Республикалық маңызы бар автожолдың 15 учаскесінде көлік қозғалысы шектелді
Еліміздің 6 облысында республикалық маңызы бар автожолдың 15 учаскесінде көлік қозғалысы шектелді. Бұл туралы kazAvtoJol хабарлады.
Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар автожолда 252 бірлік техника мен 429 жол қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
Ақмола облысында – 5 учаске, Жамбыл облысында – 1 учаске, Жетісу облысында – 1 учаске, Қарағанды облысында – 6 учаске, Павлодар облысында – 1 учаске, Ұлытау облысында – 1 учаске жабылып, қозғалыс шектелді.
Қолайсыз ауа райына байланысты автокөліктің барлық түрінің қозғалысы тоқтатылды.
«Астана-Петропавл» автожолындағы қазіргі ахуал жағдайдың қаншалықты күрделі әрі қиын екенін көрсетеді.
«2023 жылғы 30 желтоқсан «Астана-Петропавл» автожолының 18-234 шақырымы аралығында ауа райының қолайсыздығына байланысты козғалысқа шектеу енгізілді. Осыған қарамастан күндізгі уақытты пайдаланып және келе жатқан мерекені ескеріп акөліктердің тізбекпен жүруіне жағдай жасалып жатыр. Түнгі уақытта көлік қозғалысына шектеу енгізіледі. Түсіністік танытуларыңызды сұраймыз», – деп видеүндеу жолдады kazAvtoJol.
Қазгидромет синоптиктердің болжауынша, елдің басым бөлігінде күн жылымық болып, солтүстікте жел күшейіп, бұрқасын соғады.
«Өтіп бара жатқан жылдың соңғы күндерінде елдің басым бөлігінде күн жылымық болады. Атлантикалық аймақтардан соғатын кезекті циклон дымқыл қар мен жаңбыр әкеледі. Еріген жер қатып, көктайғақ болуы мүмкін. Сондай-ақ күн боран болып, жел күшейеді»,– делінген хабарламада.
Дегенмен, қолайсыз ауа райына байланысты Астана әуежайы жабылды, 27 рейс кейінге шегерілді Күн райының қолайсыз болуына байланысты Астана әуежайы жабылды. 30 желтоқсан сағат 09:00-12:00 аралығында Астана халықаралық әуежайының әуеайлағы жабық болады. Яғни жолаушыларға қызмет көрсетілмейді.
Әуежайдың Telegram каналында жарияланған видеода мәселенің мән-жайы былай баяндалады:
«Перонның жағдайы, 400 метрге жетпейтін қашықтық көрінбейді. Қатты жел, жылдамдығы 23 секундқа дейін жетеді. Бұл әуе кемелеріне қатып қалудан қорғайтын сұйықтық жағуға кедергі келтіреді».
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындарын қала сыртына шығудан бас тартуды және сақ болуға шақырады, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Айта кету керек, «Қазгидромет» РМК мәліметінше, 29-31 желтоқсан аралығында Астанада қалың қар жауып, жел күшейіп, бұрқасын күтіледі.
«Ауа райының күрт нашарлауына, атап айтқанда, бұрқасын, қар жаууы және желдің жылдамдығы 28 м/с жетуіне байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына қала сыртына шығудан бас тартуды және сақ болуға шақырады», -делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар министрлігі тарапы елорда тұрғындары мен қонақтарынан дауылды ескерту кезінде жолда сақ болу, қауіпсіздік ережелерін сақтау, ұзақ сапарға шықпау керектігі айтылды.Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалу ескертілді.