Жазда өртке оранған «Семей орманы» резерватына жаңа техника жеткізілді
«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының автопаркі жаңа өртке қарсы техникамен жаңартылды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Арнайы сапармен автокөліктердің кілттерін тапсыру үшін министр Ерлан Нысанбаев келген.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралар бекітіліп, соның негізінде Кешенді жоспар әзірленген. Жоспарға сәйкес орман шаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз етуге 68,6 млрд теңге сомасына шығыстар көзделген.
Бұл қаражатқа:
- 1082 бірлік арнайы көлік құралдарын сатып алу (өрт сөндіру машиналары, тракторлар, патрульдік машиналар);
- өртке қарсы және орманды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған 948 тіркеме және қосымша жабдық сатып алу (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер, цистерналар және т.б.);
- орман өрттерін ерте анықтау жүйесін орнату (жыл сайын ЕҚТА екі мекемесінде орнату) жоспарланған.
Солайша 2023 жылы орман резерваты тауарлар мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу арқылы қосымша техника алды. Мекеме 10 Камаз-43118 АЦ 5,0-40 өрт сөндіру автокөлігімен, 1 МТЗ1221 тракторымен, 1 бірлік «Газель» шағын автобусымен толықты. Сондай-ақ, «Ақ Ертіс» қоғамдық қоры Газ-33086 өрт сөндіру автокөлігінің 4 бірлігін тегін жеткізген.
«Бұған дейін орман резерватына орман өрттерін жедел анықтау және жою үшін 14 шағын өрт сөндіру кешені (ШОПК), 1 УАЗ-236234 патрульдік көлігі (ШОПК) жеткізілген»,- делінген хабарламада.
Семей орманындағы өрт
Еске сала кетсек, 8 маусымда «Семей орманы» МОТР» РММ аумағында үлкен өрт шығып, оны өз күштерімен сөндірмек болған 14 орманшы опат болған еді.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда соңғы уақытта орман өртінің жиілеп кетуіне ескі техниканың себеп болғанын айтты. Министрдің айтуынша, өрт сөндіруде орманшылар 1971 жылғы техниканы қолданады. Өртке табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерінің техникамен лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеуі себеп болған. Нысанбаев мекемелердің 70% ғана қамтамасыз етілгенін айтты. Ал қолданыстағы техниканың 60%-дан астамы есептен шығаруға жатады. Мысалы, Семей орманында 65 өрт сөндіру машинасының 30 машинасы 1971-2003 жылдар аралығында шығарылған. Сонымен бірге 1974 жылы шыққан ГАЗ-66 мен 1973 жылы шыққан Урал-375 көлігі пайдаланылатыны айтылды.
11 маусымда Президент Бас прокуратураға өртті жою бойынша уәкілетті органдардың іс-әрекетіне баға беруді тапсырды. Кейін Бас прокуратура немқұрайдылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Қаржы министрі 2023 жылы «Семей орманы» резерватына 6 млрд теңге бөлінгенін айтты.
Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңге бөлінетінін қосымша әр балаға 2 млн теңге берілетінін хабарлады.