Қазақстан банктері 11 айда 2 трлн теңге пайда тапқан
Еліміздің екінші деңгейлі банктері 2023 жылдың 11 айында 2 трлн теңге таза пайда тапқан. Ал қараша айында тапқан пайдасы 230 млрд теңгені құраған. Ұлттық банктің банк секторына қатысты статистикасында осы 2 трлн теңге табыстың жартысына жуығы Halyk пен Kaspi Bank-ке тиесілі екені көрсетілген.
Банктердің жиынтық активтері 49,2 трлн теңгеге жеткен. Жыл басында бұл көрсеткіш 44,5 трлн теңге еді. Оның ішінде өтімділігі жоғары активтер көлемі – 14,6 трлн. Банктердің жиынтық несие портфелі 11 айда 28,6 трлн теңгеге дейін өсті (1 қаңтарда 24,2 трлн теңге болған). Проблемалық қарыз сомасы 1 триллион теңгеге жуықтады. Жалпы міндеттемелер 42,5 трлн теңгені, жиынтық капиталы 6,6 трлн теңгені құрайды.
Қазақстандағы 21 ЕДБ-ның арасында ең табыстылары Halyk пен Kaspi Bank болып тұр. Халық банкі 11 айда 619,3 млрд теңге таза пайда тапса, Kaspi Bank пайдасы 429,8 млрд теңгені құраған.
Халық банктің активтері 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 14,3 трлн теңгені құраған Несие портфелі 9 трлн теңгеге жетіп, проблемалық қарыз сомасы 171,8 млрд теңге болды. Банктің міндеттемелері шамамен 12 трлн теңгені, меншікті капиталы 2,3 трлн теңгені құрады.
Kaspi Bank активтері 6,2 трлн теңгені құрайды. Несие портфелі 1 қарашадағы 4,1 трлн теңгемен салыстырғанда 4,3 трлн теңгеге жеткен. Проблемалық берешек сомасы 241,1 млрд теңгені құрады. Статиска мәліметі бойынша, бұл – бүкіл банк арасындағы ең жоғары проблемалық қарыз. Қаржы ұйымының міндеттемелері 5,5 трлн теңгені, меншікті капиталы 476,1 млрд теңгені құраған.
Одан кейінгі орынға 139 млрд теңге пайдамен Отбасы банкі орналасқан. Қаржы ұйымының активтері жыл басынан бері 453 млрд теңгеге өсіп, 3,9 трлнн теңгеге жетті. Тұрғын үй құрылысы операторының кредит портфелі 3,2 трлн теңгені, проблемалық қарыз сомасы 1,8 млрд теңгені құрады. Бұл – 21 банктің ішіндегі ең төменгі көрсеткіштің бірі. Міндеттемелер 3,3 трлн теңгеге, ал меншікті капитал 583,7 млрд теңгеге жетті.
ЦентрКредит Банкі 127 млрд теңге табыс тапса, ForteBank 122,4 млрд теңге таза пайда алған
Жоғарыдағы қаржы ұйымдарынан кейін:
- ForteBank – 122,4 млрд теңге
- Jusan Bank – 119,3 млрд. теңге
- Ситибанк – 104,8 млрд. теңге
- Еуразиялық банк – 101,4 млрд. теңге
- Bank RBK 43,2 млрд теңге пайда тапқан.
Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстан Республикасының банк секторының таза пайдасы 1,47 трлн теңге болған.