Адай тұқымдас жылқының 6 түрі ұлттық бренд ретінде тіркелді. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«28 желтоқсанда Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК Ауыл шаруашылығы министрлігі Апробация жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытындысы негізінде селекциялық жетістікке алты патент беру туралы шешім қабылдады және селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркеді», – делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің нақтылауынша, Адай жылқысының жаңа тұқымдарын Қазақстан Республикасының селекциялық жетістігі ретінде тіркеу және патент иеленушінің селекциялық жетістікті пайдалануға айрықша құқығын, оның басымдығы мен селекционердің авторлығын куәлендіретін патент берілді.
«2023 жылғы 29 желтоқсанда патент беру туралы мәлімет ресми бюллетеньде жарияланды», – деп хабарлады Әділет министрлігінің баспасөз қызметі.
Естеріңізге салайық, 7 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында өңір жұртшылығымен кездесуде жылқының осы түрін қазақтың ұлттық брендіне айналдыру қажет екеніне назар аударды.
«Халқымыз үшін жылқының орны қашан да ерекше. Адай тұқымдас жылқыны Маңғыстаудың бірегей байлығы деуге болады. Бұл арғымақтар шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға төзімді екенін бәрі біледі. Маңғыстау тұлпарлары алысқа шабатын халықаралық марафон жарыстарында әрдайым бәйге алып жүр. Жақында өткен «Ұлы дала жорығында» облыс шабандоздары жеке-дара озып келді. Адай жылқысын әлемге таныта алсақ, бұл біздің тағы бір тамаша брендімізге айналады. Сондықтан үкіметке оны ғылыми түрде асыл тұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмысты жедел қолға алуды тапсырамын», – деді президент
15 желтоқсанда алдағы 5 жылда Адай, Қостанай жылқысын баптайтын атбегілерге 701 млн теңге субсидия берілетінін жариялаған болатынбыз. Мақалада субсидия төлеудің ережесін ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлейтіні жазылған.
«Субсидия төлеудің ережесін ауыл шаруашылығы министрлігі заң қабылданғаннан кейін әзірлейді. Біз заң жобасы аясында 5 жылға 701 млн теңге бөлу керек деп отырмыз. Бірқатар әріптестеріміз қаражат жеткіліксіз деп жатыр. Бюджет комиссиясына шығып, қайтадан қарастыруға болады. Біз ұсынып отырған заң дұрыс қолданылатынын және нақты нәтижесі болатынын дәлелдеуіміз керек», – деген болатын Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.
Депутат жыл сайын 140 млн теңге субсидия төлеуді ұсынған.
«701 млн теңгеден жыл сайын 140 млн теңге бөлініп отырады. Аталған жылқы түрлерінің қазіргі саны 1 мың бастан аспайды. Міне, осы 1 мың басқа жыл сайын 140 млн теңге субсидия төлеуді ұсынып отырмыз», – деген депутат
аң жобасының таныстырылымында депутат Жигули Дайрабаев атбегілердің айлық жалақысы мардымсыз екенін мәлімдеді.
«Өткен күзде Ақтөбеде атбегілерді дайындайтын жерді көрдім. Қазақтың жас жігіттері жұмыс істеп жүр. Айлықтары төмен. Алатындары 70-80 мың теңге. Осыдан кейін олар спортпен қалай айналысады? Заң қабылданып, талап жазар болсаңыздар, ауыл шаруашылығына қатысты 3 университеттен факультет ашуға әрекет жасайық», – деді депутат.
Өз кезегінде мәжілісмен Қазыбек Әлішев ат спортының көлеңкелі айналымында 500 млн долларға жуық қаражат бар екенін жариялады.
«Сарапшылар ат индустриясының көлеңкелі айналымында 500 млн долларға жуық қаражат жүргенін айтады. Заң жобасына соның бәрін көлеңкеден шығаратындай норма енгізілсе деген ой бар», – деді Қазыбек Әлішев.