Астана халықаралық әуежайы жағдай тұрақталғанын хабарлады
Қолайсыз ауа райы салдарынан 30 желтоқсан күні жұмысы шектеліп, бірқатар рейстер тоқтауына мәжбүр болғанын хабарлаған Астана халықаралық әуе жайының жұмысы жексенбі күні қайта жанданды. Бұл туралы айлақтың баспасөз қызметі хабарлады.
Ақпаратқа сәйкес, әуеайлақта желдің жылдамдығы 5 м/с, тығыздалған қар, ауа температурасы – 4. Әуежайдағы ұшу-қону кестесі тұрақталып келеді.
«Түнгі 00:01-ден қазіргі сәтке дейін әуежай 29 рейсті қабылдаса, 41 рейс ұшып кетті. Олардың арасында 30 желтоқсан күні ұшуы қажет болған KC7377 Астана-Ақтау, IQ399 Астана-Ақтөбе, IQ367 Астана-Қостанай, DV744 Астана-Алматы, KC957 Астана-Алматы, SU 1963 Астана-Мәскеу, DV741 Астана-Ақтау, DV736 Астана-Шымкент бағытындағы рейстер бар», – делінген хабарламада.
31 желтоқсандағы 13 рейс алдын ала кейінге қалдырылды. Сондай-ақ Астана халықаралық әуежайынан 1 қаңтарға дейін 105 рейс ұшады және 101 рейс қонады деп жоспарланған.
«Қазір біздің әуеайлақта ұшып-қону үшін қолайлы ауа райы орнады. Алайда ауа райы бірден өзгеруі мүмкін. Әуеайлақта қазір 21 техника жұмыс істеп жатыр. Ұшу-қону жолағын қардан тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Елорда әуежайының қызметкерлері мереке күндері күшейтілген режимде қызмет істеп жатыр. Біз қазақстандықтардың жаңа жылды жақындарының жанында қарсы алғанын қалаймыз. Сондықтан қолайлы ауа райын пайдаланып, кешегі кешіккен рейстерді бүгін толықтай орындауға бар күшімізді салып жатырмыз», – деді Terminals Astana Airport Management LLP бас директоры Юсуф Альжаудер.
Еске сала кетейік, 30 желтоқсан күні сағат 09:00-12:00 аралығында Астана халықаралық әуежайының әуеайлағы жабық болды. Әуежайдың Telegram каналында жарияланған видеода мәселенің мән-жайы былай баяндалады:
«Перонның жағдайы, 400 метрге жетпейтін қашықтық көрінбейді. Қатты жел, жылдамдығы 23 секундқа дейін жетеді. Бұл әуе кемелеріне қатып қалудан қорғайтын сұйықтық жағуға кедергі келтіреді».
Атап өтейік, күн жақсармаса, әуеайлағының жабық болу уақыты ұзартылуы мүмкін екені де хабарланған еді. Кursiv.media тілшісіне берген ресми жауабында Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі Тойгүл Нұржанқызы:
«Астана қаласындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана халықаралық әуежайының әуеайлағына шектеу енгізілді. Қазір ұшып келетін рейстер қабылданбай жатыр. Өйткені әуеайлағында желдің жылдамдығы 16 метр секундтан 23 метр секундқа дейін жетіп тұр. Ұшақ қауіпсіз ұшу үшін желдің жылдамдығы максимум 15 метр секундқа ғана жетуі керек. Ұшақтарға қарға, мұзға қарсы сұйықтық жағылады. Желдің жылдамдығы қатты болғандықтан, тазалау жүйесі ешқандай әсер бермей тұр. Сондықтан ұшақтар ұша алмай жатыр. Осыған байланысты әуежайдағы ұшу алаңдары бос емес. Қатты жел мен боранның салдарынан ұшып келетін рейстерде кешігу болып жатыр», – деді.
29 желтоқсанда Алматыдан Астанаға ұшып барған SCAT ұшағы әуежайға қона алмай кері қайтқанын жазған болатынбыз.
Ал Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана әуежайынан 12 рейс ұша алмай, 19 рейстің келуі уақыты кешігіп жатқанын хабарлап, тізімін жариялады.