Биыл Алматы қаласының соттары құрылыс нормасының заңдылығын бұзуға қатысты 86 талап арызды қарады. Нәтижесінде сот шешімімен 41- нысан бұзылатын болды. Бұл туралы Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады.
Басқарманың мәліметінше, қалған 45 нысанды бұзуға қатысты сот талқылауы жүріп жатыр.
Соттың назарына көппәтерлі тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, тұрғын емес үй-жайлар мен қосалқы ғимараттар, дәмханалар мен мейрамханалар, сауда павильондары, көлік жуу орындары және басқа да құрылыс нысандары алынған.
«2023 жылы барлығы 22 нысан толық немесе жартылай бұзылды», – делінген Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының хабарламасында.
Белгілі болғандай, жыл басынан бері Алматының құрылыс нысандарына жүргізілген жоспардан тыс тексеру қорытындысында 1 140 заңға қайшы әрекет анықталған. Алматы қаласының соттарына заңнама мен құрылыс нормаларының талабын бұзғаны үшін 174 талап арыз жолданған.
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасының баспасөз қызметі сапасыз құрылыс пен құрылыс-монтаждау жұмыстарын ұйымдастырғаны үшін 68 ұйым, тиісінше бақыламағаны үшін 8 техникалық қадағалау ұйымы және 25 техникалық қадағалау сарапшысы аттестатты 6 ай мерзімге тоқтату түріндегі жауапқа тартылғанын жариялады.
Басқарма «Артемиада ЛТД», «ТриА Холдинг», «Ремстрой», «ABM Building», «Debo Stroy», «Еділ-Строй Сервис», «Ақ Орда корпорациясы», «DP ENGINEERING GROUP» сынды 8 ЖШС құрылыс лицензиясынан айырылғанын хабарлады.
Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасының 2023 жылғы 10 айлық есебінде қала аумағында 875 нысанның (бюджеттік 251, коммерциялық 624), оның ішінде 146 тұрғын үй кешені cалынып жатқаны нақтыланған.
«Бақылау функциялары шеңберінде 936 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, жалпы сомасы 231 млн теңгеге 1002 бұзушылық анықталды. 540 ұйғарым берілді. Сапасыз құрылыс және құрылыс-монтаждау жұмыстарын ұйымдастырғаны үшін 59 ұйым жауапкершілікке тартылды», – деп көрсетілген есепте.
11 желтоқсанда Алматыда сот шешімі бойынша KHAN тұрғын үй кешені сүрілетінін жазған болатынбыз. Ал 8 қарашада Алматы қаласында тау бөктеріндегі бірнеше тұрғын үй кешені мен клуб үйлері бұзылатынын хабарлағанбыз.