Жаңалықтар

Онлайн сауда-саттық: Қазақстанның бұл саладағы жетістігі мен кемшілігі қандай?

Онлайн сауда Қазақстанның ерекшеліктері қандай? / архив kursiv.media

Шетелдік сарапшылар, нақтылап айтқанда, Data Insight және Cross Insights агенттіктері Қазақстанды посткеңестік кеңістіктегі инвестициялық тұрғыдағы ең тартымды ел деп санайды. Қазір біздегі e-commerce, яғни онлайн сауда жыл сайын 20-30 пайыз қарқын қосып дамып келе жатыр. Елдегі интернет-сауда саласының өте жас екеніне қарамастан, сала төрт аяғын тең басып келе жатыр және әлемдік трендтермен кейде теңесіп, кейде тіпті алға озып кетіп жатқан мысалдары да бар.

Data Insight жетекші аналитигі Сергей Семконың айтуынша, Қазақстанда интернет сауда-саттық бойынша ерекше талпыныс және оң нәтижелер бар. Бұл ретте инфрақұрылымдық түйткілерді де жоққа шығаруға болмайды.

«Қазақстанда курьерлік жеткізілім бойынша бәрі жақсы, бірақ қоймаларға қатысты мәселе бар. Нарық тез өсуге дайын, алайда логистикадағы ауытқулар мен инвестициялардың жетіспеушілігі оны тежеп тұр. Қазір нарық үшін стратегияны әзірлеу және оны ресурстармен толықтыру аса қажет. Нарықта инвестициялық сұраныс бар екеніне қарамастан жергілікті ойыншылар әлі белсенді емес. Халықаралық ойыншылар болса санкциялар мен геосаяси негіздерге байланысты нақты қадамға бармай отыр»,– дейді ол.

Сарапшылар Қазақстанды бөліп-төлеу мен несиені аса көп рәсімдейтін ел деп атайды. Бұл өз кезегінде ел ішінде ерекше танымал Kaspi.kz қосымшасымен және басқа да банктер құрған қосымшалармен байланысты. Олар дәстүрлі интернет-дүкендерді біршама ығыстырып тастады. Жаңа интернет-ритейлер кем дегенде үш міндетті шеше алды. Онлайн физикалық тауарларды, несие мен бөліп-төлеуді сатты және жаңа клиенттер тартқан экожүйені құрды. Қазақстандық маркетплейстердің қысқа мерзім ішіндегі тиімді жұмысының арқасында елдегі қолма-қолсыз транзакция көлемі 12 есе өскен екен.

Қазір еліміздегі белсенді онлайн-сатып алушылар саны 4,9 млн адамға жетіп отыр.

«Орталық Азия нарығы әлемдегі ең жедел өсіп келе жатқан нарық болып саналады. Өсім қарқыны мен сатып алу қабілетінің әлеуеті алдағы үш жыл ішінде ірі инвесторлар мен трансшекаралық компаниялардың назарын аударып, олардың инфрақұрылымға инвестиция салуына жол ашады», – дейді CDEK Central Asia басшысы Петр Попов.

Пандемия, содан туындаған шектеулер электронды коммерцияның ерекше қарқынмен дамуына себеп болды. Алайда биыл сол қарқын өсімі төмендей бастады. Ендігі кезекте саланы тың тәсілмен дамыту үшін жаңа стратегиялық қадам жасалуы керек.

«Біздің қызметіміз жыл сайын органикалық түрде айтарлықтай өсуде, бұл жалпы электрондық сауда нарығының өсуінің және атап айтқанда пошта және курьерлік қызметтер көлемінің өсуінің көрінісі. Мұндай өсуді қамтамасыз ететін негізгі факторлардың ішінде мен пандемиядан кейінгі әсерді әлі де атап өтемін. Көптеген адамдар азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуға мәжбүр болған тәжірибе сенімсіздік сияқты кедергілерді жоюға көмектесті және басқа санаттарда онлайн сатып алу әдетіне айналды. Басқа маңызды факторлар – интернет пен смартфондардың қол жетімділігі және онлайн төлем инфрақұрылымын дамыту, қазір картамен төлем жасауды тіпті балалар да біледі. Жас аудитория тұрақты ұзақ мерзімді өсу үшін негіз жасайды. Көптеген пайдаланушылар онлайн сатып алуға тырысады және тәжірибенің артықшылықтарын сезіне алады, осылайша онлайн сатып алулардың қауіпсіздігіне деген сенімділік артады және олардың жиілігі артады. Нарықтағы бәсекелестік инновацияларды енгізуге және инвестициялар ағынына ықпал етеді», – дейді Қазақстандағы «Яндекс Жеткізу» жетекшісі Әлішер Тұңғышбаев.

Көптеген интернет-сатып алушының қалыптасқан тәртібі:

  • Ең бірінші кезекте Kaspi арқылы сатып алады;
  • Сатып алушылардың көбі ірі қалалардың, соның ішінде Алматы қаласының тұрғындары;
  • Сатып алуды смартфон арқылы жүзеге асырады;
  • Бөліп-төлегенде қымбат, ал артық төлем жасау бойынша арзан тауарларды сатып алады;
  • Постамат пен тапсыру нүктесін емес, курьер қызметін көбірек пайдаланады.

