Апаттан-опат болған тағдырлар. Бір жылда екі рет аза тұтқан сәт-тарих қойнауына кетті
Жыл басынан бері елімізде 9 мыңнан астам өрт болды. Онда жарақаттанғандар саны 358, ал қаза болғандар саны 297 адамды құрады. Сондай-ақ 4 394 адам құтқарылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов айтты.
Биыл Қазақ елінің көк туы екі мәрте төмен түсірілді. Халық екі мәрте апаттан опат болған азаматтарын аза тұтты.
Біріншісі – Абай облысындағы өрт. 8 маусымда Абай облысында тұтанған өрт 60 мың гектарды шарпыды. «Семей орманы» резерватында өртті сөндіру кезінде Успенское орманшылығының 14 қызметкері қаза тапты.
Абай облысындағы орман өрті мен оның салдарынан 14 орманшының қайтыс болуына байланысты 12 маусым жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Екіншісі – Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтадағы жарылыс. 28 қазанда Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында жарылыс болды. Құтқарушылар жер астынан 205 кеншіні шығарды. Өкінішке қарай, шахтадан 46 кеншінің денесі табылды. 29 қазан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Енді осылардың әрқайсысын тарқатып айтсақ. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде сегіз жүзге жуық орман және дала өрті тіркеледі. Өткен жылы еліміздің орман қорында 751 өрт тіркелген, өрттен 167 мың гектар орман алқабы жойылды, экологияға келтірілген зиянды есепке алмағанда, тікелей материалдық залал 6 млрд теңгеден асты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша орман өрттерінің ең көп саны Шығыс Қазақстан (194 жағдай), Ақтөбе (123 жағдай), Павлодар (114 жағдай), Қостанай (100 жағдай) облыстарында тіркелді.
Қазақстанда жылдың басында алғашқы орман өрті «Семей орманы» табиғи қорығында орын алды.
Мамыр айында Ресейде тұтанған өрт «Семей орманы» табиғи қорығын шарпыды. 22 мамыр күні РФ Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында тұтанған өрт Абай облысы Бородулиха ауданындағы ауыл станциясынан 7 км қашықтықта «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағына өтіп, құрғақ шөп өртенген. Сондықтан Абай облысындағы өрттен 280-ге тарта адам ауылдарынан кетуге мәжбүр болды. Өрт салдарынан Абай облысында төтенше жағдай жарияланып, үш күн дегенде өрттің беті қайтты.
Абай облысы
Абай облысындағы алапат өрт, бірден 14 адамның өмірін қиған болатын. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ баспасөз қызметі Семейдегі орман өрті 8 маусым күні сағат 11: 23-те басталғанын хабарлады. «Семей орманы» резерватының жалпы аумағы 650 мың гектардан асады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Семей орманы» Абай облысының Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар және Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай аудандарының аумағын алып жатыр.
Президент Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты 2023 жылғы 12 маусымды Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы өкімге қол қойды. Ол қайтыс болған жандардың жақындарына көңіл айтып кешірім сұрады. Президент жанынан қор құрылып, қаралы отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп, өтемақы төленетінін мәлімдеді.
Орманшылар Мемлекет басшысының Жарлығымен Абай облысында орын алған төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін марапатталды. Ал Мемлекет басшысы ТЖМ жұмысын сынға алып, Абай облысының әкіміне сөгіс жариялады.
Естеріңізге сала кетсек, орман өртін сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар, Қорғаныс министрлігі мен ІІМ-нен 1500-ге жуық адам, 300-ден астам техника жұмылдырылды. Сондай-ақ өрт ошақтарына су төгу үшін су ағызу құрылғылары бар 12 тікұшақ және өрт аумағын аэровизуалды тексеруді жүзеге асыру үшін 2 тікұшақ тартылды. Өрт кезінде барлығы 1017 рет көлемі 3000 тоннадан астам су ағызылды.
Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді лауазымынан босатып, орнына ТЖМ қарасты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының бастығы қызметін атқарған Сырым Шәріпханов тағайындалды. Абай облысында 60 мың гектар алқапты жайпаған алапат өрт сәрсенбі 14 маусым күні кешке оқшауланған болатын. Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2023 жылы «Семей орманы» резерватына 6 млрд теңге бөлінгенін айтты. Сонымен қатар, оның сөзінше, қаржыны игермеу барлық салада тіркеліп жатыр.
Айта кететін жәйт, «Семей-Орманы» резерватының басшылары өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандығы анықталды.
