«Газпром» Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерімен 15 жылдық келісімшартқа қол қоятынын жариялады. Құжат 2024 жылы Санкт-Петербургте өтетін халықаралық экономикалық форумда рәсімделуге тиіс.
«Газпром» холдингінің басқарма төрағасы Алексей Миллер жылдың алдын ала қорытындысына арналған жиында: «Біз Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстандағы серіктестерімізбен келіскен орта мерзімді 15 жылдық келісімшарт келесі жылдың ортасында Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында жасалады», – деп мәлімдеді.
Алексей Миллердің айтуынша, осы келісімшарт аясында Орталық Азия елдеріне тұрақты жеткізілім 2025 жылғы 1 қарашадан басталады. Бұған дейін «Газпром» «Орталық Азия – Орталық» дәлізі бойынша газ жеткізу көлемін ұлғайтады.
«Газпром» холдингінің басқарма төрағасы қазіргі уақытта Өзбекстанға газ жеткізудің күнделікті көлемі келісімшартта көрсетілген міндеттемеден 2 есе көп екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол 3 айға жуық уақыт тоқтап тұрған «Орталық Азия – Орталық» газ тасымалдау жүйесі кері режимге ауыстырылып, қыс мезгілінде Өзбекстанды газбен алаңсыз қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін баяндады.
Бұған дейін Алексей Миллер Өзбекстан мен Қытайға жеткізілетін газ көлемі айтарлықтай ұлғаятынын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, бірінші жағдайда 2022 жылмен салыстырғанда газ жеткізу көлемі 2, екіншісінде 1,5 есе өскен.
«Біз сенімді энергиямен қамтамасыз етуге мүдделі елдермен ынтымақтастықты дамытамыз. Шығыс бағытта жұмыс істеп жатқанымызға көп болды. Қытайға басымдық беріп жатырмыз. Қытай – біздің стратегиялық серіктесіміз. 23 желтоқсанда Қытайға күнделікті газ жеткізу бойынша тарихи рекорд орнаттық. 2023 жылы Қытайға жеткізілетін газ көлемі 22,5 млрд текше метрден асады. Келісімшарттағы міндеттеме 22 млрд текше метрді құрайды. 2025 жылы Қытай Халық Республикасына газ жеткізудің келісімшарттық көлемін 38 млрд текше метрге жеткіземіз. Біз сондай-ақ Ресей газын Қытайға Моңғолия арқылы жеткізуді ұйымдастыру жұмысын жалғастырамыз», – деді Алексей Миллер.
«Газпром» басшысының мәлімдеуінше, биыл «Газпром» тұтынушылардың сұранысын толығымен қанағаттандырып, 1 млрд 717 млн текше метр газ өндірген. Бұл көрсеткіш өндіру көлемі бойынша тарихи рекорд болып тіркелген.