«Тұтынушылық дағдылар, әрине маркетплейстерге әмір жүргізеді. Клиенттердің 70 пайыздан астамы есік алдына дейін жеткізілетін сервисті құп көреді. Бірақ былтырмен салыстырғанда тапсыру нүктесі мен постамат арқылы жеткізіп беруді қолданатындар саны артты. Мұның себебі –  әзірге Қазақстан нарығында ешкім жедел жеткізіп беруді үйренбеген және адамдарға курьерді «күні бойы» күту әрдайым ыңғайлы бола бермейді. Сондықтан олар жақын жердегі беру пунктін немесе үйдегі немесе жұмыстағы постаматты таңдайды», – дейді Петр Попов.

Сарапшылар елдегі ең әлеуетті маркетплейстер ретінде Kaspi.kz, Wildberries және AliExpress-ті айтады. Бұл сайттар тауарлардың кең таңдауын қамтамасыз ете алуымен құнды болып тұр.

Дегенмен әлі дәстүрлі сауда-саттық дағдысын қолай көретіндер баршылық. Олар неліктен интернет арқылы сауда жасағысы келмейді.

Себептері:

  • Тауарды қолмен ұстап көруім керек;
  • Дүкенге барып сатып алған ыңғайлы: тез әрі оңай;
  • Сапасыз тауар сатып аламын ба деп немесе алаяққа кез боламын ба деп қауіптенемін;
  • Дүкен аралап сауда жасаған ұнайды;
  • Базар мен дүкенге барып сатып алу бұрыннан қалыптасқан әдет;
  • Жәй дүкенге қарағанда интернеттегі баға қымбат;
  • Маған онлайн сатып алуға болмайтын тауар керек;
  • Маған сатушының консультациясы қажет;
  • Интернет арқылы саудада таңдау жасау қиын;

Сонымен қатар сарапшылар онлайн сауда-саттық қарқынын инфрақұрылымдық түйткілдер тежеп тұрғанын айтады. Территорияның үлкендігі, соған сәйкес қалалар мен аудандардың бір-бірінен алшақ орналасуы логистикалық тұрғыда қиындықтар тудырып жатыр. Жол сапасы жақсы емес, бұл алыс аудандарға тауар жеткізуді қиындатады. Қалалар арасындағы шалғайлыққа байланысты тұтынушылар көп жағдайды әуе арқылы жеткізуге тапсырыс береді.

Басқа себептер:

  • Қыс айлары жеткізуді қиындатады. Электронды сатылымдардың басым бөлігі қыс маусымына сәйкес келетінін ескерсек, клиент көңілінен шығу тіпті күрделенеді;
  • Қалалардың бір-бірінен алыс орналасуы және экспресс-тапсырыс басымдығы ірі қалаларда тауарлық қор ұстауға мәжбүр етеді. Яғни, қойма саны көбеюі керек;
  • Қазақстанда тек А және В сыныбындағы ғана емес, кез келген типтегі қойманы табу өте қиын. Қоймалардың көбеюі бәсекелестіктің артуына жол ашады;
  • Логистикада Қазақстанның өзіндік технологиялық шешімдері жоқ. Шешімдердің көбі шетелдікі: оларда инвестиция, әзірлеушілер командасы, көптеген опциялар, өзіндік даму жолы бар. Бұл жергілікті IT-шешімдердің дамуын тежейді, оның есесіне дайын және дамыған шешімдерге ие болатын жергілікті логистердің дамуын жеделдетеді.

«Интернет-сауданың өсуі нәтижесінде логистика нарығында үлкен инвестициялық цикл болады. Шетелдік және жергілікті ойыншылар өздерінің логистикалық қуаттарын, соның ішінде қойма, магистралдық, қалааралық, қалаішілік инфрақұрылым мен тасымалдау желісін құратын болады. Біз үш сегментке басымдық береміз: жүк тасымалы, қалааралық және қалалық жеткізу on-demand», – дейді «inDrive жеткізу» қызметінің бас директоры Игорь Шиянов.

SPD Express компаниясының даму бойынша директоры Раушан Қашқымбаеваның айтуынша, елімізде логистика белсенді өсуде және курьерлік жеткізу қызметтерінің нарығы жыл сайын 30 пайызға артып келеді.

«Бұл, әрине, бірінші кезекте электронды коммерция нарығының өсуіне және елдегі маркетплейстердің дамуына байланысты. Жедел жеткізу курьерлік қызметтер саласындағы басты артықшылыққа айналды. Клиенттер тауарларға тапсырыс береді және оларды тезірек алғысы келеді, бұл компаниядан логистикалық процестерін оңтайландыруды және жаңа шешімдер табуды талап етеді. Сондай-ақ тауарды сатып алу және жеткізу пунктінде жеткізу қызметіне сұраныстың артуы байқалады. Бұл логистикалық нарық ойыншылары үшін өсуге ғана емес, сонымен қатар олардың қызметтерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін тамаша мүмкіндіктер», – дейді ол.

Алдағы уақытта цифрлық инфрақұрылымды дамыту және онлайн-платформалардың ыңғайлылығы Қазақстанда онлайн сауданы барған сайын тартымды ете түспек. Адамдар үйден шықпай-ақ көптеген тауар мен қызметті зерттеу мүмкіндігін бағалайды. Тауарларды іздеу мен салыстырудың ыңғайлылығы, сондай-ақ тапсырысты тез рәсімдеу және үйге немесе жақын жердегі беру пунктіне жеткізу мүмкіндігі қазақстандықтар үшін онлайн-шопингті тартымды ететіні атап өтіледі. Бұл үрдіс елдегі электронды коммерцияның дамуына ықпал ететіні сөзсіз.