Биыл отандық компаниялар 2023 жылы қанша дивиденд төледі?
Отандық қор биржасының ауқымы аса үлкен емес. Дегенмен жыл санап биржадағы бәсеке күшейіп, инвестиция әліппесін меңгермекке талпынушылар саны артып келеді. Тиісінше, отандық компаниялар да қор нарығындағы жауапкершілігін сезініп, дивиденд төлейді. Дивидендтің не екенін егжей-тегжей баяндап жатпай ақ қояйық, оның компания акционерлеріне төленетін құн екенін көпшілік жақсы білер. Мұны бір ауыз сөзбен компания басшылығының ар-ұятына балау жетіп жатыр. Биыл отандық компаниялар дивиденд төледі ме? Төлесе, қанша төледі?
2021 жылы ең көп дивиденд мөлшері «Қазақтелекомға» тиесілі болыпты – 1730 теңге. Ол жылы «Қазатомпром» өз акционеріне 578 теңге төлеумен шектеліпті. «ҚазТрансОйл» мен «KEGOC» 132 және 152 теңге төлесе, Kcell төлемі 100 теңгеге де жетпеген (87 теңге). Ал 2022 жылы ең көп дивиденд төлеген компаниялар қатарында «Kazpi.kz» және «Қазатомпром» компанияларын айтуға болады. Қаржылық ұжым 1 қарапайым акция үшін тамызда 500 теңге, қарашада 600 теңге төлесе, «Қазатомпром» шілдеде өз акционерлеріне 1 қарапайым акция үшін 876,74 теңге берген. Бұл екеуінен бөлек, дивиденд төлеген компаниялар қатарында «KEGOC» (50,85 және 65,44 теңге), «ҚазТрансОйл» (26,00 теңге), «Қазақстан Халық Банкі» (12,71 теңге) бар екен.
Екі жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда түбірлі өзгеріс бар деп ауыз толтырып айтуға келмейді. Жоғары дивидендті «Қазақтелеком» төлейді – 3038 теңге. Одан кейінгі орында әдеттегідей «Kazpi.kz» – 600 теңге. Қаржы компаниясы 10 сәуірде төлемді жүзеге асырған. Бұл компания бұдан кейін де тағы үш рет дивиденд берген. Яғни бір жылда төрт мәрте төлеген. Нақтылағанда, 24 мамырда – 750 теңге, 23 тамызда – 750 теңге және 17 қарашада – 850 теңге. Сондай-ақ «Қазатомпром» да көштен қалмайды, олар 774 теңге төлеген. «ҚазМұнайГаз» қарапайым 1 акция үшін 491 теңге мөлшерінде дивиденд белгілепті.
Биылғы жағдайды тереңірек бағамдай түсу үшін жыл соңы – соңғы тоқсан – қарашадағы деректерді сараптап өткен орынды. Қараша айында KASE индексінің мәні 3,3 пайызға өсіп, айдың соңына қарай 4 167,17 тармақты құрады. KASE индексі тарихи максимумды 28 қарашада 4 176,23 пункт деңгейінде жаңартты.
2023 жылғы қарашада индекстік акциялармен мәмілелер көлемі 8,9 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылғы қазандағы көрсеткіштен 29,5 пайызға немесе 3,7 млрд теңгеге төмен. Сауда-саттықтың ең көп көлемі «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ жәй акцияларына – 2,7 млрд теңгеге (индекстік акциялармен сауда-саттықтың жалпы көлемінің 29,8 пайызы) тиесілі болды.
Өсу қарқыны бойынша екінші ай қатарынан «Банк ЦентрКредит» АҚ акциялары көшбасшы болып қалды. Қарашаның қорытындысы бойынша олардың бағасы акция үшін 16,9 пайызға, 976,05 теңгеге дейін өсті. 2023 жылдың 1 қарашасында Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі банк депозиттерінің ұзақ мерзімді рейтингтерін бір сатыға, Ba3-тен Ba2-ге дейін көтерді және депозиттердің ұзақ мерзімді рейтингтері бойынша позитивті болжамды сақтады. 14 қарашада «Банк ЦентрКредит» АҚ 2023 жылдың тоғыз айындағы нәтижелері туралы есеп берді. Банктің таза пайыздық кірісі 56,3 пайызға дейін өсіп, 150,1 млрд теңгені құраған. 2023 жылдың тоғыз айында жиынтық таза пайда 18,6 пайызға төмендеп, 103,6 млрд теңгеге жеткен екен.
Есептік айда өсу қарқыны бойынша екінші орында бағасына 9,6 пайыз қосқан «Қазақстан Халық Банкі» АҚ қарапайым акциялары тұр. 2023 жылдың 1 қарашасында Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі банктің ұзақ мерзімді депозиттік рейтингтерін Baa2 деңгейінде растап, болжамды тұрақтыдан позитивті деңгейге өзгертті. 17 қарашада топ 2023 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша қаржылық нәтижелер туралы есеп берді, оған сәйкес шоғырландырылған таза пайда 30,8 пайызға өсіп, 537,3 млрд теңгеге жетті.
