Жаңалықтар

Мұнай нарығы: бір жылда қанша тонна мұнай өндірілді, алдағы жылы жағдай қалай болмақ?

архив kursiv.media

Жалпы, өтіп бара жатқан жыл еліміздің мұнай нарығы үшін аумалы-төкпелі болды. Алдын ала жасалған болжам бойынша, биыл 90,5 млн тонна мұнай өндірілуге тиіс еді. Алайда жоспар жүзеге аспады.

26 желтоқсанда Сенат отырысынан кейінгі кулуарда Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов журналистерге мұнай өндіру жоспары орындалмайтынын мәлімдеді.

«Биыл 90 млн тонна мұнай өндіреміз деп отырмыз. 2024 жылы да 90 млн тонна мұнай өндіріледі деген жоспар бар», – деді Энергетика вице-министрі.

Негізі 2023 жылы 90,5 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған. Ауытқуға кен орындарындағы түрлі жағдай себеп болды. Мысалы 8 тамызда электр қуатының шектелуіне байланысты мұнайдың тәуліктік өндірісі 228 мың тоннаға дейін төмендеді.

«Теңізшевройлда», «Маңғыстаумұнайгазда», «Ембімұнайгазда», «Өзенмұнайгазда» және «Қаражанбасмұнайда» мұнай өндіру көлемі қысқарды. 3 шілдеде МАЭК-тегі апат салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өндіріс пен «ҚазМұнайГаздың» бірнеше кен орындарында мұнай өндіру тоқтады. 3-14 шілде аралығында Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысында ішінара іркіліс пайда болды.

Елімізде мұнай өндіру көлемі шамамен 10%-ға қысқарды. Бұған Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) апат тікелей әсер етті. Электр қуатының шектелуіне байланысты Қазақстанда мұнай өндіру көлемі тәулігіне 1,5-2 млн тоннаға төмендеді.

11 тамызда МАЭК-2 ЖЭО-да 2 турбоагрегат сөндірілді. Салдарынан Атырау энергетика орталығында 45 МВт, Маңғыстау энергетика орталығында 98 МВт тоқ тұтынушыға жетпей қалды. Бірқатар елдімекендерде электр жарығын беру жартылай шектелді. Оқиғаға орай құрылған жедел штаб желдеткіш арқылы электр энергиясын беруге уақытша шектеу енгізу туралы шешім қабылдады.

Сарапшылардың есебінше, МАЭК-те болған апатты жағдайдың салдарынан бюджетке түсуге тиіс болған салықты қоса алғанда 1 млрд доллардан астам шығын келді.

Мұнай өндіру көлемі 105,5 млн тоннаға жеткізіледі

Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновтің айтуынша, 2024 жылы 73-75 млн тонна мұнай экспортқа шығарылады. Қалған 17-18 млн тонна мұнай ішкі нарыққа бағытталады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік баланста көмірсутектің 15,5 млрд тонна геологиялық қоры бар. Өндіріліп жатқан мұнай қоры 4,4 млрд тоннаны құрайды. Жыл сайын 100 млн тонна мұнай өндірілсе, бұл қор 40-45 жылға жетеді.

«Бұл 45 жылдан соң мұнай қоры таусылады дегенді білдірмейді. Өйткені жыл сайын жаңа кен орындары барланады. Яғни қор көлемі артуы мүмкін», – деді Асхат Хасенов.

Айта кетейік, Қазақстан 2027 жылы 105,5 млн тонна мұнай өндіруді көздеп отыр. Бұл туралы Үкіметтің 2023-2027 жылдарға арналған мұнай-газ және мұнай-газ химия жобасының кешенді жоспарында жазылған.

Мұнай өндірудің тәуліктік көлемі 254 мың тоннаға төмендеді

Биыл мұнай нарығының ойыншыларын Қазақстанның мұнай өндірісін қысқартуға мәжбүр болғаны туралы ақпарат елең еткізді.

Энергетика министрлігі мұнай өндірудің тәуліктік көлемі 3,6%-ға, яғни 254 мың тоннаға төмендегенін хабарлады.

«Каспий құбыр консорциумы терминалы аймағындағы ауа райының қолайсыздығы «қара алтын» тасымалын шектеді. Салдарынан Қазақстан мұнай өндірісін қысқарту туралы шешім қабылдады», – деп түсіндірді салалық ведомства.

Айта кетейік, 2001 жылдан бері Қазақстан Каспий құбыр консорциумы арқылы 860 млн тоннадан астам мұнай экспорттады. 2024 жылы бұл көрсеткішті 80 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

28 желтоқсанда Каспий құбыр консорциумы жұмысын қалпына келтіргені белгілі болды.

«2023 жылы 22-26 желтоқсан аралығында КҚК теңіз терминалында ауа райы жағдайлары байланысты (қатты жел мен толқындардың көтерілуі) мұнай тасымалдау толығымен тоқтатылды, танкерлер күту аймақтарына өтті. Жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау үшін теңіз терминалының резервуарлық паркі ашылды. 25-28 желтоқсан аралығында Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры арқылы тасымалдалуы тиіс мұнайды сақтауға арналған барлық резервуарлар толып қалып, қабылдау тоқтатылды», – делінді хабарламада.

Ауа райы жақсарғаннан кейін теңіз терминалы жұмысын қайта бастап 218 мың тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік берген. 28 желтоқсанда мұнайды жөнелту жұмысы толығымен қайта іске қосылған.

