Жаңалықтар

Соңғы аптада 50 млрд теңге елге қайтарылды – Жамаубаев

Заңсыз иемденілген 50 млрд теңге елге қайтарылды / Shutterstock

«Заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару» қызметі аясында соңғы аптада Қазақстанға 50 млрд теңге қайтарылған. Бұл туралы baq.kz басылымына берген сұхбатында премьер-министрдің орынбасары әрі қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.

Министрдің айтуынша, Қазақстанға қайтарылуға тиіс активтер «әлі де бар». Ол соңғы бір аптаның ішінде елге 50 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылғанын айтты.

 «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданбай тұрып, монополизацияға қарсы комитет жұмыс істеп келеді. Осы комитет қазірдің өзінде 1 трлн теңгеден астам қаражатты елге қайтарды. Біраз бөлігі президент тапсырмасымен арнайы Білім инфраструктурасын дамытуға арналған шоттарға салынды. Бұл қаржының өзі 150 млрд теңгеден асады», – деді министр.

Бұған қоса, министр егер олигархтар өз еріктерімен заңсыз шығарылған активтерін қайтарса, оларға ешқандай құқық шаралары қолданылмайтынын айтты.

«Заңсыз иемденілген активтерді ерікті түрде қайтармайтын болса, арнайы комиссия реестрге енгізіп, әрі қарай жұмыс Бас прокуратура жанынан құрылған арнайы комитетке жіберіледі. Комитет заңсыз иемденілген активті қайтарғысы келмейтін азаматтарды шақырып, олармен тиісті жұмыстарды жүргізеді. Яғни оларға тиісті нұсқаулар беріледі, олар сол нұсқауды орындауға міндеттеледі»,  – деді Жамаубаев.

Ол қазірдің өзін де реестрге енгізілген азаматтар барын атап өтті. Алайда олардың аттарын атай алмайтындығын ескертті.

«Себебі бұл өте құпия ақпарат. Олардың репутациясына, абыройына, олар басқарып отырған компаниялар репутациясына, олардың туған-туыстарына, әріптестеріне нұқсан келтіруі мүмкін», – деді министр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ірі бизнес өкілдерімен өткен кездесуінің ең маңызды тақырыбы заңсыз алынған активтерді қайтару болды. Тоқаев активтерді қайтару туралы алғаш рет 2021 жылдың мамырында айтқан болатын, тек 2023 жылдың шілдесінде бұл идея заң ретінде жүзеге асты

2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Соның негізінде аталмыш комиссия және «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» құру көзделген еді. Комиссияның құрамына Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері бар.

Жақында Қаржы министрлігі осы активтерді басқару тәртібін бекітті. Ережеде негізгі 6 тәсіл анықталған. Олардың арасында мүлікті жалға беру де бар.