Жаңалықтар

IT-мамандарға қажет тегін сервистер топтамасы

архив kursiv.media

 IT-саласында жұмыс іздеп жүрсеңіз, болмаса сұхбаттасу процесіне жақсырақ дайындалғыңыз келсе, пайдалы тегін сервистер жетіп артылады. Дегенмен таңдау көп болған сайын ойыңыз шашырап кетуі мүмкін. Бүгінгі материалымызда ең үздік әрі тегін сервистерге шолу жасаймыз.

         LeetCode. Техникалық сұхбаттасу кезеңіне жақсырақ әзірленуге көмектесетін сайт. Интервьюге кірмес бұрын кейстер шешуге дағдыланып алған жақсы. Сондай-ақ, таңдаған салаңыздағы трендтерді де біліп, сұхбаттасуға сақалай сай боласыз. Есептерді шешуге неғұрлым жаттықсаңыз, реал интервью кезінде өзіңізді сенімдірек ұстайсыз. Жан-жақты дайындық ешқашан артық болмайды. Барынша көп кейс қарастырған өзіңізге пайдалы. Әрі тапсырмаларды көп қарастырған сайын жылдамдығыңыз артып, алгоритмдерді де дәл таңдауды үйренесіз. Сонымен сайтта не бар?

  • Техникалық сұхбаттасу кезінде мамандарға көбіне берілетін тапсырмалар базасы;
  • Нақты бір тақырып бойынша дайындалуға арналған жаттығулар. Мысалы алгоритмдер, машинаны үйрету және т.б.;
  • Google, Amazon, Facebook, Apple сынды алпауыт компанияларда жиі қойылатын сұрақтар;
    • Сұхбаттасудан қалай өту керегіне қатысты кеңес берілетін видео-гайдтар.

         HackerRank. IT-мамандарды жұмысқа алуға және техникалық тапсырмалар шешуге арналған платформа. Мұнда әлемнің 2000-нан астам компаниясы сұхбаттасу кезінде қолданатын тапсырмалар жинақталған. Солардың арқасында кандидаттардың машығы бағаланады. Бүгінде ресурсты 11 миллионға жуық бағдарламалаушы қолданады. Олардың ішінде жұмыс іздеп жүргендер де, жай ғана жаңа кейстерді шешу үшін кіретіндер де бар. Платформада Python, R, SQL тілдері, жасанды интеллект, деректер базасы бойынша түрлі курс табуға болады. Әр курс Basic және Intermediate деген екі деңгейге бөлінеді. Алдыңғы LeetCode ресурсына қарағанда мұндағы тапсырмалар сәл күрделірек келеді. Сондықтан сеньор, мидл, өзіне сенімді джуниор деңгейдегі мамандарға сұхбаттасуға дайындалуға көмектеседі.    

         Verbal Reasoning Test. Вербал тестерден өтуге арналған платформа. Мұны сұхбаттасу кезеңіне дейін-ақ мамандарды іріктеуге көмектесетін SHL-тестілеу саласындағы кәсіби мамандар жасап шығарған. Вербал тестердің арқасында кандидаттың ақпаратты қалай қабылдайтыны, фактілерді қалай салыстырып, оны шешім ретінде қалай қолдана алатыны сынаққа алынады. Мұндай тестерде мәтінен үзінді беріліп, соған қатысты бірнеше жауап нұсқасы беріледі. Үміткер қай тұжырымның шындыққа жанасатынын табуы керек. Қайсысы жалған, қайсысы ойға қонымсыз — айтып береді. Платформада мұндай 3 тест бар. Оның әрқайсысы 18 сұрақтан тұрады. Тестен өтуге бас-аяғы 18 минут беріледі. Бірақ сұраққа жауап бергенде жеке-жеке уақыт шектеуі жоқ. Сол 18 минутқа сыйғызсаңыз жеткілікті.   

