Үкімет 2023 жылы тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін кешенді жаңғырту қалай жүргізілгені жайлы қорытынды жасады. Бұл туралы Үкімет баспасөз қызметі таратқан хабарламада айтылған.
Биылғы жылы кезекте тұрғандарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында 10,9 мың жалдамалы пәтер сатып алуға 104 млрд теңгеден астам, сондай-ақ несиеге берілетін 12,5 мың тұрғын үй салуға және сатуға 158 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда 15 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 16%-ға артық. Осының арқасында 140 мыңға жуық отбасы үй жағдайларын жақсартқан.
Жалпы елімізде 134 мың тұрғын үй пайдалануға берілген, оның ішінде 32 мыңнан астамы – жеке тұрғын үйлер.
Осы уақыт аралығында құрылыс жұмыстарының көлемі 5,9 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,6%-ға артық.
Құрылыс материалдарының отандық өндірісін ұлғайтумақсатында 2027 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Ол құрылыс индустриясы саласындағы жалпы құны 1,8 трлн теңгеге жуық 270 жобаны қамтиды.
Республикада құрылыс материалдарын өндіру 10,2%-ға 1,03 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл ретте құрылыс материалдары сатып алынған отандық тауар өндірушілердің үлесі 62-ден 66%-ға дейін артқан. Яғни ішкі нарықта отандық өндірушілердің күшейгенін білдіреді.
Сонымен қатар биылғы жылы үлескерлердің қатысуымен құрылыс жүргізу саласындағы бақылауды күшейту және құрылыстың ұзаққа созылу тәуекелдерін азайту үшін заңнамаға жаңа түзетулер әзірленген. Енгізілетін түзетулер құрылыс жүргізушілердің жауапкершілігін арттырмақ. Яғни үлескерлерден заңсыз ақша алып, кейіннен құрылысты тоқтатқаны үшін айыппұл санкцияларын ұлғайту қаралып жатыр. Сондай-ақ үй сатып алуға алдын ала шарт жасасуға тыйым салуды қарастырады. Бұл үлескерлердің алданып қалмауына мүмкіндік береді.
Осы ретте kursiv.media үлестік құрылысқа үміт артқандар неден сақтануы керектігі жайлы сараптама берген болатын.
Сондай-ақ қыркүйекте Атырауда тұрғындардың 650 млн теңгесін заңсыз иеленген екі құрылыс компаниясының құрылтайшылары қамауға алынған. Ал елордада рұқсат құжаттары жоқ 96 нысан құрылысы жүргізілгені белгілі болған.