Екі ай қатарынан төмендегеннен кейін 2,7 пайызды қалпына келтірген Kaspi.kz АҚ-ның қарапайым акциялары көшбасшылар үштігіне кірді. Топ 2023 жылдың тоғыз айы үшін қазан айының соңында есеп берді. Есеп аясында 100 миллион долларға ЖДҚ кері сатып алудың жаңа, алтыншы бағдарламасы жарияланды және акцияға 850 теңге деңгейінде тоқсандық дивиденд ұсынылды.
21 қарашада Kaspi.kz АКТЖ 2023 жылдың үшінші тоқсанында акцияға шаққанда 850 теңге көлемінде дивиденд төлеу туралы шешім қабылдады. Бірінші және екінші тоқсанда компания акцияға 750 теңгеден дивиденд төледі. Үш тоқсанның қорытындысы бойынша дивидендтік кірістілік акцияның ағымдағы құнына 5,1 пайызды құрайды.
Қызыл аймақта айды аяқтаған акциялардың үштігін «ҚазТрансОйл» АҚ-ның қарапайым акциялары ашады, олар 0,1 пайызға азайғанын тіркеді. 16 қарашада «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтау портынан қазақстандық мұнай экспортын 2023 жылдың 10 айында 54 пайызға, 2,8 млн тоннаға дейін ұлғайғаны, сондай-ақ Германияға 690 мың тонна мұнай жеткізілгені туралы есеп берді. 27 қарашада компания шоғырландырылған таза кірістің 32,3 пайызға, 33,3 млрд теңгеге дейін өсуі туралы есеп берді.
Ай ішінде төмендеу қарқыны 1,1 пайыз болған «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарапайым акциялары қарашаны екінші орында аяқтады. 1 қарашада уран компаниясы 2023 жылдың тоғыз айындағы операциялық нәтижелерін ұсынды. Өндіріс көлемі 1 пайызға 15,3 мың тоннаға дейін төмендеді, сату көлемі 8 пайызға 13,3 мың тоннаға дейін төмендеді, бұл ретте өткізу бағасы 13 пайызға фунт үшін 48,3 долларға дейін өскен.
Ал биыл жарты жылдың қорытындысы бойынша KEGOC компаниясы акционерлерге 20 млрд теңге дивиденд берген. Бұл – таза табыстың 87 пайызы. Жалпы, бұл компания акцияларының 85 пайызы – «Самұрық-Қазынаның», 6,87 пайызы – БЖЗҚ-ның иелігінде және 8 пайыз акциясы жеке тұлға, заңды тұлғалар арасында еркін айналымда. Компанияның жалпы активі 1 трлн теңгеге бағаланады.
2023 жылдың 11 айында бұл отандық компания 36,1 млрд теңге таза пайда тапқан, бұл өткен жылдың 11 айымен салыстырғанда 24,8 пайызға жоғары. Компания табысы көрсетілген қызметтер көлемінің артуы есебінен ұлғайған. Келер жылы электр энергиясын тұтыну өсімінің артуы есебінен тағы да кірісі көбейеді деген болжам бар.
«Біздің инвестициялық тартымдылығымыздың негізгі факторларының бірі – электр энергетикасы нарығының өсуі. Электр энергиясының өсуі қаржылық және өндірістік көрсеткіштеріміздің одан әрі өсуіне оң әсер етеді. 2030 жылға дейінгі перспективада тұтынудың өсуі шамамен 35-40 пайыз болады деп болжануда. Осыған байланысты, біздің қағазымыз да тұрақты өсімге ие болады және кепілдендірілген дивидендтер алуға, сондай-ақ акцияның өзіндік құнының өсуін көруге мүмкіндік болады деп санаймыз», дейді компания өкілі Айгүл Әкімбаева.
Биыл отандық KEGOC компаниясы бір қарапайым акция үшін мамырда 50 теңге төлесе, желтоқсанның басында 77 теңге төлеген. Ал Kaspi-дің ең жоғарғы төлемі 20 қарашада жүзеге асырылған – қарапайым бір акция үшін 850 теңге. Бұдан бұрын бұл компания сәуірде – 600, мамыр мен тамызда 750 теңге төлеген.
«ҚазТрансОйл» бір қарапайым акция бағасын маусымда – 39 теңге деп белгілесе, «ҚазАтомПром» 17 шілдеде 774 теңге деп бекітіпті. Halyk Bank-тің мамырдағы бір қарапайым акциясының құны 25 теңге тұрады. Ал «ҚазМұнайГаз» компаниясыныкі – 491 теңге. «Қазақтелеком» қазан айында бір акция үшін 3038 теңге ұсынған.