         Glassdoor. Бұл — вакансиялар нарығын зерттеуге көмектесетін сервис. Тіркелген кезде сізге алдыңғы жұмыс берушіңіз туралы бірнеше сауал қояды. Уайымдамаңыз, барлығы толықтай аноним. Осылайша жұмыс берушілер туралы инсайдерлік ақпараттарды ұсынып отырады. Жұмыс шарттарының шын мәнінде хабарландыруға сәйкес келетінін не келмейтінін де білуге мүмкіндік бар. Мысалы жалақы деңгейі, басшылық қандай, кеңсенің ішінен түсірілген суреттер, IT-компаниялардағы реал сұхбаттасу кезінде қойылған сұрақтар, қызметкерлердің жұмысына қаншалықты көңілі толады дегендей шынайы мәліметке қанық боласыз. hh.ru немесе LinkedIn секілді сервистерден ерекшелігі де осында. Әрине, отандық компанияларды таппауыңыз мүмкін. Дегенмен шетелде жұмыс істегісі келетіндерге — керемет ресурс. Айтпақшы, Glassdoor-да нарық анализін де қарауға болады. Яғни сіз іздеген аймақта мамандардың орташа жалақысы қанша, жұмысқа тұруға керек машықтар, жұмыс тәжірибесіне қатысты талаптар жайлы біле аласыз.   

         How to optimise your digital footprint. Портфолио жасауға көмектесетін нұсқаулық. Бұл материал кандидат жайлы деректерге қарай түйіндеме жасап беріп, жұмыс іздеуге көмектесетін PitchMe платформасына тиесілі. Мұнда жұмысқа тұруға арналған пайдалы дүниенің бәрі бар. Оның ішінде кейстер, әлеуметтік желілер, жазбалар табылады. Соның арқасында жұмыс берушілер қызметкер туралы толыққанды ақпарат ала алады. Нұсқаулықтың ішінде кандидаттарға өзін қалай таныстыруды үйрететін мәлімет бар. Жалпы алғанда 7 бөлімнен тұрады:   

  • GitHub-тағы профайл;
  • Идеал GitHub профайл. (Тағы нені жақсартуға болатыны туралы)
  • Техникалық стек
  • CV-мен жұмыс
  • LinkedIn-дегі парақша
  • Facebook профайл
  • Medium, WordPress-тегі блогтар.

         Бұл бөлімдерде профайлды қалай безендіру керек, блог жүргізгенде нені білу қажет, ол жерде қандай ақпарат салып отырған дұрыс, өзіңізді таныстыру үшін әлеуметтік желіні қалай қолданған абзал, рекрутерлердің назарын аударту үшін не істеу керек — дегендей ақпараттар болады. Әр бөлімді әрі кеткенде бес минутта оқып шығасыз. Соңында портфолиоңыздың қаншалықты стандартқа сай екенін тексеруге көмектесетін чек-лист бар. Нұсқаулықтың арқасында портфолиоңызды жүйелеп, реттеп аласыз. Ескеру керек тұстардан хабардар боласыз. 

         Data Science Interview Questions. Интервью кезінде қойылатын сұрақтардың тізімі бар. Деректермен жұмыс істеуді жоспарлап жүрген мамандарға пайдалы ресурс. Нұсқаулық Google Docs-та, тегін жүктеп алуға болады. Мынадай алты бөлімнен тұрады:

  • Статистика.
  • Data Science.
  • Деректер анализі
  • Машинаны үйрету
  • Тереңірек оқу
  • Басқа да ақпараттар.

         Бұл бөлімдерде ең база сұрақтардан бастап, тереңдетілген, нақты сауалдар да жинақталған. Мысалы жалпылама «Машинаны үйрету деген не?» сынды сұрақтарды да, «Мәтінге анализ жасау үшін Python тілін пайдаланғанды жақсы көресіз бе, әлде R ма?» дегендей сауалдар да бар. Соңында сізге түйіні жасалған жауаптар, мысалдар беріледі. Графиктер мен функциялар да ішінен табылады. Әрине, жақсырақ түсіну үшін техникалық ағылшын тілі деңгейі жоғары болуы керек. Әйтпесе, түсіну қиын. 

         The Apple Data Scientist Interview. Алдыңғы нұсқаулыққа қатты ұқсайды. Биг датаға қызығатындарға арналған. Соның ішінде Apple компаниясы үшін Data Science-тың қаншалықты маңызды рөл ойнайтыны туралы жазылған материал десе болады. Мұнда компанияға мамандарды қалай іріктеп алатыны, интервьюдің қалай өтетіні туралы ақпарат бар. Телефон арқылы сұхбаттасудан бастап, сынақ тапсырмасына дейінгі барлық кезең түгел көрсетілген. Айталық, Data Science позициясына келген үміткерлерге Apple компаниясы Python-ға қатысты қандай жаттығулар береді, SQL бойынша қандай сұрақтар қояды, теориялық тапсырмалардың түрі қандай болады — осы жайлы білесіз. Жалпы алғанда алпауыт компаниялар HR саласына баса мән береді. Оларды өзіне тән стиль қалыптасқан. Бағалау әдісі де өзінше. Сол себепті қандай компанияны таңдап тұрсаңыз, соған сай әзірлік жасаған абзал. Мысалы мына нұсқаулықты шолып шықсаңыз, Apple-дегі ерекшеліктерден хабарлар боласыз.   

