Financial Times мәліметінше, әлемдегі ең ірі 20 банк биыл 61,9 мың қызметкерін жұмыстан шығарған.
Басылым атап өткендей, биылғы жыл банк секторы қызметкерлері үшін 2007–2008 жылдардағы жаһандық қаржылық дағдарыстан кейінгі ең қиын кезеңдердің бірі болды.
Сол тұста қаржы ұйымдары 140 мыңнан астам адамды қызметінен босатуға мәжбүр болды.
Жұмыссыз қалғандардың басым бөлігі UBS Group банкінде тіркелді. Оған Credit Suisse-ті сатып алу және одан кейінгі бизнесті қайта құрылымдау ықпал етті. Нәтижесінде 13 мың маман жұмыссыз қалды. Ал келесі жылы компания басшылығы штатты қысқартуды жалғастыратынын мәлімдеді. Екінші орында желтоқсанда 12 мың қызметкерін жұмыстан шығару ниеті туралы мәлімдеген Wells Fargo болды. Үшінші орында 5 мың жұмысшысы бар Citigroup.
«Инвестициялық банктер екінші жыл қатарынан IPO-лардың азаюы мен комиссиялардың күрт төмендеуіне байланысты дағдарысқа ұшырауда. Сонымен қатар бұған банктердің бірігуі де себеп болып отыр. Нәтижесінде, Уолл-стрит қызметкерлер санын қысқарту арқылы өзінің кірісін сақтап қалуға тырысуда», – деп жазады Financial Times.
Бұған дейін Reuters агенттігі дәл осындай себептермен биылғы жылы еуропалық банкирлердің бонустары азаятынын хабарлаған болатын.
Dealogic зерттеу компаниясының мәліметінше, жыл басынан бері дүниежүзінде қаржы ұйымдары арасында жалпы сомасы 2,67 трлн долларға бірігу мәмілелері жасалған. Бұл 2005 жылдан бергі рекордтық төмен көрсеткіш. EMEA (Еуропа, Таяу Шығыс және Африка) аймағына келетін болсақ, онда жыл басынан бері қаржы ұйымдарының бірігіп, жабылу мәмілелерінің жалпы сомасы небәрі 616 миллиард долларды құрады. Бұл – 2004 жылдан бері ең төменгі көрсеткіш.
АҚШ-та да жағдай ұқсас: өткен айда The Wall Street Journal басылымы Johnson Associates консалтингтік агенттігінің зерттеуіне сілтеме жасай отырып, жыл соңына дейін америкалық инвестициялық банкирлер үшін бонустар шамамен 15-25%-ға қысқартылатынын хабарлады. Сондай-ақ бөлшек және коммерциялық банктердің қызметкерлеріне тағайындалатын сыйақылар көлемі де 10-20%-ға азаяды.