Әнұраннан Назарбаевтың авторлығын алып тастаудан да өзекті мәселелер бар – Әшімбаев

Жарияланды
Назарбаевтың әнұрандағы авторлығы қала ма? /Фото: shutterstock

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Әнұраннан Назарбаевтың авторлығы алынып тастала ма?» – деген сұраққа жауап берді.

Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі кулуарда журналист Мәулен Әшімбаевтан: «2024 жылы «Авторлық құқықты қорғау туралы» заң қарастырылғанда, әнұраннан Назарбаевтың авторлығы алынып тасталуы мүмкін бе?» – деп сұрады.

Сенат спикері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты әнұран авторлығынан алып тастау туралы сұраққа әріптестері бірнеше рет жауап бергенін атап өтті.

«Бұл – қазір депутаттар айналысатын ең өзекті мәселе емес шығар. Реформаға қатысты көптеген мақсат бар. Ел ішіндегі жағдай, азаматтарды жылумен қамтамасыз ету сұрағы бар. Осы қыстан дұрыс өтуіміз керек. Бұл мәселеге әріптесіміз де жауап берген», – деп қысқа қайырды Мәулен Әшімбаев.

Естеріңізге салайық, кеше, 27 желтоқсанда дәл осы сұраққа Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пікір білдірген.

«Дәл қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ», – деген Ерлан Қошанов журналистке берген жауабында.

«Назарбаев әнұран авторы болуға лайық па?» – деген сұраққа Мәжіліс төрағасы: «Кезінде сондай шешім қабылданды ғой», – деп тіл қатқан.

1992 жылғы 11 желтоқсанда мемлекеттік әнұранның алғашқы мәтіні бекітілді. Осы әнұран 2006 жылға дейін шырқалды.

2006 жылғы 6 қаңтарда парламент 1956 жылы композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденов бірлесіп жазған «Менің Қазақстаным» әнін мемлекеттік әнұран етіп бекітті. Осы іс барысында авторлардың қатарына Нұрсұлтан Назарбаев қосылды. Ол ән анағұрлым салтанатты шырқалу үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді.

Қазақстанның жаңа әнұраны 2006 жылы 11 қаңтарда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевты салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

2023 жылғы 15 ақпанда Елбасы туралы заң ресми түрде күшін жойды. Осыған қатысты Конституциялық заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Бұған дейін Парламент Тұңғыш президент – Елбасы туралы туралы Конституциялық Заңның күшін жою туралы заңды қабылдады.

29 маусымда Сенат депутаттары Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Назарбаев зияткерлік мектептері», «Назарбаев университеті» және «Назарбаев қоры» жоғары қамқоршылық кеңесі басшысы мәртебесінен айыратын заңды мақұлдады.

Сондай-ақ оқыңыз