Жаңалықтар

Жамбыл әкімдігінің қызметкері ірі көлемді жер учаскесіне қатысты заңсыз мәліметтер енгізген

Жамбыл прокуратурасы 300 га жер телімін қайтарды / shutterstock

Жамбыл облысының прокуратурасы тергеу барысында Байзақ аудандық әкімдік қызметкері 500 га жер учаскесіне қатысты мәліметтерге заңсыз өзгеріс енгізгенін анықтаған.

Прокуратура мәліметінше, 300 га астам жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Өзге 200 га жер учаскесіне қатысты ақпарат берілмеген. Аталмыш жер телімі ауыл шаруашылық мақсатында қолданылуы тиіс болған.

«Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 369-бабының 1-бөлігі (қызметтік жалғандық) бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол сотқа жіберілді», – делінген прокуратура хабарламасында.

Осыған дейін Жамбыл облысының прокуратурасы өңірде ауа райы бұзылуына байланысты жағдайдан кейін тексеру жүргізіп негізсіз шығындалған 890 млн теңгені үкіметтік резервке қайтарған.

«Жарияланған төтенше жағдай нәтижесінде келтірілген залал туралы мәліметтерді қалыптастырудың заңдылығын талдаумен негізсіз шығыстардың алдын алумен 890 млн теңге мөлшерінде Үкіметтің резервіне қайтарылды», – деп жазды прокуратура хабарламасында.

Сонымен қатар, ведомство алқа мәжілісінде облыстың су шаруашылығы жүйесін дамытуға бюджет қаражатын жұмсаудың заңдылығы талқылап, су шығынының жоғары деңгейін, гидроқұрылыстардың тозуын, объектілерді жөндеуге қаражаттың тиімсіз жұмсалуын, сондай-ақ суды үнемдеудің ескірген және тиімсіз технологияларын қолдану мәселелерін анықтаған.