоғары болуы тұтынушылардың сатып алу қабілетіне тікелей әсер ететіні белгілі. Одан қала берді ұлттық валютаның да уақыт өткен сайын құнсызданып жатқанының салдарынан кәсіпкерлер тарапынан сұраныс азайып, шетелдік ойыншылар жағынан бәсекенің қыза түсуі мүмкін екені тағы бар. Жағымсыз бағаланған тағы бір фактор елдегі қаржылық-кредит және салық-бюджет саясатына қатысты болды. Оған Қазақстандағы бизнеске арналған кредиттердің қымбат болғаны себеп. Жалпы алғанда компаниялар осы қиындықтарға дайын болғаны абзал. 

Келіп жатқандар мен кетіп жатқандардың тартысы

         Шетелде тұратын отандастарымыз Қазақстандағы дижитал мүмкіндіктердің салыстырмалы түрде жоғары екенін жиі естіп жатамыз. Жүргізілген талдау нәтижесі де солай көрсетіп тұр. Атап айтқанда, тұрғындардың цифрлану деңгейінің жоғары екенін көріп отырмыз. Яғни халықтың дижитал құралдарды пайдалану деңгейі өсіп келеді. Оң бағаға ие болған келесі фактор — кәсіпкерлерді өзін қалай ұстайтынына қатысты. Отандық кәсіп иелері көбіне инновация, дижитализацияға құмар. Соның арқасында B2B SaaS шешімдерге деген сұраныс артып келеді. Ал қандай қауіп бар? Қазақстандық компанияларға жұмыс күшінің сыртқа тым көп кетіп жатқанын назарда ұстау қажет. Жағдайда реттеу үшін жеке оқу бағдарламаларын әзірлеп, университеттермен серіктесе жұмыс істеу ұсынылады. Одан қала берді жұмыс істеуге жақсы жағдай жасап, IT саласындағы стартаптарға қолдау білдірген абзал дейді. Демек, салағы инвестиция тартуда да стратегия ойластыру керек деген сөз. Кейінгі жылдары болған жағдайларға байланысты Ресейден, ТМД елдерінен мамандар көшіп келіп жатқандықтан, өзімізден көшіп кеткендердің үлесі онша білінбей қалғандай болуы мүмкін. Әйтсе де, ақпараттық технология саласындағы кадр тапшылығы әлі де бар. Ықпал деңгейі төмен деп бағаланған қос фактор — халық санының өсуі мен өмір сапасы. Қазақстандықтардың саны артып келе жатқанымен, мұның қазір қарастырылып отырған нарыққа айтарлықтай әсері болмайды деседі. Жақсырақ күн кешуге талпынып жатқандардың саны да күн өткен сайын көбейіп келеді. Бірақ оның да нарыққа ықпалы төмен.

Инновацияға құмармыз, бірақ енгізуге жылдамбыз ба? 

         Барлық жағынан ықпалы жоғары деп анықталғаны — технологиялық факторлар. Бірақ барлығы бірдей оң баға алмаған. Әлбетте, бұл факторлар Қазақстандағы B2B SaaS нарықтың дамуына айтарлықтай ықпал ететіні анық. Елде IT-компания көбейгені, қанатын кеңге жайғаны жақсы-ақ. Осылайша серіктестікке жаңа мүмкіндік ашылады. Ал дижитал технологиялардың қарқынды дамып жатқаны B2B SaaS-компанияларға жаңа өнімдер мен қызметтер шығаруға жол аша түседі. Бұған дейін атап өткеніміздей, кәсіпкерлер арасында бизнесті дижиталдандыруға ұмтылыс мықты. Соның нәтижесінде жаңа технологиялар пайда болып, нарықта инновация көбейіп отыр. Мұның бәрі, сөзсіз, оң бағаланды. Әйтсе де, жағымсыз ықпалдарды да ескермесе болмайды. Эксперттер бізде инновацияларды енгізу жылдамдығы шет мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келе жатыр деген тұжырымға келген. Сонымен бірге IT-саласындағы инновациялар қарқының азаюына ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінетін қаржының көңіл көншітпейтіні аталған.   

