Қазақстан мұнай өндірісін қысқартуға мәжбүр

Жарияланды
Ауа райының қолайсыздығынан «қара алтын» өндірісін қысқарту /shutterstock және wikimedia commons

Каспий құбыр консорциумы терминалы аймағындағы ауа райының қолайсыздығы «қара алтын» тасымалын шектеді. Салдарынан Қазақстан мұнай өндірісін қысқарту туралы шешім қабылдады. Энергетика министрлігі мұнай өндірудің тәуліктік көлемі 3,6%-ға, яғни 254 мың тоннаға төмендегенін мәлімдеді.

Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек, «қара алтынды» әлемдік нарыққа жөнелтуге Новороссийскідегі ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіріп отыр. Салдарынан Қазақстан мұнайының негізгі экспорттық бағыты – Каспий құбыр консорциумы терминалында танкерлерге мұнай тиеу тоқтатылған.

Айта кететіні, қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығы консорциум арқылы мұнай экспортын шектеуге жиі себеп болады. Жағдай қалпына келген кезде шикізат тасымалының көлемі артып, тиісті келісім-шарттар орындалады.

Осыған ұқсас жағдай қараша айының соңында болған. Ол кезде Новороссийскіде ұзаққа созылған дауылдың салдарынан Қазақстанда мұнай өндірісі 56%-ға, яғни 76 мың тоннаға дейін қысқарды. Каспий құбыр консорциумының жұмысы уақытша шектеліп, бірнеше күннен кейін қалпына келтірілді. Қараша айында Қара теңіз жағалауындағы дауыл салдарынан ресейлік экспорт та азайды.

Еске сала кетсек, бұл бағыт қазіргі уақытта қазақстандық мұнайды тұтынушыларға жөнелтудің негізгі жолы. Аталған құбыр жүйесі – ТМД елдеріндегі шетел капиталының қатысуымен энергетика саласындағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Халықаралық мұнай тасымалдау жүйесі Қазақстанның батысынан (негізінен Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан) Қара теңіздегі Новороссийск портына жақын орналасқан терминалдарға мұнайды жеткізу үшін құрылған. Теңіз-Новороссийск құбырының ұзындығы 1511 шақырымды құрайды. Қазақстанның жалпы экспорттық мұнайының үштен екісінен астамы осы бағыт бойынша тасымалданады. КҚК-нің ірі акционерлері: «Транснефть» ЖАҚ (сенімгерлік басқару) атынан Мемлекеттік мүлікті басқару федералды агенттігі – 24%, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 19%.

2001 жылдан бері Каспий құбыр консорциумы арқылы 860 млн тоннадан астам қазақстандық мұнай экспортталды. Осы уақыт ішінде КҚК өткізу қабілеті шамамен 2,5 есе – жылына 67 млн тоннаға дейін өсті. 2024 жылға қарай бұл көрсеткішті 80 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

26 желтоқсанда Сенат отырысынан кейінгі кулуарда журналист вице-министр Асхат Хасеновтен «жыл соңына дейін мұнай өндіру жоспары орындала ма?» ,– деп сұраған болатын.

Асхат Хасенов алдын ала жасалған болжам бойынша биыл 90,5 млн тонна мұнай өндірілуге тиіс болғанын мәлімдеді. Алайда кен орындарындағы түрлі жағдайға байланысты мұнай өндірісін қысқарту жүрді, салдарынан жоспардан ауытқу болғанын баяндады.

«Биыл 90 млн тонна мұнай өндіреміз деп отырмыз. 2024 жылы да 90 млн тонна мұнай өндіріледі деген жоспар бар», – деді Энергетика вице-министрі.

Сондай-ақ оқыңыз