Қазақстан «Талибан» қозғалысын тыйым салынған ұйымдар қатарынан шығарды
Фото: kursiv.media
Қазақстан «Талибан» қозғалысын елімізде тыйым салынған торрористік ұйымдар тізімінен шығарды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Смадияров «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасында тыйым салынған террористік ұйымдардың тізімін жаңарту мақсатында тұрақты түрде аудит жүргізілетінін айтып өткен.
«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің міндетті қарарларына сәйкес, «Талибан қозғалысы» БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік деп таныған ұйымдар тізіміне енбейді. Соған сәйкес, Талибанды қазақстандық тізімнен шығару туралы шешім қабылданды», – деді ол
Ресми өкіл Қазақстан мен Талибан арасындағы дипломатиялық байланыс Қауіпсіздік Кеңесі мен БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған шешімдер мен қарарларды қатаң ұстана отырып дамитынын атап өткен.
Қозғалысы 1986-87 жылдары пайда болған. Дүние жүзінің көптеген елінде ол тыйым салынған террористік ұйым ретінде танылған. Талибан Ауғанстанды 1996-2001 жылдар аралығында басқарды. Бұл қозғалыс 2021 жылы АҚШ әскерлері елден шығарылғаннан кейін билікке оралды.
2005 жылы Қазақстанның Жоғарғы соты «Талибан» қозғалысын террористік деп танып, оның республика аумағындағы қызметіне тыйым салған еді. Талибанға ҰҚШҰ-ға мүше: Қырғызстан, Ресей, Тәжікстанда да тыйым салынған.
2021 тәліптер Ауғанстан территориясының көп бөлігін бақылауды орнатты, ал 15 тамызда ел астанасы – Кабулды басып алып, Ауғанстанды толық бақылауға алғанын жариялап, елдегі саяси партиялардың қызметіне толық тыйым салды.
2021 жылдың тамызында Ауғанстан президенті Ашраф Ғани отставкаға кетіп, билікке Талибан содырлары келгеннен кейін, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы жағдайды жіті бақылауды жалғастыра отырып, Талибан қозғалысын мойындамайтынын хабарлады.
2023 жылдың сәуірінде Қазақстан Талибан дипломаттарына Астанадағы Ауғанстан елшілігінде отыруға рұқсат берді. Сол кезде Сыртқы істер министрлігі Қазақстан БҰҰ ұстанымын ұстана отырып, Талибанмен байланысын дамытпайтынын мәлімдеген.Еліміз тек сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатуға және ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуге ниетті еді.
2023 жылдың тамызында Сыртқы істер министрлігі Қазақстанда тыйым салынған «Талибан» қозғалысының мәртебесін өзгертпейтінін хабарлаған.