Қазақстан ақшаны жылыстауға қарсы рейтингтегі позициясын жақсартты
Қазақстан ақшаны жылыстауға қарсы рейтингте позициясын едәуір жақсартып, 100-ден астам елді артта қалдырды.
Basel AML Index рейтингіне сәйкес, Қазақстан 4,71 ұпай жинай отырып, позициясын 27 тармаққа жақсартты. Бұл рейтингтегі 2021 жылдан бергі ең жоғарғы нәтижесі.
Қазақстан жылыстауға қарсы рейтингте Қытай, Түркия, БАӘ, Сербия, Болгария, Венгрия, Румыния, Катар, Бахрейн және Сауд Арабиясы секілді елдерді басып озған. Рейтингке Ресей, Иран, Солтүстік Корея сынды мемлекеттер енбей қалған. Орталық Азия аумағында да Қазақстан көршілерінен үздік көрсеткіш көрсеткен.
Тәуекел деңгейі ең төмен топ-5 елдің қатарына Исландия, Финляндия, Эстония, Андорра және Швеция кірді. Ал ақшаны жылыстауға ең осал елдер бестігінде Гаити, Чад, Мьянма, Конго Демократиялық республикасы мен Конго-Браззавиль республикасы бар.
Айта кетейік, зерттеу қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландырудың жоғары тәуекелдеріне ықпал ететін әртүрлі факторларды өлшейтін 5 бағыт бойынша 18 көрсеткішке негізделген.
Basel AML Index рейтингін Швейцариядағы Базель менеджмент институты жариялап отырады.
Осыған дейін өмір сүру деңгейіне қатысты рейтингте Қазақстан 140 елдің ішінде 91-орында тұрғанын жазған едік.. Қазақстанның индексі бұл рейтингте 25,4-ті құрайды. Аталмыш рейтинг тұтыну тауарлары мен жалға берілетін тұрғын үй құнын Нью-Йорк қаласымен салыстыра отырып дайындалған.
ТМД елдерінің ішінде Қазақстан ең қымбат елдердің бірі. Ол Армениядан кейін екінші орында тұр. Ал Беларусь 98-ші, Молдова 101-ші, Ресей 110-ші, Қырғызстан 111-ші, Украина 114-ші, Әзірбайжан 119-шы, Өзбекстан 125-ші орында. Алдыңғы орындарды Бермуд аралдары, Кайман аралдары және Сингапур алса, Пәкістан рейтингтің ең соңында.
2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Соның негізінде аталмыш комиссия және «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» құру көзделген еді. Комиссияның құрамына Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері бар.