Алапат өрттен кейін Шығыс Қазақстанда тағы да орман өрті тіркелді
18 маусымда «Катонқарағай ұлттық табиғи паркі» РММ Ақсу филиалының аумағында өрт тіркелді. Өртті сөндіруге ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері, орманшылар, жергілікті атқарушы органдардың және Қазавиаорманқорғаудың жеке құрамынан 123 адам, 3 бірлік техника және ШҚО әкімдігінің авиация бөлімшесінің 2 тікұшағы жұмылдырылған.
Сонымен қатар биыл аптап ыстықтан елімізде Астана маңындағы құрғақ шөп жанып, ал Іле-Балқаш резерватында қамыс өртенді. Шілде айында Баянауылдағы дала өртін сөндіруге жүзден астам адам жұмылдырылды. Өрт салдарынан 800 гектар жердегі құрғақ шөп жанды.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда соңғы уақытта орман өртінің жиілеп кетуіне ескі техника себеп екендігін алға артты.
«Биылғы жазда Семей орманында алапат өрт орын алғанын баршаңыз білесіздер. Орман саласының 15 қызметкері тілсіз жаудың құрбаны болды. Үлкен алқапта болған өрттің бірден бір себебі табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін техникамен қамтамасыз етудің төмен деңгейі, атап айтқанда 70% деңгейінде ғана қамтамасыз етілген. Ал қолданыстағы техниканың 60%-дан астамы есептен шығаруға жатады. Мысалы, Семей орманында 65 өрт сөндіру машинасының 30 машинасы 1971-2003 жылдар аралығында шығарылған (бірқатар модельдер өндірістен алынған). 1974 жылы шыққан ГАЗ-66, 1973 жылы шыққан Урал-375 және 1980 жылы шыққан ЗИЛ-131 экспонаттары пайдаланылып жүр», – деді министр.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өндірісте болған ең ірі апат
Биыл елімізді дүр сілкіндірген кезекті қайғылы оқиға Костенко шахтасында болған қорқынышты жайт. 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Көмір департаментіне қарасты Костенко атындағы шахтада өрт болды. Дәл сол кезде кеніште 252 адам кен қазып жатқан болатын. Жарылыс болған кезде 205-і жер бетіне шығарылды, 46 кенші мерт болды.
Жарылыстан кейін Мемлекет басшысы оқиға орнына барды. Ол кеншілердің туыстарымен кездесіп, жедел штаб отырысын өткізді. Отырыс барысында қаза тапқан кеншілердің отбасыларына материалдық көмек көрсетілетіні жөнінде, апатқа кінәлілерді жазаға тарту және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстан үкіметінің иелігіне қайтару жөнінде айтылды.
«Мен мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр», – деді Мемлекет басшысы.
Президент 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Еліміздің барлық аумағында мемлекеттік тулар төмен түсірілді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев апаттың мән-жайын анықтап, кеншілерді құтқару үшін және зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына шұғыл көмек көрсету жөнінде қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді. Президент сондай-ақ ертеңгі күнді, яғни 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялайтынын айтты», – делінген хабарламада.
Бас прокуратура «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының шахтасында орын алған апатты тергеудің алдын ала нәтижесін жариялады. Нәтижесінде Костенко шахтасының басшылығы мен инженерлерінен 7 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына сәйкес, күдіктілер Қарағанды облысындағы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айта кетейік, 8 желтоқсанда Үкіметте өткен жиында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Ол жаңа инвестор Allur автоконцерні директорлар кеңесінің басшысы және акционері Андрей Лаврентьев екенін айтты. ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа инвесторы Андрей Лаврентьев жаңа компания құрып, мәмілеге қажетті қаражатты AIX биржасында тартты. «АрселорМиттал Теміртау» активтері 286 млн долларға сатып алынды. Қарағанды металлургиялық комбинатының жаңа иесіне қатаң талап қойылған болатын.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атауы ресми түрде «Qarmet» болып өзгерді. Компанияны Вадим Басин басқарады. Вадим Басин маусымда «Казахстанская» кенішіндегі апатты жою жөніндегі штабты басқарды. Бұған дейін шенеунік «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да 18 жыл жұмыс істеп, компанияда атқарушы директор лауазымына дейін көтерілген.
«Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады», – деді президент.
Qarmet-тің жаңа басшылығы «АрселорМитталТеміртау» бұрынғы инвесторының қарыздарын өтеді. Сондықтан кеншілер медициналық сақтандыру мен зейнетақы жарналарымен қамтылды.