         SQL-EX. SQL бойынша жаттығулар жиынтығы. Деректерді қайтаратын не модификацилайтын операторларды  SQL тілінде жазып шығуға қатысты тапсырмаларды осы жерде шешуге болады. Деректер манипуляциясы жасалатын операцияларды аталған тілде қалай жазуды үйренесіз. Егер бұған дейін тәжірибеңіз бар болса, машығыңызды дамыта түсуге мүмкіндік бар. Жаттығулардың деңгейі 1-5 аралығында. Алғашқы бес есепті шешуге уақыт жағынан шектеу қойылмайды. Ал алтыншы тапсырмадан бастап әрқайсысына белгілі бір уақыт беріледі. Соған үлгеруіңіз керек.

         Excel планетасы. Аты айтып тұрғандай, Excel-ге қатысты нұсқаулық материалдар жиынтығы. Сервистің орыс тілінде. Мұнда мәтін және видео түріндегі материалдар бар. Деректерге анализ жасап, оларды 2D-визуализациялау үшін Data Science-та қолданылатын материалдар жинақталған. Excel бағдарламасын түрлі форматта үйренуге болады:   

  • Мақалалар мен видеосабақтар;
    • Ұжымдық трениңдер мен онлайн-курстар;
    • Талқы жасауға арналған форумдар;
    • Блог, кейстер, кітаптар.

         Материалдарда кілтсөздер бойынша іздеу, динамикалық гиперсілтемелерді баптау, бірнеше беттегі ақпаратты бір жерге жинақтау секілді базалық тақырыптар бар. Ал кітаптардың ішінде формулалар, дайын шешімдер, Power Query сынды құралды қолдану әдісі жайлы нұсқаулықтар жинақталған. Excel бағдарламасын енді үйреніп бастаған адамдарға, сонымен бірге бизнес-анализ жасап көргісі келетіндерге ресурс өте пайдалы болады. Болмаса, кеңседегі күйбең тіршілікті автоматтандырғысы келетіндердің де шолып шыққаны дұрыс. Тегін нұсқсы да, ақылысы да бар.

         Listen English Daily Practice. Ағылшын тілін үйренуге көмектесетін тегін мобайл қолданба. Play Market-те бар. Қолданба арқылы audition машығын дамытуға болады. Яғни шет тіліндегі сөздерге, сөйлеу мәнеріне құлақ үйретуге көмектеседі. Түрлі сапада, түрлі дауыста жазылған 1600-ден астам аудиожазба бар. Арт жағында шуы жоқ, студияда жазылған таза аудиоларды да, диктофонға жазылған шулы түрлерін де таба аласыз. Материалдарды A1-ден бастап, C2 деңгейіне дейін деп, болмаса акценттер бойынша америкалық, британиялық, халықаралық деп таңдап алуға болады. Ал тақырыптарына келсек, мынадай: лайфстайл, білім, тамақ, ғылым, бизнес және т.б. Тыңдау машығын дамытудың маңызы зор. Өйткені неғұрлым шет тілінде көп ақпарат тыңдап, қабылдап үйренсеңіз, сұхбаттасу кезінде соғұрлым жеңіл болады.

         Ағылшынша сөйлейтіндермен әңгімелесуге арналған 20 сайт.                 Ағылшын тіліне практика жасауға көмектесетін тегін ресурстар жинақталған, таптырмайтын топтама. Languages as a Lifestyle интернет-журналында жарияланған мақала. Мұндағы ресурстар арқылы ағылшынша сөйлейтіндермен түрлі форматта әңгімелесуге болады. Соның ішінде: 

  • Шетелдік мұғалімдердің сабақтары;
    • Хат жазысуға арналған чаттар;
    • Дыбыстық чаттар;
    • Шетелдіктерге сұрақ қоюға мүмкіндік беретін сервистер;
    • Шетелден келген қонақтарға үйіңізді бергіңіз келсе, каучсерфиң бар.

         Өзіңіз дамытқыңыз келетін машықты тізімнің ішінен таңдай аласыз. Айталық, біреуге грамматиканы жақсарту керек, енді бірі спикиңді дамытқысы келеді. Енді бірі тыңдалымға көңіл бөлсем дейді. Кейбірі бұл сервисті серіктес табуға, жаңа достар табуға да қолданады.