Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың қамау мерзімі бір айға ұзарды
Қазақстанның бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевты қамау мерзімі бір айға ұзартылды.
Астана сотының Kursiv.Media басылымына берген жауабына сәйкес, Бекетаевтың қамау мерзімі бір айға, яғни 2023 жылдың 21 қаңтарына дейін ұзарды.
«Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті М.Бекетаевты қамауда ұстау мерзімін 2024 жылғы 21 қаңтарына дейін ұзартты», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, сот қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес басқа деректерді жариялауға болмайтынын атап өтті.
21 қазан күні үлестес компанияның мүдделерін қолдап, мемлекетке үлкен зиян келтірді деген күдікпен бұрынғы Әділет министрі ұсталғаны хабарланды. Алайда қай экс-министр екені нақтыланбаған болатын. Ол «Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді іздеу және қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деген күдікке ілінген.
23 қазанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың ұсталғанын растады.
«Ұсталған адамның бұрынғы әділет министрі М. Бекетаев екенін растаймыз.
Қазіргі уақытта күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды», делінген хабарламада.
2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Соның негізінде аталмыш комиссия және «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» құру көзделген еді. Комиссияның құрамына Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері бар.
Оған дейін Әділет министрлігін Марат Бекетаев басқарды. Айта кету керек, Марат Бекетаев, Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып тұрған тұста 2016 жылғы 13 қыркүйекте және 2019 жылғы 25 ақпан күні, яғни екі рет Әділет министрі болып тағайындалған еді. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болғаннан кейін ол бұл лауазымды 2021 жылдың 18 қаңтарынан бастап атқарды.