Жаңалықтар

Шетелден елге 600 млн доллар қайтарылды – премьер-министр

Шетелден елге 600 млн доллар қайтарылды / primeminister.kz, shutterstock және freepik

«Заңсыз иемденілген активтерді қайтару» жобасы аясында былтырғы жылдан бері шетелден елге 600 млн доллар (270 млрд теңге) қайтарылды. Бұл туралы 24.kz басылымына берген сұқбатында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

Смайыловтың айтуынша, шетелден және ел ішінен 1 трлн актив мемлекет қазынасына қайтарылды.

«Бұл жұмысты (активтерді қайтаруды – ред.) тұлғаның кім екеніне қарамастан жүргіземіз. Заңда көрсетілген шаралар адал азаматтар мен инвесторларға бағытталмағанын айтып кеткім келеді. Сондықтан олар өз активтері үшін алаңдамауы қажет», – премьер.

Ол «Заңсыз иемденілген активтерді қайтарудың» ерікті және мәжбүрлі түрде қайтарылатынын атап өтті.

«Тұлға активтерді мүлік немесе қаражат түрінде қайтара алады. Өзі қалаған немесе мемлекетпен келісе отырып, әлеуметтік маңызы бар жобаларға инвестиция жасауы мүмкін. Қайтарылған қаражат арнайы мемлекеттік қорда жинақталып, денсаулық сақтау, білім беру, инфрақұрылымды дамыту сынды әлеуметтік экономикалық жобаларға жұмсалуы мүмкін», – деді премьер. 

Осыған дейін «Заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару» қызметі аясында соңғы аптада Қазақстанға 50 млрд теңге қайтарылғанын жазған едік.

«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданбай тұрып, монополизацияға қарсы комитет жұмыс істеп келеді. Осы комитет қазірдің өзінде 1 трлн теңгеден астам қаражатты елге қайтарды. Біраз бөлігі президент тапсырмасымен арнайы Білім инфраструктурасын дамытуға арналған шоттарға салынды. Бұл қаржының өзі 150 млрд теңгеден асады», – деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Бұған қоса, министр егер олигархтар өз еріктерімен заңсыз шығарылған активтерін қайтарса, оларға ешқандай құқық шаралары қолданылмайтынын айтты.

2023 жылдың 12 шілдесінде Президент «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды. Соның негізінде аталмыш комиссия және «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» құру көзделген еді. Комиссияның құрамына Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері бар.

Қаржы министрлігі осы активтерді басқару тәртібін бекітті. Ережеде негізгі 6 тәсіл анықталған. Активтерді басқарудың келесі әдістері қарастырылған: 

  1. мүлікті жалға беру (жалға алу/кейіннен сатып алу құқығымен жалға беру);
  2. сенімгерлік басқаруға беру (кейіннен сатып алу құқығынсыз және құқығымен);
  3. консервация;
  4. өткізу немесе сату;
  5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысымен бекітілген Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидаларында көзделген тәртіппен активтерді мемлекеттік меншікке беру;
  6. басқарушы компания айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында және актив орналасқан елдің заңнамасында көзделген өзге де тәсілдер.

Активтерді сатудан түскен ақша, қаржы түсімдері Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық жобаларын қаржыландыруға жұмсалмақ. Қаржының бәрі Арнайы мемлекет қолма-қол ақшаны бақылауна түседі. Оған түскен қаржы мен жұмсалған ақшаны қазынашылық басқармасы қадағалап отырады.