Қоршаған ортаға қамқорлық мәселесі

         Анализдің экологиялық жағы екі фактормен қарастырылыпты. Біріншісі — қағазбастылықтан қашып, қағаз құжаттардан бас тартатын тенденция. Бизнестің цифланғанының арқасында компаниялар біртіндеп дижитал құжат айналымына ауысып жатыр. Бұған берілген баға жағымды, бірақ нарыққа тигізетін ықпалы азғантай. Қоршаған ортадағы мәселелер туралы көпшілік қазір жақсы біле бастады. Десе де, фактордың нарыққа әсері онша жоғары емес. Басты қауіп ретінде батыс нарықтарына қарағанда экологиялық таза шешімдерге деген сұраныстың артта қалып келе жатқаны көрсетілген. B2B SaaS-компанияларға алдағы уақытта табиғатты аялауға шақыратындай шешім ұсыну қажет. Осылайша қоршаған ортаға тиетін кері әсер азаяды. Әрі экология тақырыбын өз дижитал шешімдеріне қолданған абзал.   

Интеллектуал меншік құқығын күшейту керек

         Бесінші фактор — құқықтық. Ықпалы төмен, бірақ жағымсыз әсер ететінінен бастайық. Ол заңнама тұрақтылығына қатысты. Нарыққа айтарлықтай ықпалы болмаса да, бұл жағы бізде тұрақсыз. Негізгі мүмкіндіктер ішінде ақпараттық технология саласындағы заңнаманы дамыту мен интеллектуал меншікті қорғауды күшейту атап өтілген. Бұл тұрғыдан алғанда бизнеске барлық интеллектуал меншік құқығын тіркеу, құқықтық нормаларды сақтау және заңдағы әр өзгерісті бақылап, хабардар болып отыру ұсынылады.   

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні

         Жасалған анализге қарап отырып, Қазақстандағы B2B SaaS-нарыққа технологиялық, саяси және экономикалық факторлардың ықпалы жоғары екенін байқауға болады. Ал құқықтық және экологиялық факторлардың әсері ондай мықты емес. Елдегі технологиялардың дамуы, инновация деңгейінің өсуі салаға оң әсер беруі ықтимал. Соның арқасында инновациялық шешім де молая түсуі мүмкін. Саяси аспектілер жалпы алғанда оң бағаға ие болғанымен, әлемдегі және көрші елдердегі геосаяси жағдайлардың әсер етуі ғажап емесін де есте ұстау қажет. Одан қала берді «қалқып» жүретін ұлттық валюта, инфляция деңгейі, шетелдік инвестициялардың азаюы сынды экономикалық факторларды назардан шығаруға болмайды. Осы PESTEL анализден Қазақстандағы B2B SaaS-нарыққа бірден-бір әсер ететін — инновациялар екенін көріп отырмыз. ал енді инновациялық стратегия құрған кезде B2B SaaS-компаниялар қандай челленжбен бетпе-бет келуі мүмкін? Бұл сұраққа жауап мынадай:  

  • B2B SaaS-нарықта инновациялар қарқыны тым қатты. Әсіресе, шетелдік, соның ішінде ресейлік және украиналық ойыншылармен арада бәсеке қызып тұр. Сонымен қатар компанияларды және табиғи ресурстарды басқаруға келгенде де оңтайлы шешім қабылдай алу қажет.   
  • Айтқандай, нарықта бәсеке көп, технология күн санап қарқынды дамып жатыр. Соған сәйкес бизнес-тұтынушылардың сұранысы да артып келеді. Осы ретте таргет нарықтың не қалайтынын дөп табу оңай шаруа болмайды.
  • Экономикалық тұрғыдан алғанда тиімді инновациялық стратегияларды іске асыру қиындауы мүмкін. Себебі инновациялардың құны шағын және орта кәсіп иелеріне қымбатқа түсуі ғажап емес. Демек, қазақстандық B2B SaaS-компаниялар стратегия құрған кезде осы жағын ескеруі қажет. 
Сондай-ақ оқыңыз