«Өзенмұнайгаздың» 2 кен орны рентабельдігі төмен санатқа қосылды

Осыдан 2 күн бұрын Үкімет қаулысы бойынша «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты 2 мұнай кен орнында салық ставкасы 5 есе төмендетілетіні жарияланды. Бұған ұлттық компанияның еншілес кәсіпорны «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты «Өзен» және «Қарамандыбас» кен орындарындағы мұнайды су басуы себеп болды.

«Өзенде» мұнайды су басу деңгейі – 89,3%-ға, «Қарамандыбаста» – 86,8%-ға жетті», – деп жазылды Үкімет қаулысының жобасына салыстырма кестеде.

Қашағанда мұнай өндірісі тоқтаған жоқ

Өтіп бара жатқан жылда Қашағанда 1 қарашадан бастап өндіріс толығымен тоқтауы мүмкін деген қауесет тарады. Кursiv.media NCOC пен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің сауал жолдап, қос тараптың ресми жауабын жариялады.

NCOC та, Экология және табиғи ресурстар министрлігі де Қашағанда 1 қарашада өндіріс тоқтамайтынын мәлімдеді.

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қашағанда 1 қарашадан бастап өндіріс тоқтай ма деген сұраққа Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те жауап берді.

«Бірнеше аспект бар. Энергетика министрлігі мен консорциум (NCOС) арасында жалғасып жатқан дау экологиялық шығарындыларға қатысты емес. Бұл – мердігердің өнімді бөлу және шығындыларды есепке алу туралы келісімнің шарттарын орындауына байланысты таза коммерциялық дау. Сан мәрте пікір білдірдім. Ол жерде шым-шытырық процесс жүріп жатыр. Алдын ала нәтижесі белгілі бола салысымен көпшілікке ақпарат береміз», – деді министр журналистерге.

Алмасадам Сәтқалиев министрлік пен консорциум арасындағы келіспеушілік Қашаған кен орнындағы күкірттің көлеміне қатысты туындап жатқанын еске салды.

«Соттардың тиісті шешімі бар. Кен орнындағы жұмыстың тоқтауына алып келетін ешқандай фактор жоқ. Оның үстіне мемлекеттік органдар тарапынан жұмысқа кедергі көріп тұрған жоқпын», – деді Энергетика министрі.

Бұған дейін Bloomberg: «ҚР Экология министрлігі North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясын өндірістік нысанда рұқсат етілген шамадан екі еседен көп күкірт сақтағаны үшін айыптап отыр», – деп жазды. Ал NCOC консорциумы экологтардың 2,3 трлн теңге айыппұлын сот арқылы даулады.

Энергетика министрі Қазақстан Қарашығанақ пен Қашаған мұнай-газ кен орындарының операторлары – KPO мен NCOC компанияларын сотқа бергенде, пайда табуды көздемегенін мәлімдеді.

«Бұл дау қандай да мақсатты көздегеннен туындаған жоқ. Бұл жер қойнауын пайдалану туралы келісімге қатысушы тараптар арасындағы қазіргі қалыпты қарым-қатынас процесі, басқа ештеңе де емес», – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Біршама уақыттан соң сот NCOC-тің шағымын ішінара қанағаттандырды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі шешіммен келіспеді.

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры мен департамент директоры соттталды

2023 жылы мұнай саласында жұмыс істеген азаматтарға қатысты сот болды. Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай мен сатып алу департаментінің директоры Қанат Сейдуалиевке қатысты қылмыстық іс қайта қаралды.

Сот алқасының шешімімен Шухрат Данбай мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылып, 4 жыл 6 айға сотталды. Қанат Сейдуалиев мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылып, 3 жыл 6 айға қамалды.

Қайрат Боранбаев үлесіне ортақтасқан компания 70 млн теңге айыппұл төледі

Маңғыстау облысының прокуратурасы Н.Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа қатысы бар Phystech II мұнай компаниясына мемлекет алдындағы міндеттемесін орындамағаны үшін айыппұл салды. Кәсіпорын мемлекетке келтірген 1,2 млрд теңге залалды өтеп, 70 млн теңге айыппұл төледі.

Қайрат Боранбаев «Қазтурборемонт» холдингтік компаниясы» ЖШС-ға иелік еткен. Осы компания арқылы Phystech II мұнай компаниясының үлесіне ортақтасқан.

Мұнай бағасының антирекорды тіркелді

2023 жылғы 5 қазанда мұнай бағасы антирекорд орнатты.
Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнай баррелінің құны бір күнде 5,11 долларға арзандады. Бұл кейінгі 14 айдағы ең нашар көрсеткіш болды.

2024 жылы Brent маркалы мұнайдың баррелі қанша болады?

Әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs болжамынша, 2024 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне $70-90 шамасында болады. JPMorgan инвестициялық банкі орта есеппен мұнайдың бағасы барреліне $83 құрайды деп отыр. Америкалық Morgan Stanley инвестициялық банкі мұнайдың бағасы барреліне $85 десе, Bank of America $90 болады деп болжауда.

Қоғамда «мұнайдың бағасы мен доллардың бағамын болжауға болмайды» деген пікір бар. Біз осы ой дұрыс деп санаймыз және Ұлттық экономика министрлігінің келесі жылы мұнайдың бағасы барреліне $80 болады деген базалық сценарий іске асқанын қалаймыз.