Жаңа жылдық безендіруге Алматы қаласындағы аудан әкімдіктері қанша қаражат жұмсады?

Жарияланды
Жаңа жылдық безендіру

Жаңа жылдық безендіруге Алматы әкімдігі 511 млн теңге жұмсаған / Фото: kursiv.media

Ең биік шырша

Биыл Астана мен Алматыдағы жаңа жылдық шыршалар ТМД елдеріндегі ең биік шыршалар ондығына енді.

ТМД елдеріндегі ең биік жаңажылдық шыршалар тізімі келесідей:

  • Ашхабад (44 метр);
  • Ереван (37 метр);
  • Ташкент (35 метр);
  • Баку (34 метр);
  • Бішкек (32 метр);
  • Минск (30 метр);
  • Душанбе (30 метр);
  • Мәскеу (25 метр);
  • Астана (25 метр);
  • Алматы (20 метр).

Бірақ елімізде ең биік шырша Астана мен Алматыда емес, Петропавлда орнатылған. Ондағы жаңа жылдық шыршаның биіктігі 30 метрге дейін жеткен. Бұл жаңа жылдық әшекейдің құрылысы мен безендірілуіне биыл қала әкімдігі 52 миллион теңге жұмсаған.

Осы орайда «Курсив» тілшісі ТМД елдері бойынша ондыққа енген Алматы қаласының жаңа жылдық безендірілуіне бөлінген ерекше тоқталы өтті. Оңтүстік астананы безендіруге әкімдік 511 млн теңге жұмсаған. Яғни Петропавл қаласынан 10 есе артық.

Алматы аудандарын безендіруге қанша қаражат жұмсалды?

Қала безендірілуіне 511 млн теңге жұмсалғанын Алматы Мәдениет басқармасының жетекшісі Ғани Майлыбаев айтқан. Бұл сома өткен жылғы қаражаттан екі есе көп. Ал 2022 жылы Алматы қаласы мұндай безендіруге 360 миллион теңге жұмсаған екен.

Мемлекеттік сатып алулар порталындағы ашық деректерге сәйкес, осы жылы әкімдік әр ауданға қаражатты жеке бөлген. Мәселен, «Алматы қаласының Мәдениет басқармасы» КММ Әуезов ауданының сыртқы безендірілуіне 67 635 758 теңге жұмсаған. Бұл қаражат ұнтақ бояумен боялған металл жақтау, жарықдиодты элементтер – гирляндтар мен жарықдиодты жолақ, икемді неон сынды әшекейлерге төленген. «Expedit Group» ЖШС-мен жасалған келісімшарт мерзімі жыл соңына дейін.

«Медеу ауданының сыртқы безендірілуін дәл осы компания 68 286 400 теңгеге атқарады.

Ал Жетісу ауданының сыртқы безендірілуіне биыл 74 816 000 теңге жұмсалады.

Наурызбай ауданының сыртқы безендірілуі «Magic Wood» компаниясына тапсырылған. Бұл қызметті басқарма аталмыш компаниядан 59 513 417 теңгеге сатып алған.
Алмалы ауданының сыртқы безендірілуі де осы компанияға бұйырыпты. Оған әкімдік 59 894 766.40 теңге бөлген. Бұл компания Жаңа жылға қатысы жоқ тағы бір конкурстан ұтқан. Ол 66 879 680 теңгеге «Мен қаламды сүйемін» – қалалық стелласын орнатады. Келісімшарт мерзімі 31 желтоқсанға дейін деп көрсетілген.

Дәл осы компания «Magic Wood» компаниясы биыл басты шырша тұратын Абай алаңының сыртқы безендірілуіне де жауапты екен. Ол қызметі үшін «Magic Wood» компаниясы 59 009 966.40 теңге алады. Қала безендіруде белсенді компанияның иесі еговта Сазаханов Батыр Алиханұлы деп көрсетілген. Барлық компаниялармен келісімшарт мерізімі осы жылдың аяғына дейін белгіленген.

Одан бөлек басқарма жарық элементтермен және конструкциялармен тақырыптық безендіру бойынша қызметтерге 71 232 000 теңге және эстетикалық безендіруге атап айтқанда, жолдың үстіндегі жарық доғаларын қалпына келтіріліп, жарықтандырылуына 51 374 400 теңге төлемек.

Алматы қаласының Жаңа жылдық көңіл-күйге бөлген қаражат көлемі осындай.

Сондай-ақ оқыңыз